astana-view

Бәсекелестік – бизнестің дамуына түрткі

2016 жылғы 04 Тамыз
- Павлодар облысы
12308 просмотров

Кез-келген кәсіп иесі алғашында қиындықты еңсеруге байланысты кеңестерге, ұсыныстарға, қолдауға зәру

Бизнесін енді ғана бастаған екібастұздық кәсіпкер осы тұжырымның өзектілігін өз басынан кешіп барып көз жеткізді.  Ол арнайы  жабдықталған, жылжымалы павильон арқылы сиыр етін, құс етін және осыған ұқсас тауарларды сатып өткізу туралы бизнес-идеясын іске асыру мақсатында Кәсіпкерлер палатасының филиалына жүгінген. Оның бұл идеясының негізгі артықшылығы, тұрғындарға бір аттам жерден әрқашан сапалы, балғын ет өнімдерін ұсынуында жатыр.

Кәсіпкер халық көп шоғырланған орынды таңдағаннан кейін, жергілікті атқарушы билік органдары мен коммуналдық кәсіпорындардан келісім алуға байланысты бірқатар мәселелерге тап болған.

Жағдайдың егжей-тегжейін баяндамастан бұрын, ҰКП сарапшыларының бұл жобаны сүйемелдеуінің нәтижесінде, келісім алудың барлық рәсімінен өткенін айта кеткен жөн. Соның нәтижесінде, павильон тұрғындар көп шоғырланған жерде қызмет көрсетуді бастап кетті.

Бірақ, аталған нысан несімен ерекше? Бұндай жағдайлар барлық жерде жиі кездеседі емес пе? Қызықтың көкесі енді басталады... Павильон ашылып, біраз уақыт өткен соң жас кәсіпкерге «тексерушілер» келген (дәлірек айтқанда, «пайда болған»). Олар кәсіпкерден павильонның осы жерде орналасуын растайтын барлық құжаттарды көрсетуін талап етеді.

Бұған қобалжыған кәсіпкер бірден Палатаға хабарласып, мән-жайды толық баяндайды  және олардың талаптарын орындаудың міндеттілігі жөнінде сұрап біледі.

Сарапшылар оған, «тексерушілер» ең алдымен өздерін таныстырып, сосын барып меншік құқықтарына қатысты құжаттарды не үшін сұрап тұрғанын түсіндіруі керектігін айтады. Содан кейін ғана, олардың қойған талабының қаншалықты негізді екені анықталмақ. Мәссаған, безгелдек! Олардан өздерін таныстырып, мұнда келулерінің мақсатын түсіндіруін сұраған кезде, «тексерушілердің» жүні жығылып, әбігерге түскені!.. Тіпті, қашуға айналып, соның арасында «...Кәсіпкерлер палатасына жүгінеміз» деп қорқыта кетті. Шындығында, бұл Палата сарапшыларына жасалған үлкен қошемет деуге болады.

Кәсіпкердің айтуынша, өздерін «тексерушіміз» деп таныстырған бұл тұлғалар жақын маңдағы сауда үйінің ет өнімдерін сатушылары болып шыққан. Олар халыққа қолжетімді баға мен сапалы өнім ұсынып отырған бәсекелестерінен қорқып кетсе керек.

Бұл жерде адал бәсекелестік кәсіпкерлерге арқаны кеңге салуға мүмкіндік бермейтінін атап өткен жөн. Өйткені, бәсекелестік бар жерде бизнестің дамуына да жол ашылады емес пе?! 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер