astana-view

Фотобайқау жеңімпаздары анықталды

2016 жылғы 13 Қазан
10697 просмотров

Үздік жұмыс иелеріне елдің көрікті жерлерін аралауға және шипажайларда демалуға жолдама берілді

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Елордалық туризм қауымдастығымен бірге, «Мен Қазақстанды жақсы көремін» фотобайқауының жеңімпаздарын жариялады. 

Ұйымдастырушылар ұсынған «Алматы Resort» емдеу-сауықтыру кешенінде 2 адамға арналған 7 тәуліктік демалу жолдамасын Александр Власюк иеленді. Ол байқауға «Almaty region field» жұмысы арқылы қатысқан болатын.

Байқаудың бас демеушісі «SCAT» әуе компаниясы ұсынған Алматы – Сиянь – Алматы бағыты бойынша екі адамға арналған ұшу жолдамасын Илья Афанасьев жеңіп алды. Оның жұмысы «Бозжыра шатқалы» деп аталады.

Фотобайқаудың демеушісі ҚР Президент іс басқармасы медициналық орталығы тағайындаған жүлде «Балалық шақ» жұмысының авторы Гүлнар Аңсағановаға табыс етілді. Ол «Оқжетпес» шипажайында 2 адамға арналған жолдамамен 7 күн демалу мүмкіндігіне ие болды.

«Мен Қазақстанды жақсы көремін» фотобайқауына 98 қатысушыдан 655 фотожұмыс келіп түсті. Айта кетерлігі, фотобайқау қазылары таңдаған үздік 100 фотосурет «Көрерменден көзайымы» аталымына қатыстырылады. Бұл ретте, жеңімпаз сыйлық ретінде «Балқаш» емдеу-сауықтыру кешенінде 7 күнге 2 адамға арналған жолдама алады және ол Facebook әлеуметтік желісіндегі «Атамекен» ҰКП ресми парақшасында (#МенҚазақстандыЖақсыКөремін бірыңғай хэштегі бойынша) 2016 жылдың 11 қазаны мен осы жылдың 11 қарашасы аралығында, ашық түрде дауыс беру арқылы анықталатын болады.

Қазылар құрамына ұйымдастырушылар, бас демеуші, фотобайқау демеушісі, Atameken Business Channel бір өкілі мен екі кәсіби фотограф енді.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер