astana-view

Монополистердің астамшылығы шектен шықты

2016 жылғы 20 Мамыр
- Қарағанды облысы
8047 просмотров

Қарағанды облысында 2015 жыл тұтастай түрлі монополистермен арадағы дау-дамаймен, тексерулермен өтті 

Облыстың барлық дерлік өңірлерінің кәсіпкерлері қызмет көрсетушілердің тарифтеріне әрдайым наразылық білдіріп келгенімен, коммуналдық игіліктерге қойылған жоғары бағалармен күресте тек өткен жылы ғана біріге бастады. Өйткені, бұл – олардың өз тауарлары мен қызметтерінің құнын көтеруге мәжбүрлейтін негізгі фактор екенін айқын ұғынды. Қарағандылық сарапшылардың есептеулері бойынша, жергілікті өнімдердің өзіндік құнында жоғары тарифтердің үлесі 40%-ға дейін жетеді екен.

Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасының Энергетика және ТКШ комитеті жанындағы сараптамалық комиссия өткен жылы құрылған болатын – себебі жағдайды талдауға сұранатын көптеген істер, материалдар мен құжаттар жиналып қалды.

Комитеттің төрағасы Серік Төрегелдин өңірлік кеңесті жұмыс нәтижелерімен таныстырды. Оның айтуынша, жұмыстың орасан зор бөлігі атқарылған.

«Бірінші – алдыңғы жылы біз коммуналдық қызметтер үшін алдын ала төлем төлеуді жоюға қол жеткіздік, монополистер мен кәсіпкерлер арасындағы барлық келісімшарттар қайта жасалды, енді көрсетілген қызметтер нақты дерек бойынша төленеді. Екінші – Приозерск кәсіпкерлері екі жыл бойы түрлі органдарға монополистің үстінен шағым түсіріп келді. Біз үш жыл бойы тұрғындар мен кәсіпкерлерден делдалдықты сылтауратып, 70 млн теңгеден астам соманы сыпырып келген «Биллинг» компаниясын анықтадық.  Бұл компания енді жоқ. Үшінші – жылу энергетиктерінің Сарань қаласы әкімімен арасындағы оқиға, мұнда орталық қазандықты салуға 5 млрд теңге бөлінген. Он сегіз жеке қазандыққа жаңа орталық қазандықтың іске қосылатыны, жекеменшіктер жұмыс істемейтіндігі хабарланған. Алайда құрылыс аяқталмай қалған, сөйтіп қала өткен жылыту маусымында жылусыз қалуға шақ қалды. Құрылыс мәселесі бойынша прокуратура іс қозғады, себебі 5 млрд теңгенің бір бөлігі із-түзсіз жоғалды. Ақыры  жеке қазандықтардың күшімен Сарань қаласының тұрғындары жылумен қамтамасыз етілді», – деді ол.

Бизнестің Жезқазған, Шахтинск, сондай-ақ облыстың бес ауданының монополистерімен өзара қарым-қатынасы күрделі болып тұр – іс сот қарауында жатыр. Дегенмен, кәсіпкерлердің көңіл-күйі жақсы, бірінші инстанциялар әзірге істі талапкерлердің пайдасына шешуде.

Ал, облыс орталығының кәсіпкерлерін Қарағанды қоғамдық кеңесі мүшелерінің мәліметтері айран-асыр етті. Қалалық кеңес құрамындағы өңірлік кеңестің мүшесі Николай Абтың айтуынша, қала белсенділерінің өткен отырысында «Қарағанды су» жөнінде прокуратураға хат жазу туралы шешім қабылданған. 

«2013 жылы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұйрығымен қабылданған, жеке және заңды тұлғалар үшін есептеу әдістемесі бар. Тарифтер өзге емес, тек осы әдістеме бойынша есептелуі міндетті. Біздің есебіміз бойынша, монополистің бекітілген әдістеме бойынша есептемеуі салдарынан тек бюджеттік ұйымдардың өзі  3 жылда 1,8 млрд теңге артық төлеген. Бұл – бюджет қаражатын жасырын ұрлау!», – деп мәлімдеді ол.

Кәсіпкерлер де артық ақшаны аз төлемепті, бірақ олардың шығындары бөлек есептеледі, өйткені олардың саны 30 000-ға жуық. Н.Абттың ақпараты бойынша, бизнеске арналған тариф бір  текше метріне 110 теңгені құраған, ал іс жүзінде ол орташа 446 теңгеден төлеген.  

«Монополист суды 400 шақырымнан тартатынын айтты. Шын мәнінде суды «Ертіс-канал» тартады, және де ол «Қарағанды су» ЖШС-на суды текше метріне 25 теңгеден сатады. Қатардағы тұрғындар да артық төлеп келген», – деді бизнесмен.

Отырысқа қатысушылар қарағандылық сумен қамту компаниясын басқаратын бас компания – «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС-нің саяси ерік-жігерінсіз бұл проблеманың аяғына жету мүмкін емес деген түйінге келді. Таяу уақытта өңірлік кеңес мүшелері «ҚКЖ» басшыларымен кездесуге ниетті.

Сондай-ақ, қарағандылық палата жанындағы тариф қалыптастыру жөніндегі сараптамалық комиссияны құқықтық жағынан күшейту қажеттігі анық болды. Серік Төрегелдиннің айтқанындай, монополистер өздерінің құқықтық артықшылықтарының арқасында ұзақ уақыт бойы жауапкершіліктен жалтарып келді.

«Біздің комиссияның қолындағы құжаттарға сәйкес анықталғандай,  монополистердің біреуі бір жұмыс күні 1 100 000 теңге тұратын заң  фирмасына көрсеткен қызметі үшін ақы төлеп келген.  Осыншама шығын шығаруға шамасы жететіндей олардың кірісі қаншалықты көп екендігін ойлап көріңіздерші», – деді Энергетика және ТКШ комитетінің төрағасы.

Өзі құрылғалы бергі уақыт ішінде комитет 40-тан астам мәселе көтергенін айта кету қажет, олардың жартысы кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. Еуразиялық кәсіпкерлер қауымдастығының пікірі бойынша, Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы Энергетика және ТКШ комитеті нәтижелілігі жағынан еліміздің ең үздік комитетінің бестігіне кіреді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер