astana-view

Нұржан Әлтаев: «Ғылым өндіріске жұмыс істеуі керек»

2016 жылғы 25 Мамыр
2904 просмотров

Басты мақсат - ғылым мен кәсіпорындар арасында табысты байланыс орнату

Отандық ғалымдар елдегі нақты бизнес бағыттарына қажет жаңалықтар ашуға тиіс, ал сәйкес тарап оларды кәдеге жарата білуі керек. Бұл туралы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Тель-Авив университеті басшылығымен кездесуде мәлім етті.

Нұржан Әлтаев Израиль мемлекетінің іскерлік шаһарынан Астанаға алғаш рет ат шалдырған делегация құрамына «қош келдіңіздер» деп әңгімесін бастап, қадірлі қонақтарды «Атамекен» ҰКП қызметімен таныстырып өтті.

«Ұлттық палата қатарымыздағы 1,5 миллион кәсіпкердің басын біріктіріп, құқығы мен мүддесін қорғаумен айналысады. Негізгі міндетіміз - Үкіметпен және мемлекеттік мекемелермен ынтымақтастық барысында кәсіп иелерінің атынан сөйлеп, мұң-тілегін жеткізу, заң шығару жұмысына атсалысу, кәсіпкерлерді сыртқы нарықта қолдау болып саналады», - деді ҰКП Төрағасының орынбасары.

Тель-Авив университетінің президенті, профессор Иосеф Клафтер Қазақстанға сапарының мақсаты да сол, екі жақтың өзара қарым-қатынасының сан қырын қарастырып, талқылау екенін атап өтті.

«Кәсіпкерлікті өз алдына жеке жүйе ретінде жан-жақты зерделеп, жаңадан тың тәжірибе жинаудамыз. Израильдің жеткілікті дәрежеде дамыған инновациялық кластері бар. Зияткерлік құқықты қорғауға да айрықша назар аударып жатырмыз. Сондықтан сіздерге де ұсынарымыз баршылық деп ойлаймын. Ғалымдарымыздың стартаптарын трансферттік технология кеңсесі коммерцияландырумен шұғылданады. Мүмкіндікті пайдаланып, бізге бет бұрсаңыздар, есігіміз ашық. Арнайы тұсаукесер бағдарламаларымыз әзір. Әр салаға бөлек көңіл бөліп, жіктей отырып, салмақтауға болады. Бизнес мектебімізге 20 топ бойынша Қытай мен Үндістаннан, Еуропа мен Америкадан, өзге де әлем елдерінен көптеген мамандар бас сұғып, тыныс-тіршілігін байыптап үлгерді», – деп болашақ әріптестік көкжиектерімен бөлісті Иосеф Клафтер.

Оған Нұржан Әлтаев міндетті түрде аталған іргелі оқу орнында болып қайтуға тырысатынын, өзін бірқатар іскерлік салалардағы израильдік тың жаңалықтары қызықтыратынын жеткізді.

«Өкінішке орай, елімізде ғылым мен кәсіпорындар арасында байланыс инфрақұрылымы қатты ақсауда. Мәселен, ғалымдардың тым асқақ жаңалықтары кәсіпкердің күнделікті ісінде бірден қолданысқа еніп кететіні күмәнді. Түпкі көздеген межеміз, Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақ ауқымында бәсекелестік күшейген жағдайда, ғылымның өндіріске жұмыс істеуі. Бұл тұста Палатада кәсіпкерлердің ғылымның алдына қоятын міндеттерін жинақтайтын орталық жасақтау жоспарлануда. Өнімділікті көтеріп, шығынды азайтатын, кірісті көбейтетін тың өнім болмаса, іскер жан оған салқын қарайтыны анық. Ал өткен жылдың басында Скандинавия елдеріне барғанымда, ғылымның кәсіпорындар тапсырысы аясында әрекет ететінін аңғардым. Сіздерде бұл жағы қалай екен?», - деп сұрады Н.Әлтаев.

Иосеф Клафтер Израильде білім беру мен бизнес салаларына бірдей қолдау көрсетілетінін, тығыз байланыс орнағанын және де индустриялдық сервис өкілдеріне арнайы гранттар тағайындалатынын баяндады. Студенттерге де келешек жұмыс орны қол ұшын созады.   

Мазмұнды пікір алмасуға «Атамекен» ҰКП Адам капиталын дамыту департаментінің директоры Олжас Ордабаев та қосылып, жұмыс берушілерді ең бастысы кадр даярлау сапасы алаңдатынын, осы орайда шешімін табу қажет біраз дүние қордаланғанын мәлім етті. Бұл ретте табысты кәсіпкерлердің мол шоғыры шыққан Израильдің білім беру тәсілі терең зерттеуді қажет етіп тұрғаны даусыз.   

Шара соңында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев кездесуді ынтымақтастықты өркендетудегі маңызды қадам ретінде бағалап, тельавивтік меймандарға естелік сыйлықтар табыс етті.

Израильдегі ең ірі классикалық Тель-Авив университетінің негізі 1956 жылы қаланған. 25 мыңнан астам студентке медицина, химия, биология, физика, әлеуметтік, заңгерлік пәндер оқытылуда. Еске салар болсақ, былтыр Қазақстанда Тель-Авив университетінің достары қауымдастығы құрылған.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер