astana-view

Қазаннан қақпақ кетсе...

2016 жылғы 16 Тамыз
- Қызылорда облысы
11274 просмотров

Газ тарататын мекемелердің қызметіне тексеру жүргізу қажет

Облыстық прокуратура алаңында алғаш өткізіліп отырған Кəсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырысында газбен қамтамасыз ету саласында қызмет ететін бірқатар заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштер  қаралды.

Кеңес төрағасының орынбасары Қайрат Боранбаевтың хабарлауынша, тиісті мемлекеттік органдармен бірге кəсіпкерлер қызметіне кедергі келтіретін газ тарату ұйымдарын тексеру қажет. Кеңес мүшелерінің мұндай шешімге келуіне төменде келтірілген əрекеттер себеп болып отыр.

Қызылорда Кəсіпкерлер палатасына газ тарату саласында жобалау жəне құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензиясы бар кəсіпкерлерден ұжымдық шағым келіп түскен. Олар «ҚазТрансАймақ» АҚ-ның Қызылордадағы филиалына, «Зенит ТВК» ЖШС мердігерлері мен биллингтік қызмет көрсететін «РКҚО-Қызылорда» ЖШС-нің «Kaz-Gazқұрылыс», «НұрГазСервис», «БақНұрлыГаз», «ҚызылордаНұрДанПлюс», «Қызылорда Газ Монтаж LTD», «Мирас Холдинг» компанияларының әрекеттеріне шағымданған. Кеңес отырысында бұл проблеманы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары, Қазақстанның Қызылорда облысы бойынша Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл аппараты секторының басшысы Дархан Мырзалиев айтты. Өтініште кәсіпкерлер бірнеше проблеманы сөз еткен.

Біріншіден, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 6,8 баптарына сәйкес, бәсекелестікті шектеуге және болдырмауға, тұтынушылар құқығы мен заңды мүдделерін шектеуге, әділетсіз бәсекелестікке тыйым салынады; кәсіпкерлік субъектілері меншік формасы мен өзге де жағдайларға қарамастан, заң мен сот алдында бірдей; кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде кәсіпкерлік субъектілері бірдей мүмкіндіктерге ие.

Яғни, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылордадағы филиалы бүгінгі таңда өзінің тауарлық нарықтағы басым және монополиялық орнын пайдаланып, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын басқа тұлғаларға кедергі келтіріп отыр.

Екіншіден, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылордадағы филиалына биллингтік қызмет көрсететін «РКҚО-Қызылорда» ЖШС өз құзыреті аясында тұрғын үйлерді газ желісіне қосу үшін техникалық қызмет көрсетуге дербес шот ашады.

«Газ және газбен қамту туралы» заңның 19 бабы бойынша коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылар, не болмаса тәуелсіз мамандандырылған ұйымнан өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыс жасау құқығына аттестаттаудан өткен, техникалық қызмет көрсететін газ тұтыну жүйелеріне  тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын жіберуді жүзеге асыратын газ тарату немесе газ желілік ұйымдарының тұтынушылары, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсету үшін келісімшартқа отыруға міндетті.

Яғни, бұл қызмет түрі бойынша бәсекелі орта бар, сондықтан Қызылорда облысында «РТҚО-Қызылорда» ЖШС-дан басқа кәсіпорындар да тұрғындарға қызмет көрсете алады.

Алайда «РКҚО-Қызылорда» ЖШС дербес тұтынушы техникалық қызмет бойынша шот ашу үшін өзге фирмалармен емес (қызмет көрсетуші), тек осы компаниямен ғана келісімшартқа отыруы қажет деп мәлімдеген, бұл әрекеттер бәсекелі ортаға кері әсерін тигізеді.

Үшіншіден, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалының басшылығы бұйрығына сәйкес, тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық абоненттерді газ жүйесіне қосу шамамен 70 күнге созылады.

Мәселен, техникалық шарттарды алуға – 5 күн, жұмыс жобасына келісім алу – 15 күн, нысанды пайдалануға беру рәсіміне – 15-30 күн, нысанды газ желісіне қосу үшін – 15 күн кетеді.

Сонымен бірге, бұл бұйрық шарттары «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ  Қызылордадағы филиалының бас мердігері болып саналатын «Зенит ТВК» ЖШС-на жүрмейді, бұл өңірге газ тарату нарығының өзге де қатысушыларын ығыстырудың бір белгісі.

Жиын қорытындысы бойынша Кеңес облыс прокуратурасымен бірге шешім шығарды. Шешімде Кәсіпкерлер палатасына, Қызылорда облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департаментке Қызылорда облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаментімен бірлесе отырып, «ҚазТрансгаз Аймақ» АҚ филиалының қызметіне тексеріс жүргізу туралы ұсыныс жасалды. Қабылданған шешімдер бойынша қол жеткен нәтижелер жақын арада хабарланады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер