astana-view

Жедел жауаптың бизнес үшін маңызы зор

2016 жылғы 15 Маусым
6925 просмотров

Мейрам Пішембаев кәсіпкерлердің мемлекеттік органдарға қатысты жазған арыздары мен өтініштерін қаралуын талдап шығуды ұсынды

«Нұр Отан» партиясы жанындағы Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық кеңестің басшысы Мейрам Пішембаев Бас прокуратурадағы  форум барысында мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылындағы бірнеше көкейтесті мәселелерді атап айтты және оларды шешу шараларын ұсынды.

«2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кәсіпкерлік кодекстің 83 бабы рұқсаттық жүйе саласында да, мемлекеттік бақылау өрісінде де реттеуші құралдарды регламенттейді. Сонымен бірге тәжірибе көрсеткеніндей, аталмыш нормаларды жүзеге асыруды мемлекеттік органдар дұрыс атқармайды, не болмаса бұрмалап іске асырады, көбіне немқұрайды сипатта болады», – деді ол.

Пішембаев мемлекеттік органдардың енгізілетін бастамаларға реттеуші әсерін талдау  (РӘТ) бұдан былай олардың тиімділігін қадағалауға мүмкіндік береді деп атап айтты. «Біз сондықтан Ұлттық кәсіпкерлер  палатасымен, Бас прокуратурамен бірлесіп, тұрақты негізде жеке кәсіпкерлікке қатысты реттеуші құралдарды мемлекеттік органдардың  жүргізу заңдылығына баға беруді енгізуді ұсынамыз. Тіпті қажет болса, бұл үшін салалар бойынша жеке топтар құруға болады. Сонымен қатар жуық уақытта мемлекеттік органдардың  заң нормаларын  қолдануын қадағалап, тексеру жүргізген  жөн», – деп мәлімдеді ол.

КҚРК (Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық кеңестің) басшысының сөзінше, ҚР «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» заңының 16 бабында ашық ақпаратты, оның ішінде ведомстволық статистикалық мәліметтер базасын (дерекқорын) міндетті түрде орналастыру көзделген. Алайда бүгінгі таңда мемлекеттік органдар мен табиғи монополия субъектілерінің сайттарында бизнесті қызықтыратын  ақпарат жоқ. «Бізге кәсіпкерлердің шағымдары келеді. Оларды толғандыратын негізгі мәселелер – бос жер телімдері, техникалық шарттар беру, бос қуаттылық, сауда шатырларын орналастыру сызбасы, т.б. Мемлекеттік органдар  және табиғи монополия субъектілерін тексеруді тиісті электронды ақпараттық ресурстарда орналастыру жағынан ұйытқы болу қажет», – дегенді ұсынды сарапшы.

Сондай-ақ Пшембаев өз баяндамасында әртүрлі экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардан түскен арыздарды мемлекеттік органдардың қарауы сияқты маңызды мәселені де қозғап өтті. «Көптеген кәсіпкерлер үшін өтініштерді қараудың уақтылы еместігі және әділетсіздігі бизнес  жүргізуден бас тарту, кәсіпорынды жабу, іс-қызметтің кейбір бағытын доғару және сот тартыстары болуы тәуекелділігіне себеп болуда». Осыған байланысты сапасыз мемлекеттік қызмет көрсетуге дәйекті әсер ету үшін арыздар бойынша прокуратура, «Атамекен» ҰКП, КҚРК іс-қимылын біріктіріп, алгоритм жасап шыққан жөн. Бас прокуратураның сайтында прокурорлық әсер ету шараларын көрсете отырып, тек прокуратураның ғана емес, басқа да  мемлекеттік органдарға арыздар мен шағымдардың қаралуын талдау бетін құру керек», – деп қорытындылады ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер