astana-view

Бос жұмыс орындары есебін тапсыру – ерікті іс

2016 жылғы 30 Қыркүйек
21317 просмотров

Кәсіпкерлерді ешкім мәжбүрлей алмайды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығы бос жұмыс орындары жайлы есеп берудегі жаңашылдыққа байланысты кәсіпкерлерге алаңдайтын еш негіз жоқ екенін айтуда.

Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, керісінше соңғы өзгеріс арқылы бұл есепті тапсырудың жеңілдей түскенін жеткізді.

Еңбек күні аясында Астанада өткен «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» республикалық форумы аясында, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, барлық бос жұмыс орындары (вакансиялар) мен болжамды жұмыс орындары туралы жұмыс берушінің деректер ұсынудағы міндеті жөнінде отандық БАҚ беттерінде жарық көрген жарияланымдар мен кәсіпкерлер қауымы тарапынан түсіп жатқан өтініштерге қатысты журналистерге сұхбат берді.

Нұржан Әлтаев, мемлекет пен жұмыс беруші және қатардағы азамат арасында жауапкершілік жүгін бірге көтере отырып, еңбек өнімділігін арттыру мен экономикалық өсімге қол жеткізу мемлекет саясатындағы басымдыққа ие бағыт екенін атап өтті. Сонымен қатар, Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру мен жұмыспен қамтудың өзектілігін айрықша нұсқағаны белгілі.

«Бүгінде екі өңірде, Алматы қаласында және Маңғыстау облысында вакансиялар тұрғысында есеп беруде бизнесмендердің қарбалас қимылы байқалады. Біріншіден, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында заңнамада жазылған жайт бұрмаланып жеткізілген, яғни пайда болған жұмыс орындары жайлы ақпараттың үш күнде беру қағидаты заңға сонау 1998 жылы енгізілген. 2001 жылы Әкімшілік кодексте 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жауапкершілік жағы қарастырылды. Содан соң есеп беру сұлбасы айқындалып, 2016 жылы оған сәл өзгертулер жасалды. Міне осындай бұйрық бекітілісімен, БАҚ-тарда, әлеуметтік желіде «бос жұмыс орны болмаса да барлық кәсіпкерлер 1 қазанға дейін есепті тапсыру керек, әйтпесе айыппұл салынады» деген қауесет тарады. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайтын ақпарат. Себебі, кәсіпкерлер есепті егер вакансия болса немесе оны құруды көздесе ғана, тапсырғаны ләзім. Тиісінше, ондай мағлұмат болмаса, іші бос кестені ала жүгірудің де қажеті жоқ. Нақты есте сақтайтын нәрсе осы! Өңірлердегі әріптестерді ескертеріміз, егер кәсіпкерді текке әуре-сарсаңға салып, есеп беруге мәжбүрлейтін болса, заңсыз әрекет туралы Кәсіпкерлер палаталарына, прокуратура органдарына шағымдануды сұраймыз», - деп егжей-тегжейлі байыптаған ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары тағы бір қызу талқыланудағы мәселеге тоқталды.

Бұл жерде әңгіме «кәсіпорын Жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған адамды ғана жұмысқа қабылдауы тиіс» қате түсінік жайлы болып отыр. Конституцияда көрсетілгендей, әр жұмыс беруші жұмысшыны аларда өз бетінше таңдау жасауға құқылы.

«Үшіншіден, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрамындағы қауымдастықтар мен одақтар қазіргі уақыттағы жұмыспен қамтудың ерекше маңыздылығын ұғынып, бос жұмыс орындары болса, Жұмыспен қамту орталықтарына хабарлау керектігін толық қолдауда. Биылғы өзгеріске қатысты бұйрық олардың келісімдеуінен өтті», - деп мәселенің мәнін иүсіндірді Нұржан Әлтаев.   

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова есептің жылына 2 рет, көктемде 1 сәуірде және күзде 1 қазанда тапсырылатынын, дегенмен бұл мәжбүрлі емес, ерікті дүние екенін мәлімдеді. Айыппұл, жұмыссыздық қыспаққа алған заманда, өзіндегі бос жұмыс орнын қасақана жасырғандарға салынбақ.

«Біз қазір есеп беру формасын біршама жеңілдеттік және бұл тұста жұмыс берушілердің ақыл-кеңесіне мұқият құлақ түрдік. Жұмыс берушілердің мамандықтарға сұранысын анықтау мақсатында, жылына екі рет қажет кәсіптер тізімін тапсырып тұруды ұсындық. Бұл бір жағынан жұмыс берушілердің өздеріне тиімді. Өйткені мемлекеттік қолдауға иек артуға, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыскерлерін даярлықтан өткізуге мүмкіндік туады», - деп тарқатты министр. 

Патент бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғаларға қатысты, Салық кодексінің 429 бабында айтылғандай, олар жалдамалы жұмысшылардың еңбегін тұрақты қолданбайды. Тиісінше вакансиялар мен болжамды жұмыс орындары жайлы дерек ұсынбайды.   

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер