astana-view

Ресей ҚР экпортына салынған шектеулерді алып тастады

2016 жылғы 15 Шілде
7554 просмотров

Инфекция ошағы анықталған Қазақстанның үш өңірінен тауар жеткізілімін жүзеге асыруға әлі де тыйым салынған

«Россельхознадзор» пастереллездің ушығу себебінен мамыр айында Қазақстаннан келетін импортқа салынған шектеулерді алып тастады. «Қайталаймын, пастереллезге қатысты ҚР-дан тауарларды импорттауға салынған шектеулер, инфекция анықталған Ақтөбе, Атырау, Қарағанды секілді үш облысты қоспағанда, алынып тасталды», – деп хабарлады бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Сақташ Қасенов.

Сонымен бірге, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі ауру жұқтырған тұрғындарға ғана емес, отандық ет жеткізушілері үшін де көптеген қиындықтар тудырған Сібір жарасы ауруына қатысты жағдайға да түсінік берді.

«Халықаралық эпизоотикалық бюроның Құрлықтағы жануарлардың денсаулығы туралы кодексіне сәйкес, Сібір жарасы бір елдің екінші елге шектеулер салуына негіз әрі себеп бола алмайды. Яғни, бұл желілік сипаттағы ауру, тек 15-20 күнге карантин белгіленеді», – деп қосты С.Қасенов.

АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің басшысы қазақстандық ет өнімдерін Қытайға экспорттауға дайындық туралы да айтып берді. Оның айтуынша, қытай жағы Қазақстандағы ветеринарлық қызметтің ұйымдастырылуына баса назар аударуда.

«Жұмыс мақсатты және нақты түрде өтуде. Осы жылдың мамыр айында ҚХР-нан сарапшылар тобы келіп, Қазақстан Республикасының ветеринарлық қызметінің жағдайын зерттеп кетті. Тиісті негізде олар қазір сараптамалық жұмыспен айналысуда және жақын арада қытайлықтардың өздері де келеді деп күтілуде», – деді Қасенов.

С.Қасеновтың деректері бойынша, қытай сарапшыларының келу мақсаты – ҚХР-ға экспорттаушы бола алатын кәсіпорындарды инспекциялау. «Егер бұл жұмыс атқарылар болса және олар (қытайлық тарап – ред.) біздің кәсіпорындарға талаптарын айқындар болса, күзде бұл мәселе анағұрлым жемісті түрде шешілмек», – деп түйіндеді Сақташ Қасенов.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер