astana-view

Міндеттеменің аты – міндеттеме, ол заң жүзінде орындалуы тиіс

2016 жылғы 13 Маусым
8569 просмотров

Бұл туралы Мәскеуде өткен Бүкілресейлік бизнесмендер конференциясында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов мәлімдеді

Қазақстанның бизнес-омбудсмені аталған форумға ресейлік әріптесі Борис Титовтың шақыруымен қатысты.

Болат Палымбетов конференцияда жасаған баяндамасында атап өткендей, екі елдің де бизнесі үшін қолайлы жағдай жасау қажет. ҚР бизнес-омбудсмені қазақстандық кәсіпкерлердің ресейлік контрагенттерге шағымына назар аудартты. Оның пікірінше, осыған байланысты ресейлік уәкілетті органдар тарапынан көмек қажет. Б.Палымбетов атап өткендей, өз кезегінде Қазақстанда уәкілетті органдардың ресейлік кәсіпкерлердің арыздарына жауап беру тәжірибесі қалыптасқан.

«Міндеттеменің аты – міндеттеме және заң жүзінде орындалуы тиіс. Біз ресейлік кәсіпкерлердің барлық арыздарын қараймыз. Қазақстандық контрагенттермен байланысып, барлық қажетті мәліметтерді дер кезінде береміз», – деп мәлімдеді Болат Палымбетов. Оның айтуынша, дұрыс экономикалық қатынастардың кепілі – бизнестегі адалдық деген сенімге сәйкес, қазақстандық тарап бұдан ары қарай да Ресей кәсіпкерлеріне қажетті қолдау көрсетуге дайын.

Болат Палымбетовтің айтуынша, бизнес-омбудсменнің басты мақсаттарының бірі – шет мемлекетте ауыр жағдайға тап болған қазақстандық кәсіпкерлерге көмек көрсету. Шетелдік әріптестер тарапынан орын алатын басты түйіткілдер тауар жеткізумен, қаржылық міндеттемелермен байланысты. Шетелде жұмыс істейтін бизнесмен көмек сұрап қайда бару қажеттігін білетіндей жағдай жасау қажет.

«Бизнесмендердің оларға қажетті қолдау танытатын институттар бар екенін білулері қажет. Біздің бүгінгі кездесуіміздің басты мақсаты да осы. Қазақстандық бизнесмендер шет елде құқықтары бұзылған жағдайда, шетелдік органдар тарапынан қандай кедергіге тап болса да, біздің тарапымыздан қажетті қолдауға қол жеткізе алатынына сенімді болулары қажет», – деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.

Қазақстандық тараптың ұсынысымен конференцияда меморандумға қол қойылды. Ондағы мақсат – екі ел аумағында бизнес үшін қолайлы жағдайды қолдауға қатысты қол жеткізілген келісім негізінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдердің бұдан кейін де әріптестік орнатуы.

РФ бизнес-омбудсмені Борис Титов кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдер арасындағы әріптестік мемлекеттік те, өңірлік те деңгейде құрылатындығына сендірді. «Біздің әріптестігіміз меморандумға қол қоюдан басталғандығы айрықша мәнді. Ресей мен Қазақстандағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды екі омбудсменнің жүзеге асырып отырғандығы көп кездесе бермейтін жағдай», – деді Б.Титов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер