astana-view

Жанға жайлы жұмыс

2016 жылғы 15 Шілде
- Қарағанды облысы
8794 просмотров

Теміртауда алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған киіз басу курсы ашылды, онда олар киізден сәндік бұйымдар, киім мен аяқ киімдер басуды үйренеді

Жоба ұйымдастырушылары қатысушыларға кейін жұмысқа орналастыруға уәде беріп отыр. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған киіз басу курсы жақында ғана ашылған еді. Осылайша, Қарағанды облысында мүгедек жандарды жұмыспен қамту туралы мемлекеттік бағдарламаны орындауға ұмтылыс жасалуда. Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері декоративтік шеберлікті меңгергісі келетіндерден қосымша өтінімдер қабылдап, кейін топтар құрды. Топта киіз басу өндірісінің шебері Наталья Воротынская сабақ береді.

«Бұл оқу ғана емес, социумға бейімделіп, қандай да бір мамандықты меңгеруі қиын мүмкіндігі шектеулі жандарға берілген мүмкіндік», – дейді Наталья Воротынская.

Олег Мацедон – өкінішке қарай, көзі мүлде көрмесе де, ең зерек «оқушы». Ол мұнда кәсіпті меңгеріп, бос уақытын тиімді ұйымдастырып, өзіндей жандармен танысуға ниетті.

«Мен бұрын да қандай да бір істі меңгергім келетін, алайда менің жағдайымда ол қиын болды. Бұл курстан киіз басу өнерін меңгеріп шығуға тырысамын, кейінірек қалай да нәпақа таба алуым мүмкін. Алайда, бұл жерге ең алдымен өзім сияқты жандармен араласу үшін келемін», – дейді Олег Мацедон.

Андрей Лялин бұл кәсіпті алғаш рет қолына алып отыр. Оған ең ауыр жұмыс бұйырыпты – ол арнайы иненің көмегімен құрғақ киіз басу техникасын меңгеруде. Кейін ол ойыншықтар, әшкей-бұйымдар жасай алады. Осы топқа қабылдану үшін ол жұмыспен қамту орталығына өтінім берді, онда оған осы істі ұсыныпты.

«Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселелерімен айналысатын ұйымның пайда болғаны жақсы болды. Кейінірек шеберханалар құрылуы мүмкін. Мұндай курстардың пайдасы – егер адам үйде отырмай, жұмысқа тартылса, ауру-сырқауларын ойлай бермейді. Қолымнан келе ме, жоқ па, алайда, өзіме де, өзгелерге де пайдамды тигізгім келеді», – деп ойын ортаға салды Андрей Лялин.

Шеберлер атап өткендей, курсқа қатысушыларға киіз басудың бірнеше техникасын үйретеді. Бірінші техника – сабын мен суды пайдалану, осы тәсілмен әшекей-бұйымдар, гүлдер, киім-кешек пен аяқ киім, картиналар, тіпті тұскиіздер де дайындауға болады. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бұл жұмыс өте тиімді, өйткені олар қолдарымен әр затты сезіне алады.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы – Теміртауда оқу орталығын ашуға бастама көтергендердің бірі. Жобаны ұйымдастырушы «Шебер» ЖШС қарағандылық ӨКП-да тіркелген, техникалық және қызмет көрсету мамандықтары бойынша маман даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын оқу тізіліміне енгізілді. Оталықтың курстары 4 айға жоспарланған, бағдарламаға қатысушы барлық 8 адам шәкіртақы алады. Мемлекет әр адамға ай сайын 45 мың теңге бөліп отыр. Курсты тәмамдаған соң әрқайсысына сертификат табысталмақ. Кейін олар бұл іспен кәсіби түрде айналыса алады. «Шебер» оқыту орталығы қалада шеберхана ашудың бизнес-жобасын әзірлеп, киіз өнімдерін сатып алатын әлеуетті тапсырыс берушілермен шарттар жасасуда.

«Шындығында, біз осы санаттағы адамдарға келіңкірейтін мамандықты таңдауда қателеспеген екенбіз. Әрине, олар өз беттерімен мұнымен айналыса алмаулары да мүмкін. Алайда, осы топпен бұдан ары қарай да жұмыс істеп, келешегі бар қолөнер шеберханасын құруға болады», – дейді «Шебер» оқыту орталығының директоры Наталья Вшивцева.

Ал Кәсіпкерлер палатасы орталық түлектеріне кеңес беру және сервистік қолдау көрсету арқылы жеке ісін ашуға көмектеседі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер