astana-view

Америка үшін «Қазақстанда жасалған»

2016 жылғы 05 Шілде
11142 просмотров

Қазақстандық өнім Америка дүкендерінде сатылады

Отандық өндірушілер америкалық әріптестерімен серіктестік мәселесін талқылады

«Атамекен» ҚР ҰКП бастамасымен қазақстандық өндірушілер мен «Roberts Group» компаниясының басшысы Майкл Робертс арасында кеңейтілген кездесу ұйымдастырылды. Ол Қазақстанға екі ел арасындағы сауда-экономикалық серіктестік мүмкіндіктерін реттеу мақсатымен келген.

Бұл кездесу «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың АҚШ-қа іс-сапарының нәтижесі.

Кеңейтілген кездесуге даму институттарының, кәсіпкерлердің Сыртқы сауда палатасының өкілдері мен отандық тамақ өндірушілер, «Баян Сұлу» Қостанай кондитерлік фабрикасы, «Цесна-Астық» корпорациясы, «Arba wine» шарап өндіруші компаниясы, «Беккер и К», «Рахат» АҚ сынды ірі өндірушілері және т.б. қатысты.

«Бүгін америкалық тараптан олардың нарығындағы «ойын шартын» сұрап алудың, АҚШ-қа экспорттайтын тауар қандай талаптарға сай болуы керектігін білудің зор мүмкіндігі туып отыр. Майкл Робертс Қазақстанмен ұзақ мерзімдік сауда-экономикалық даму байланыстарына ынта білдірді. Ол қазақстандық импорт тауарларға қызығып, біздің елге америкалық технология мен инвестиция тартуды жөн санайды», – деп атап айтты «Атамекен» ҚР ҰКП Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Қайыржан Ыбыраев.

Сонымен қатар, америкалық нарыққа қазақстандық өнімдердің шығу мәселелерін нақты айтқанда, «Walmart» сауда торабында «Қазақстанда жасалған» деген арнайы сөре дайындауды талқылады. 

Кейбір тауар түрлері «Walmart» компаниясының кеңсесіне олардың сапасын анықтау мен сараптама жасату үшін жіберілді. Көптеген өндірушілер ең жақсы тауарларын жіберуге қызығушылық танытып жатыр.

Кездесудің нәтижесінде екі тарап та ары қарайғы келісімдерді жоспарлап, байланыс мәліметтерімен алмасты, сауда тораптарына шығу жөніндегі алғашқы келісім туралы сөйлесті, тауардың сапасына қойылатын талаптарды талқылады. Оған қоса, «Атамекен» ҚР ҰКП мен «Roberts Group» компаниясы арасындағы серіктестік туралы меморандумға қол қойылды.

Анықтама үшін: Майкл Робертс Ли – консалтингтік «Roberts Group» компаниясының басшысы. Walmart сауда маркасына ие Wal-Mart Stores Inc америкалық ритейл-компаниясының өкілі. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер