astana-view

Жергілікті тауар өндірушілер нарықты медициналық өнімдермен қамтамасыз ете алады

2016 жылғы 12 Қазан
- Астана қаласы
9597 просмотров

Медициналық өнімдер шығаратын қазақстандық кәсіпорындар денсаулық сақтау саласындағы жергілікті атқарушы органдардың тапсырысын орындауға әзір

Бұл туралы Астана қаласы мемлекеттік сатып алулар саласында отандық тауар өндірушілерді қолдауға қатысты өткен ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында хабарланды.

Басқосуға елорданың денсаулық сақтау басқармасы, Астана қаласы бойынша тұрғындарды әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту және еңбек басқармасы өкілдері мен ведомствоішілік мекемелері қатысты. Олардың қатарында қалалық ауруханалар, емханалар, медициналық орталықтар мен бизнес өкілдері де бар. 

Шарада сөз алған отандық кәсіпорындардың өкілдері қаладағы әр медициналық мекеменің тапсырысымен жекелей жұмыс жасайтындықтарын жеткізді. Сондай-ақ, олар өнім бағасының да оңтайлы болатынын алға тартты.

Кездесуге қатысушылардың пікірінше, Қазақстанда шығарылатын тауарларға жобалау кезеңінде  мән беріп,  ең алдымен, отандық өндірушілерге басымдық беру керек.

«Осылайша, көптің күшімен Қазақстандағы медицина саласына қолдау көрсетіп, дамыта аламыз», –деді «Жарайсың» ЖШС жетекшісі Бану Ысқақова. 

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Алмат Жүнісов тапсырыс берушілерді отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуге шақырды.

Комиссия жұмысында қалпына келтіру құралдарын өндірушілерге баса назар аударылды. Осылайша, Астана нарығына шығу жоспары жайлы Ақтөбе қаласындағы «Бектемірова» ЖК мен Алматы қаласындағы «Мед холдинг SINTEZ-KZ» ЖШС бөлісті.

Отырыс барысында, қатысушылар, сондай-ақ, шетелдің тәжірибесін де назардан тыс қалдырмады. Оларда мемлекет бизнес-қоғамдастық және өндірушілердің кәсіби бірлестіктерімен тығыз байланыс орнатқан. Қатысушылар медициналық бұйымдар шығаратын отандық тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау нарыққа жылдам шығу үшін қажет деп атап өтті. 

Естеріңізге сала кетейік, Астана қаласы мемлекеттік сатып алулар саласындағы отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету жөніндегі ведомствоаралық комиссия биылғы жылдың сәуір айында құрылған болатын. Оның басты мақсаты тапсырыс берушілер мен отандық тауар өндірушілер арасында тығыз байланыс орнату болып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер