astana-view

Бизнеске жасалған жасанды кедергі

2016 жылғы 22 Шілде
- Ақмола облысы
5482 просмотров

Шенеуніктердің біліксіздігі кәсіпкердің бизнесіне зиянын тигізді

Былтыр шілде айында Сандықтау ауданы Балкашино ауылының тұрғыны Александр Райшевченко меншігіндегі жер теліміне кондитерлік цех салуды жоспарлаған. Алайда тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі жергілікті басқарма жеке кәсіпкерге рұқсат бермейді. Ведомство берген қорытынды жауапта Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы бұйрығымен бекітілген «Тағам өнімдерін өндіру жөніндегі нысандарға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға» сілтеме жасалып, тұрғын-жайлардан 50 метр қашықтықтағы радиуста санитарлық-қорғаныс аймағы қағидалары сақталмағаны жөнінде айтылған.

Ресми құжатқа сәйкес, кәсіпкер өз бизнес-идеясынан бас тартуға мәжбүр болған. Оның айтуынша, бұл оқиғадан соң оның өз бизнесін алға жылжыту ниетінің күл-талқаны шыққан.

Алайда, биылғы жылдың маусым айында Александр Райшевченко жанашыр адамдардың кеңесімен өңірлік Палатаның Сандықтаудағы филиалына барып, олардан нысанды салуға рұқсат берілмеуінің заңдылығын тексеруді өтінген.

Филиал директоры Раушан Аяпбергенова дөңгелек үстел ұйымдастырып, оған тиісті құрылымдар шақырылды. Талқылау барысында жоғарыда айтылған бұйрық 2015 жылдың сәуір айында-ақ (!) өз күшін жойғаны анықталды. Мұны аудан прокуратурасы да растап отыр. Яғни, кәсіпкерге нысан құрылысы үшін бұл рұқсатты алмауына да болар еді. Өндірісті ұйымдастыруға арналған белгілі бір процедуралардың бары түсінікті, бірақ бұл басқа салалық ведомствоның құзырында.

Нақты жағдай бойынша,  тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі басқарма мамандарының білімсіздігі бизнес-жобаның алға басуын тежеп отыр. Ал жобаның тағдыры шенеунік біліктілігі деңгейіне байланысты болатын мұндай жағдайлар, өкінішке қарай, бұл ғана емес.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер