astana-view

Кооперативтер миллиондаған табыс әкеле алады

2016 жылғы 18 Қазан
6349 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жеке қосалқы шаруашылықтарды ауылшаруашылық кооперативтеріне біріктіру жұмысына белсенді үлес қосады

Қазақстанның әрбір облысында пилоттық режимде ауылшаруашылық кооперативтерін құратын аудандар таңдалады. Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов бүгін Үкімет отырысында Қазақстанда жыл соңына дейін 100 сүт қабылдайтын бекет пен 2 мың 200-ден астам мал бордақылайтын алаңды біріктіретін 150 құрылым іргетасын қалау жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, бірінші вице-министрдің айтуынша, 2016 жылдың 15 қазанына дейін 28 сүт қабылдайтын бекет пен 3,3 мың отбасылық мал бордақылайтын алаң құрылған, есеп бойынша, олар 15 мың жеке қосалқы шаруашылықты тартуға мүмкіндік береді. «Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары Қарағанды облысы Нұра ауданындағы пилоттық жоба бойынша оқытуды бастайды. «Атамекеннің» жанынан фермерлерді оқытатын Агробіліктілік орталығы құрылды», – деп атап өтті Қайрат Айтуғанов.

Бұдан бөлек, ауылшаруашылық кооперацияларын дамытуда белсенділікке қол жеткізу үшін жаңа ынталандыру тетіктері қарастырылған, яғни «Ынтымақ» кооперативтерін қосымша несиелендіруге, сүт қабылдайтын «Бірлік» бекеттерін және «Береке» мал бордақылау алаңдарын іске қосуға жаңа несиелік өнімдер әзірленіп, бекітілді». Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 31,8 млрд теңге қарастырылған.

«Шағын несиелердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Үкіметтің қаулысына несиелер көлемін 16 млн теңгеге дейін және оны өтеу мерзімін 7 жылға дейін арттыруды қарастыратын толықтырулар енгізіледі», – деп мәлімдеді Қайрат Айтуғанов.

Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің құрылтайшыларына арналған ережелер де сөз болды. Осыны тілге тиек ете отырып, Қайрат Айтуғанов, сүт қабылдайтын бекеттердегі жүктемені қамтамасыз ету үшін кооперативке қатысушы саны 20-дан кем болмауы керек екенін атап өтті. «Бұрын ауылшаруашылық кооперативтері тұтынушы ретінде құрылып, одан пайда көре алмайтын. Бүгінгі таңда заң жобасында ауылшаруашылық кооперативтері пайда табуға құқылы екендігі айқын жазылған», – деп атап өтті Қайрат Айтуғанов.

Қазақстандағы ауылшаруашылық кооперацияларының ұзақ мерзімге арналған қызметіне баға бере отырып, ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары одан пайда түсетіні анық екенін атап өтті. «Көптеген ауыл тұрғындары қалаға кетіп жатады, дегенмен, ауылда қалалы жерге қарағанда көбірек ақша табуға болады. Мен бірқатар облыстарды мысалға келтіре аламын, мәселен, Қарағанды облысы. Онда жас фермерлер кооперативтерге біріккен және үш жылдан бері Ресейге қаздың етін экспорттап, миллиондаған теңге және тіпті долларлар алып отыр», – деп  түйіндеді Қайрат Айтуғанов.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер