astana-view

Виктор Христенко: «Іскерлік кеңеске келіп түскен барлық бастамалар мұқият қарастырылады»

2016 жылғы 24 Мамыр
2517 просмотров

ЕАЭО Іскерлік кеңесінің президенті қызметіне Виктор Христенко сайланды

Ол әріптестеріне мұндай жоғары сенімдері үшін алғыс білдіре отырып, Еуразия кеңістігіндегі ықпалдастық үрдістеріне саналы ғұмырының 20 жылын арнағанын және бұл бағыттағы жұмысын жалғастыратынын атап өтті.

ЕАЭО аясындағы ықпалдастық шаралары соңғы жылдары жандана түскен.  Одаққа мүше мемлекет басшыларының тікелей қолдауымен құзырлы орындар белсенді әрекет етуде. Дегенмен де, одақтың әлі  толық кәдеге жарамаған мол әлеует қоры бар. ЕАЭО аясындағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету үшін кейбір кемшіліктерді жойып, қолдағы мүмкіндікті барынша пайдаланған жөн.

«Ықпалдастық бастамалары болмаса, әлемдік экономикада қалыптасқан ахуалдың салдары одан сайын ауыр тиетіні анық еді. Қазірде аяқтан шалып жатқан түйткілдерді Одаққа дейін шешіліп үлгермеген олқылықтар деп санаймын. Әр елдің бизнес саласындағы келісілмеген мәселелер айрықша назар аударуды қажет етеді. Шағын және орта бизнес, кедендік рәсімдеу, техникалық реттеу сынды сезімтал, егжей-тегжейлі сүзгіден өткізуді талап ететін бизнес бағыттары көп. Бұған қоса, билік тарапынан әкімшілік етудің тиімсіз жүргізілуі сияқты кедергілер бар. Бұл қомақты жұмыс көлемінің алғашқы бөлігі ғана. Іскерлік кеңес осы орайда ұстанымдарды ортақ арнада шоғырландырып, заңнаманы жетілдіруге мүмкіндік туғызуда. Сондықтан уақытылы құрылған Іскерлік кеңестегі жұмысқа зор қызығушылықпен кіріспекпін», - деді Виктор Христенко.

Іскерлік кеңес алдағы уақытта өзекті сұхбат алаңы ретінде жаңаша қарқында жұмысын өрбітпек. Бұл жерге келіп түскен бастамалар мұқият қарастырылып, жан-жақты талқыланатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер