astana-view

Бау-бақша жайқалып тұруы үшін...

2016 жылғы 23 Қыркүйек
- Жетісу облысы
14361 просмотров

Сарапшы жеміс-жидек бақтарын өсірудің мәселелері мен технологиялары туралы баяндап берді

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданын бау-бақша мен жүзімдік алқаптарының өлкесі деп атайды. Ауа райының жайлылығы мен жерінің құнарлылығы жеміс-жидек бақтарын өсіруге мол мүмкіндік береді. Сол себепті «Атамекен» ҰКП Агробіліктілік орталығы кәсіпкерлерге арналған кезекті семинарын осы жерде ұйымдастырды. Бизнеске қажетті және маңызды семинар «Оңғарова» ЖК шаруашылығы базасында өтті. Сарапшы Самат Исаев «Жайқалған бау-бақша – жоғары технологиялы бизнес» атты тақырыпта дәріс оқыды.

Дәріскердің айтуынша, бақша өсіру жұмысы ірі қаражат пен салымдарды, менеджментті, жоғары білікті қызметкерлерді талап етеді.

«Әдетте салынған қаражат жоба басталғаннан кейін 4-5 жылдан соң ғана өзін-өзі ақтайды. Кейін жұмысы күшейтілген бақша тұрақты табыс әкелетін болады. Сол себепті ең алдымен болашақ бақшаға арналған жер телімін таңдап алған жөн. Содан кейін климат, топырақ жағдайларын талдап, топыраққа терең өңдеу жүргізу керек», – деді С.Исаев.

Осы аталған шаралардан кейін тыңайтқыштарды енгізу үшін агрохимиялық талдау жүргізу қажет. Бақшаны отырғызу алдында бір жыл ішінде топырақты қара бу жүйесі бойынша қамту, көпжылдық және біржылдық арамшөптердің тұқымын жою және азайту шаралары қолданған жөн.

Кәсіпкер қалай жер телімін бөлуді аяқтайды, сол бойда тамшылатып суару жүйелерін орнату жұмыстарын жүргізеді. Және көшет отырғызудың алдында, әуелі өсімдіктерді тіреп тұратын, тіреуіш бағаналарды орнатады. Сарапшының айтуынша, тіреуіш қоршауларды таңдаудың өзі бүтін бір ғылым. Бақшаны қалыптастыру үшін бетон, темір немесе ағаш тіреуіштер қолданылады. Ол өз кезегінде барынша теңгеруді қамтамасыз етіп, 20-25 жыл бойы өнімділікті сақтауға және желге төтеп беруге жағдай жасайды. Бағаналар сапалы материалдардан жасалғаны жөн.

«Осындай бақшалар өсіріп отырған барлық елдерде бұршаққа қарсы торларды пайдаланады. Бұл құрылғыны пайдалану сәндік үшін емес, жоғары сапалы мол өнім алу үшін қажет. Бұршаққа қарсы көлеңке торлар жеміс ағашының дамуын жақсартады. Оның басты артықшылықтары жемістерді бұршақтан, қатты желден, күн көзінің шамадан тыс түсуінен қорғап, күннің бірқалыпты таралуын қамтамасыз етеді», – деп атап өтті сарапшы.

Сонымен қатар, тор тек қана ауа-райын жайсыз жағдайлардан қорғап қана қоймай, бақшаға тұрақты микроклимат қалыптастырып, орнықты деңгейін жақсы сақтайды. Және де құстардан қорғайды.

«Сұрып негізгі ауруларға төтеп бере алатын және ерте жеміс беретін болу керек. Мысалы, қысқа немесе жартылай қысқа жеміс ағаштарын атауға болады. Отырғызылатын көшеттер вирустан ада болған жөн. Олай етпеген жағдайда жемістің өнімділігі 10%-дан 80%-ға тейін төмендеп, сапасы нашарлап, ағаштардың құлауына дейін алып келеді», – деді ол. Сондай-ақ сарапшы мысал ретінде Fuji, Granny Smith, Gala, Golden Delicious және Red Delicious сұрыптарының ерекшелігін көрсетті.

Дәріскер тамшылатып суару жүйесін пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Ол ағаштарды жеткілікті мөлшерде суарып қана қоймай, өсімдіктің тамырына дейін тыңайтқыш енгізуге көмектеседі. Сонымен қатар, оның айтуынша, тамшылатып суару ылғалды үнемдейді, өнімділікті көбейтеді, жеміс тауарын шығаруды 90%-ға дейін арттырып, өтеу мерзімін 3-4 жылға қысқартады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер