astana-view

Шын мықты озатын бәсеке

2016 жылғы 25 Шілде
- Қостанай облысы
8082 просмотров

Қостанайлық үш бірдей ауыз су өндіретін компания өңірде өтіп жатқан «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінде өзара бәсекеге түспекші

Биыл байқауға қатысуға жиырма компания өтініш түсірген. Олардың арасында – «Сосновый бор» ЖШС, «Classic of life» ЖШС және «Аква-Арасан» ЖШС-лары бар.

«Classic of life» шығаратын «Просто вода» деп аталатын өнім – байқауға алғаш түсіп тұр, әрі отандық нарықта да жаңадан шығып жатыр. Жарты жыл бұрын ғана өндіріске қосылған. Тұтынушылар оның сапасына, табиғи дәміне риза. Компания өкілдерінің сөзіне сенсек, бұл суда қоспалар жоқ, тек қайнардан құйылып алынады, ағзаға қажетті микроэлементтері бар.

«Қостанай облысы бойынша тарихи тұрғыда қарастырсақ, бұл су өте таза қайнардан алынады. Заманауи, өз фирмамыздың құрылғысымен құямыз. Тасылатын құтының көлемі 0,33 тен бастап 5 литрге дейін. Қазіргі мақсат – сатылым өрісін кеңейту. Көршілес өңірлерге шығу. Сондықтан байқауға қатысуға бел будық. Бұл да өнімнің сапасын көрсететін шара ғой. Ол біз үшін маркетингтік мақсаттарда пайдасын тигізер деген үміттеміз», – дейді «Classic of life» ЖШС сату бөлімінің басшысы Ксения Павлушина.

Алғаш рет байқауға газдалған сусындар қатыспақ. «Аква-Арасан» компаниясының «Aisia» деген сусыны ұсынылды. Мұнда сегіз түрлі сусын және суық шай бар. Бір кездері компания кеңестік «Грушевый» атты газды сусынын сатып аты шыққан. Қостанайлықтар оны қатты жақсы көрді. Жаңа зауытта шығарылып жатқан «Aisia» да соның ізімен жүріп, танымал болуы әбден мүмкін.

«Сұраныс артып келеді. Қазірден көршілес облыстарға сатып жатырмыз. Экспортқа аздап жібердік. Байқауда екі жақты бәсекеге де шыдармыз деп отырмыз», – дейді «Аква-Арасан» ЖШС маркетологы Ярослава Вахрушина.

«Сосновый бор» атты минералды су таныстыруды талап етпейді. Бұл емдік сусын Алтынсарин ауданындағы өзі аттас шипажайда таратылады. Қостанайдағы супермаркеттер мен дүкендерде толып тұр. ТМД елдеріндегі байқауға қатысып, Мәскеуде бірінші орын алған. «Жерасты бастауларынан шыққан ең үздік су» аталымын ұтқан. «Қазақстанның үздік тауары» байқауына бұл компания екінші рет қатысып тұр. Бұл жолы жеңісті қолдан бермейміз деген сенімде.   

Қостанай облыстық Кәсіпкерлер палатасында биылғы байқау жәрмеңке форматында өтеді деп отыр. Сараптаушы комиссия мүшелері ұсынылған тауарды бағалап, қалған ел өндірушінің бағасымен сатып ала алады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер