astana-view

Отандық тауарларға басымдық берілсін!

2016 жылғы 17 Маусым
7646 просмотров

Кәсіпкер Мәсімовтен отандық бизнестің ЭКСПО-2017, Универсиада мен Астанадағы жаңа вокзал нысандарының құрылысына қатысуға көмек беруін сұрады

«Қазэнергокабель» АҚ бас директоры Олег Крук «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының III Съезінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің алдында сөз сөйледі. «Отандық бизнестің «Нұрлы жол» бағдарламасының нысандарын жүзеге асыруға, сондай-ақ Астана қаласындағы жаңа темір жол вокзалы, елордалық аэропорт, Универсиада мен ЭКСПО-2017 сияқты ұлттық имидждік жобалардың құрылысына белсенді қатысуы туралы мәселе көтергім келеді. Отандық кәсіпорындар шетелдік баламалармен қатар қойғанда, айтарлықтай бәсекеге қабілетті, тиімдірек шарттар ұсына алады», – деді ол.

Кәсіпкер қазіргі таңда Қазақстанда отандық компаниялардың сатып алуларындағы жергілікті құрамның үлесін арттыру басымдыққа ие болып тұрған мәселе екенін атап өтті. Алайда, оның айтуынша, өндірушілер өнімдерді өткізуге байланысты белгілі бір қиындықтарға кездесуде екен. «Біздің өнім капиталдық шығынға жатады, сонымен қатар, бюджеттің қысқартылуына байланысты ірі жобалардың құрылысы мен қайта құруды жүзеге асыру кейінге қалдырылды, соның салдарынан кабельді өнімге деген сұраныс азайып қалды. Дегенмен, орын алған жағдайға қарамастан, кәсіпорнымыз жұмыс орындарын сақтап қалуға тырысуда. Осы жағдайда біздің кәсіпорындарымыз үшін мемлекеттік сатып алулар мен «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларының рөлі ерекше артып отыр. Бұл біз үшін өндірісіміздің толық қуатымен жұмыс істеуіне, елге жұмыс беруді қамтамасыз етуге берілетін мүмкіндік», – деді бизнесмен ҚР Премьер-Министріне.

«Осыған қатысты Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесінде өңірлік жұмыс комиссияларын құру бойынша атқарып отырған жұмысын атап өткім келеді. Әр өңірде жұмыс комиссиялары құрылып, жұмыс істеуде, соның ішінде біздің кәсіпорнымыз белсенді қатысып отырған Павлодар облысында да. Жұмыс комиссиясының жиындары барысында тапсырыс беруші ретіндегі мемлекеттік мекемелер әріптестік мәселелерін талқылау үшін әлеуетті тауарлар, жұмыстар мен қызмет көрсетулерді жеткізушілермен кездесіп тұрады», – деп атап өтті Крук.

Ол сонымен қатар, «Атамекеннің» сатып алуларда отандық тауар өндірушілердің үлесін арттыру жөнінде жұмыс тобын құру туралы «Самұрық-Қазынаның» сегіз ұлттық компаниясымен келісімге келгендігін айтып өтті. «Қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының тауар түрлеріне деген сұранысын анықтау жөнінде жұмыс жүргізілуде. Көрсетілген дүниелер әлеуетті тауарлар, жұмыстар мен қызмет көрсетулерді жеткізушілерді анықтауға мүмкіндік беретін салалық белгісі бойынша жіктелген», – деді кәсіпкер.

«Осыған орай сіздің бірінші орынбасарыңыз Бақытжан Сағынтаевқа біріккен комиссиялар мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысшы топтарының «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ мен ҰКП-нің отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі жұмыс нәтижелерін жеке бақылауына алуын тапсыруыңызды сұраймын (ай сайынғы негізде)», – деді ол.

Крук Премьердің назарын кәсіпкерлердің көп болуы себепті нағыз қазақстандық тауар өндірушіні анықтаудың қиындығына аударды. Мемлекеттен көрсетілетін нақтылы қолдау өндіруші компанияларға бағытталуы тиіс екенін және нақты өндірісі мен өндірістік қуаттылығын растайтын өндірістің сертификаттау құралы қажет екенін атап өтті. «Мұндай құрал Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған Индустриалды сертификат институты бола алады. Бұл институт технологиялық бәсекеге қабілеттілік деңгейі бойынша бір текті өнім өндірушілерді топтастыруға мүмкіндік береді. Бизнес өз ортасында өзі кімнің кім екенін анықтайды», – деп ойын жалғастырды бизнесмен.

Кәсіпкер қазіргі таңда Индустриалды сертификат институтын заңнамалық бекіту жағынан белгілі бір қиындықтар бар екенін мәлімдеді. «ҰКП қолданыстағы тауарлардың шығуы туралы СТ-KZ сертификатының оң және теріс жақтарын есепке ала отырып, Индустриалды сертификатты енгізу бойынша барлық қажетті құжаттарды әзірлеуді қамтамасыз етті. Соған қоса, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, сізден осы отандық тауар өндірушілерді қолдауға қажетті құралды заңнамалық бекітуге және енгізуге көмек көрсетуіңізді сұраймыз», – деді ол.

Айта кетерлігі, «Қазэнергокабель» АҚ кабельдік өнімдердің 7 000-нан аса түрін шығарады. Бүгінгі таңда отандық өндіруші 1,9 млрд теңге сомасында ұзақ мерзімді шарттарға қол қойған. Жеткізілетін тауардың 57%-ы «Қазақтелеком» АҚ-на тиесілі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер