astana-view

Рустам Жүрсінов: Салық реформасын жүргізуге салмақты көзқарас керек

2016 жылғы 14 Қыркүйек
2168 просмотров

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері елімізде қолға алынған салық реформасы жайлы айтып берді.

Салық заңнамасын түсіндіру тақырыбына арналған жиында алғашқы сөз алған ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсіновтің айтуынша, мемлекеттік органдар, салық саясаты мен әкімшілік етуді жетілдіру бойынша барлық ұсыныстарды бизнес-қоғамдастықтың талқылауына салуды құп көрген. Өз кезегінде, Ұлттық палата, салық саласындағы ұсынылып отырған жаңашылдықтарды талқылау барысында, мемлекеттік орындардың назарын қазіргі экономикалық ахуалды ескере отырып, ұсынылып отырған реформаны жүргізуге салмақты әрі жүйелі көзқарас таныту керектігіне назар аударған. «Атамекеннің» аталған ұстанымын құзырлы мекемелер бірауыздан қабыл алған. Бүгінгі таңда салық салу реформасына қатысты ұсыныстар, қолданысқа енгізу мерзімі кейінге қалдырылған Салық және Кеден кодекстерін біріктіру ауқымында да саралануда екен.

Осы орайда еске сала кетсек, 2015 жылдың мамыр айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадамды айқындап, онда салық саласын жаңғыртудың негізгі белестері тұжырымдалғаны белгілі: ұлттық экономика мен отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігі, шағын және орта бизнестің дамуы, өсімге ынталануы мен нығаюы, салық салудың тиімділігін көтеру, салық төлеушілерді тиісті мемлекеттік қызмет түрлерімен қамтамасыз ету. Бұл жерде 44-ші «Жанама салық алу тетіктерін жетілдіру. ҚҚС орнына сатудан түсетін салықты енгізу» және 45-ші «Кірістер мен шығыстарды міндетті салықтық есептеу жүргізуді енгізе отырып, іс жүзіндегі салық тәртібін оңтайландыру» қадамдары ерекше талқылауға іліккені аян. «Атамекен» сарапшылары, мұнда, саудадан түсетін табысқа салынатын каскадтық тәсілге айрықша алаңдаушылық білдіріп, біраз олқылықтарды анықтаған. Мысалы, отандық тауар не қызметтің, жұмыстың өзіндік құны 9-15 пайызға қымбаттайтыны, экспорттаушылардың бәсекеге қабілеті нашарлайтыны аңғарылған. Нәтижесінде аталмыш бастамаға қазірде тоқтау салынған.

«Қосымша құн салығы (ҚҚС) бойынша міндетті тіркелуге жататын шектің төмендетілуі бизнес-ортада талқыланған өзекті мәселелердің бірі. Өткен жылы, мемлекеттік мекемелер, Салық кодексіне бұл шектің деңгейін 30 000 айлық есептік көрсеткіштен (64,0 млн теңге) 3 234 АЕК-ке (6,8 млн теңге) төмендетуді қарастыратын түзетудің енгізілуін ұсынғаны белгілі. Мемлекеттік органдардың бағалауынша, іс жүзіндегі 30 000 АЕК (64,0 млн теңге) көлемінде, ҚҚС төлеушілер саны 194 мың субъектіден асатын болса, 2017 жылдан бастап, ҚҚС төлеушілер саны 86 мыңға өспек. 2017 жылы Арнайы салық тәртібі (АСТ) жөніндегі қызметтер түрі тізбесінен, патент негізіндегі сауда қызметі алынып тасталатынын есте ұстар болсақ, ҚҚС төлеушілер қатары 109 мыңға, яғни екі еседен артыққа көбейетіні анық», - деп атап өтті Рустам Жүрсінов.

Төменгі шектің бірден 10 есеге дерлік қысқаруы, кәсіпкерлерге салықтық және әкімшілік жүктемені жоғарылатып жіберетінін ескере отырып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ҚҚС төлеушілерге арналған шекті деңгейді біртіндеп төмендетуді ұсынған. Қазіргі уақытта, тиісті қағидат, Салық кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізуді қамтитын заң жобасы аясында көзделуде екен. Бұл заң жобасында, ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары хабарлағандай, ҚҚС бойынша есепке алу, оны  әрі қарай сатылай азайту, яғни 2018 жылы – 25 000 АЕК-ке дейін (53,0 млн теңге); 2019 жылы – 20 000 АЕК-ке дейін (42,4 млн теңге); 2020 жылы – 15 000 АЕК-ке дейін (31,8 млн теңге) мақсатында қолданыстағы төменгі шекті деңгейді (30 000 АЕК) 2017 жылға дейін сақтап қалу ұсынылуда.

«Үш жыл бойы салықтық, кедендік аппеляциялардың тиімділігін көтеру жайын көтеріп келеміз. Міне, бүгінде бізді Үкімет қолдап, біріншіден, салықтық-кедендік тексеріс актілері жобаларының дайын болғанша алдын ала салық төлеушілер тарапына тексерілуге бағытталып, келісілетіні ұйғарылды. Екіншіден, салық тексерісі актісі бойынша кәсіпкер шағымының Мемлекеттік кіріс комитетіне емес, одан жоғары тұрған Қаржы министрлігіне жолданатынын уағдаластық», - деп нақты жаңашылдықтардан баяндады Рустам Жүрсінов.

Тиісті елеулі өзгерістер 2017 жылдың 1 шілдесінен қолданысқа енгізіледі деп күтілуде.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер