astana-view

Ұлттық компаниялар IPO-ға шығады

2016 жылғы 10 Қазан
8894 просмотров

Жекешелендірілетін нысандарды бағалау үшін Қазақстанға шетелден кеңесшілер шақырылмақ

Қазақстан экономикасын жандандыру мәселелері бойынша Мемлекеттік комиссияның шешімімен 4 жұмыс тобын (немесе жобалық кеңселер) құру көзделуде. Оның жұмысына шетелдік кеңесшілер тартылмақ.  Бұл жөнінде бүгін Үкімет отырысында қаржы министрі ҚР Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. 

«Биылғы жылдың 1 қазанындағы жағдайға көз салсақ, «екінші толқын» бойынша барлығы 315 нысан жекешелендірілген. Ал, 2016 жылы 6 қазанындағы мәліметке сәйкес, жалпы сомасы 86,6 млрд теңгені құрайтын  322 нысан жекеменшікке өткен. Бұл 2014 жылдың маусымынан бастап есептелген дерек. Оның ішінде, биыл 67 нысан сатылған, 1 қазандағы мәлімет бойынша нысандардың жалпы сомасы 7,1 млрд теңге болып отыр», – деп хабарлады қаржы ведомствосының басшысы.

Бұдан басқа, сатылымда, оның ішінде қайта сатылымға шығарылғандары да бар, «186,1 млрд теңгені құрайтын 200 нысан тұр». Қаржы министрлігінің мәліметінше, екінші рет сатылымға –26, үшінші рет – 35 нысан шығарылған. Осылайша, жалпы сатылымға 515 нысан шығарылған. Бақыт Сұлтановтың ақпарына сүйенсек, олардың 315-і сатылып, қалған 200 нысан сатылымға қойылған.

Сонымен қатар, ТОП-65 құрамындағы нысандарды жекешелендіру жұмыстары да жалғасуда. Олардың арасында республика меншігіндегі ірі компаниялар мен ұлттық холдингтер бар. ТОП-65 нысандарын жекешелендіруге қатысты ұсыныстар Мемлекеттік комиссия отырысында қаралуда, деді ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев. «Біз жыл соңына дейін Мемлекеттік комиссия қарауына «Самұрық-Қазына» қорының ірі компанияларын ТОП-65 тізімінен IPO-ға өткізудің жол картасын ұсынып отырмыз. Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «Эйр Астана», «Қазақтелеком», «Қазпошта», «Тау-Кен Самұрық» және «Самұрық-Энерго» ҰК бар», –деп хабарлады  Қуандық Бишімбаев.

Ұлттық экономика министрі «Мемлекеттік комиссияның 5 отырысы өткенін» жеткізді. «Самұрық Қазына» ҰӘҚ-ның 217 компаниясының 129-ы бойынша шешім шығарылған». Олардың қатарында ТОП-65-ке кіретін  2 нысан да бар. Қуандық Бишімбаевтың мәліметінше, екінші тізімдегі 127 компанияның 59-ы жабылып, 12-сі қайта құрылған, ал 1 компания тізімнен шығарылған. Бұл –«Қайрат» футбол клубы. Сондай-ақ, 55 актив сатылымға шығарылады, оның 32-сі «сатылып кеткен».

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер