astana-view

Қазақстанның жиһаз жасаушылары: «Біз саланы сақтап қалудың және бюджетті үнемдеудің жолын білеміз»

2016 жылғы 27 Маусым
14350 просмотров

Отандық өндірушілер, егер мемлекет олардың ұсынысын қабылдаса, нарықты сапалы жиһазбен қамтамасыз етуге дайын

2016 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда 1052 жиһаз кәсіпорны тіркелген, оның ішінде 9 орта және 1043 шағын кәсіпорын бар. Бұл ретте 665 компания шын мәнінде жұмыс істеуде, олардың 656-сы – шағын. Жиһаз шығару 2015 жылы 26819 миллион теңгені құрады. 2014 жылмен салыстырғанда құлдырау 21%-ды құрады. Отандық нарықтың үлесі шамамен 26%-ды құрайды, жиһаз өнімдерін импорттауға 74% тиесілі. Негізінен, жиһаз Ресейден – 28%, Қытайдан – 13%, Украинадан – 12%, Беларусьтен – 9%, Италиядан – 8%, Түркиядан – 7% әкелінеді. Қазақстандық жиһаз экспорты 2015 жылы, 2014 жылмен салыстырғанда, 3 есеге ұлғайды және 4825,9 мың долларды құрады. Біздің еліміз Қырғызстанға, Өзбекстан мен Ауғанстанға өнім жеткізеді.

«Grand Prix» сауда маркалы «Дара ART» жиһаз компаниясы Астана нарығында 6 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Оның бас директоры Қарлығаш Байбаченова өз бизнесін нөлден бастаған, цехтарды, гараждарды жалға алған, ешқандай құрал-жабдығы болмаған. Қазір «Дара ART» – бұл өз саласындағы табысты кәсіпорындардың бірі, олар эконом-класстан бастап люкске дейінгі өнімнің кез келген түрін тапсырыспен жасайды. «Даму процесінде біз ақырындап бұрын пайдаланылған құрал-жабдықтарды сатып ала бастадық, кейіннен жаңасына қол жеткіздік. Тура жарты жыл бұрын біз инвесторларды тартып, өндірісті кеңейттік, жаңа құрал-жабдықтар орнаттық, сөйтіп алдағы ЭКСПО-2017 көрмесіне даярлықты бастап кеттік», – дейді Қ.Байбаченова.

Ол өз өнімдеріне арналған шикізатты Алматыдан алып келеді. Қазақстанда тек фурнитура ғана дайындалмайды, бірақ бұл мәселеде мүмкіндік жеткілікті екен. «Дара ART» басшысы жуық арада бұл жағдай түзеліп қаларын жоққа шығармайды, жақында ол тіпті Қытайға барып, олардың өндірісін зерттеп келді. «Неге біз де талпынбасқа? Бұл бізге келешекте дайын өнімдегі қазақстандық құрамды ұлғайтуға және бағаны төмендетуге көмектеседі. Ол кезде бізге шетелдіктер қажет болмай қалады», – дейді ол.

Бүгінгі күні «Қазақстан сапалы жиһаз шығарып, өз нарығын отандық өніммен қамтамасыз ете ала ма?» деген сұраққа Қарлығаш Байбаченова анық жауап берді: «Иә».

«Осыдан 5-6 жыл бұрын мен бұлай жауап бермес едім. Ал, қазір мен көптеген компаниялар соңғы жылдары өздерінің өндіріс деңгейін көтергенін, тәжірибе жинақтағанын және енді еуропалық елдерге теңескісі келетінін сенімділікпен айта аламын. Қазақстандық жиһаз шығарушылар басқа елдермен бәсекеге түсе алады, және де олар ынтымақтастыққа дайын», – деді кәсіпкер әйел.

Қазақстанның жиһаз және ағаш өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Қанат Ибраевтың айтуынша, Қазақстанда жиһаз компанияларының барлығына тең жағдай жасалған, бірақ, проблема сатып алуларды өткізу кезінде мемлекеттік орган қызметкерлерінің техникалық тапсырмаларды жиһаз саласы мамандарының пікірлерін ескерместен әзірлейтініне келіп тіреледі.  «Бұл ретте конкурс бойынша қандай да бір алдын ала төлемақы жасалмайды, бұл оған айналымы шағын компаниялардың қатысуына кедергі келтіреді. Дағдарыс кезінде кішкентай гараждағы кәсіпорынның тапсырысты дұрыс орындауы үшін айналымдық қаражаты жете бермейді...», – деп түсіндірді Ибраев.

«Сол себепті тендерге ақшалы көкелер қосылады, олар өздеріне жол ашады, содан кейін гараждағыларға келіп: «Мына бағаға жасайсың ба?», – дейді. Ал гараждағылар қайтпек? Олар жасап береді. Міне, бұдан біздің сала ешқашан дамымайды. Бұлай кете берсек, біз өз елімізді отандық жиһазбен ешқашан қамтамасыз ете алмаймыз», – деп аяқтады сөзін Байбаченова.

Қанат Ибраев жиһаз саласын құтқарудың жолы оны толықтай кепілдендірілген мемлекеттік тапсырысқа көшіруде деп біледі. Оған қоса, оның айтуынша, бірыңғай стандарттар әзірлеу қажет. «Бізде қазір қатардағы клерк ірі компаниялар директорларының сатып алуға шамасы келмейтін жиһазда отырады. Өйткені стандарт жоқ. Бүкіл дүниежүзінде мемлекеттік ұйымдарды жиһазбен, кеңсе тауарларымен қамтамасыз етудің стандарттары бар. Бізде ол жоқ. Кім нені ойлап табады, нені көреді, өзі біледі... Онда баға саясаты ақыр аяғында өз құнынан 5-6 есе асып түседі», – деп мәлімдеді қауымдастық өкілі.

«Осылайша мемлекет те, біз – өндірушілер де көп нәрсе жоғалтамыз. Бизнес біздің бизнесіміздің үстінен жасалып жатыр», – деп оның сөзін қуаттады Байбаченова.

Сонымен, жиһаз жасаушылар жиһаз қызметтері нарығына тұрақтылық пен жоспарлылық жетіспейді деген түйінге келді. «Біз ертең бір министрлікте отырған вася немесе петя не ойлап табатынын, қандай жиһаз  алатынын білмейміз. Нарықты бейберекетсіздік тұтастай жайлап алды.  Егер мемлекет өз өкілеттіктері аясында осы нарықты реттейтін болса, негізінде, ешқандай субсидиялардың қажеті де жоқ болады. Жай ғана қазақстандық тауар өндірушілердің нақты тізілімі мен кепілдендірілген тапсырыс болса, «құда да тыныш, құдағи да тыныш». Әйтпесе, қазір саланың 90% жұмысы желге ұшып жатыр. Ал, мұның өзі – 30 мыңға жуық жұмыс орны деген сөз», – деп атап өтті Ибраев.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Өңдеуші өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Хаким Сабиров, өз кезегінде, Өңдеуші өнеркәсіп департаменті Палатаның Сатып алулар және жергілікті құрам департаментімен бірлесіп, отандық өндірушілерді, түрлі саладағы кәсіпорындарды кепілдендірілген тапсырыстармен қамтамасыз ету жөніндегі мәселені қарастырып жатқанын мәлімдеді, оның ішінде мемлекетік бюджет, биліктің жергілікті атқарушы органдарының бюджеті, квазимемлекеттік компаниялардың, жер қойнауын пайдаланушылардың және басқа ірі тұтынушылардың бюджетіне салынып жатқан және жұмыс істеп тұрған балабақшаларды, мектептерді, орта, жоғары оқу орындарын, спорт ғимараттарын, ауруханалар мен басқа да нысандарды жиһаз өнімдерімен жарақтандыру жөніндегі мәселе де бар. Бұл жұмыс ішкі нарықтағы жиһаз өнімдерін тұтыну үлесін 40%-ға және одан да жоғары пайызға ұлғайтуды қамтамасыз етеді. Алайда, егер өндірушілердің өздері біртұтас салалық бизнес-бірлестіктерге шоғырланбайтын болса, Палата бұл жұмыстың бәрін жүргізе алмайды. «Бизнесті шоғырландыру – бұл еріккеннің ермегі емес, қажеттілік. Сіздерге, яғни біртұтас одаққа біріккен кәсіпорындарға, мемлекет тапсырыс береді: нақты талаптарымен бірге нақты мекемелерге арналған жиһаз өнімдерін даярлау жөніндегі жылдық жоспар. Сіздер, жиһаз жасаушылар бірлестігі: иә, жасаймыз  дейсіздер. Бірақ, тек жасап қана қоймай, шетелдік жеткізушілерден бір айырмашылығы, өздеріңізге сервистік қолдау міндетін де аласыздар», – деді ол.

Одан бөлек, қауымдастық Ұлттық палатамен бірге жиһаз саласын дамытудың Жол картасын әзірлеу және одан әрі бекіту мәселесін де қарастырады. Қазақстандық жиһаз өндірушілер, ҚЖАӨҚ мүшелері, өзара бірікті және өз салаларын өздері қайта қалпына келтіруге дайын. Бүгінгі күні қауымдастық құрамында – бүкіл жиһаз индустриясы қуаттылығының 50%-дан астамын қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындар бар. Ендігі мәселе  – мемлекеттің бизнеске қолдау көрсетуінде.

«Егер мемлекет бізге көмектессе, біз бюджеттің қайдағы біреулердің қалтасына кетіп жатқан немесе басқа елдердің экономикасын байытып жатқан орасан зор қаржысын үнемдеп қаламыз. Біз мемлекетпен бір үстел басына отыруға, бәрін түсіндіріп беруге және көрсетуге дайынбыз», – деп түйіндеді Қарлығаш Байбаченова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер