astana-view

«Атамекеннің» жаңа жобасы Жаңаөзенде басталды

2016 жылғы 18 Қазан
4199 просмотров

17 қазан күні «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен жергілікті бизнес ортаны дамыту және жақсарту іс-шаралары бойынша «Жаңаөзенге – жаңа серпін» бағдарламасын іске қосты.

Кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау, шағын және орта бизнеске қатысты заңнамалық және нормативтік қағидаларды қалыптастыру, іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатын көздеген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлердегі жұмысты бастап кетті. Жоба аясында Жаңаөзен қаласындағы шағын және орта бизнес өкілдері, әлеуетті кәсіпкерлер және жастармен кездесу үшін арнайы мамандандырылған мобильді топ құрылды. Айта кетейік, бұл жоба – халықты кәсіпкерлікке тартуды көздейді.

Жұмыс тобы құрамына тәжірибелі басшылар мен Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан өңірлік кәсіпкерлер палаталарының сарапшылары, «Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы басшылығы, сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП орталық аппаратынан салалық департаменттер өкілдері кірді.

Мұнда кәсіпкерлікті ашу және тиімді жүргізу, қаржылық сауаттылық, тендерлерге қатысу, бизнесті жүргізудегі инфақұрылымның қолжетімділігі, заң, салық мәселелеріне қатысты күнделікті жан-жақты кеңес, сүйемелдеу және ақпараттық-әдістемелік көмек көрсетілмек. Арнайы мамандырылған топ кәсіпкерлердің сот істерін қарау, оның ішінде құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша кешенді жұмыс атқаруды межелеп отыр. Жоба аясында жұмыспен қамту жөнінде кәсіптік-техникалық оқыту, қайта даярлау мәселелері қарастырылған.

Жаңаөзен  Ақтау қаласынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан, 142 мың тұрғыны бар шағын қала. Қала құрамына Теңге, Рахат, Қызылсай атты елдімекендер кіреді. Өңірде тіркеуде тұрған 6510 кәсіпкер бар. Олардың кәсібін дамыту туралы ой-жоспарларымен күнделікті жұмыс істелінбек. Бұл ретте, әкімшілік кедергілер, салық жүктемесі, жер тапшылығы, тағы басқа түйткілдер жоқ емес. Барған топтың негізгі міндеті – осы кәсіпкерлермен кездесу арқылы Жаңаөзен кәсіпкерлерінің мәселелері Картасын жасақтап, атқарушы органдармен бірлескен райда тез арада шешімін табу. 

Өңірде 1631 жеке кәсіпкер түрлі қызмет көрсетумен айналысса, көтерме және бөлшек сауда, көлік жөндеумен – 2697, көлік және қойма бағытында – 1732, ауыл, орман және балық шаруашылығымен 96 кәсіпкер шұғылданады екен. Ал қаржы және сақтандыру қызметі, тау-кен өнеркәсібі, сумен жабдықтау, электр жүргізу, газ тарту жұмыстарын 1-4 кәсіпкер қолға алған. Өңірде 14 пен 29 жас аралығында 38053 жас болса, қала жастарының саны – 25368, ауылдық жерде – 12608. Оның ішінде 272 жас кәсіпкер бар, алайда өскелең буынның 1550-і жұмыссыз.

«Бағдарламаны тек қана таныстыру немесе түсіндіріп кету аз болады. Қазір еліміздегі азаматтардың көзі ашық, қалай жұмыс жасау керектігін халқымыз біледі. Енді соның тетігін көрсетіп жіберу керек. Бағдарламаның түрлері көп, алайда іс жүзінде салық мәселесі бар, қағаз мәселесі бар, қай жерге өткізу, қандай несие алу керек деген көптеген мәселелер жолығады. Жоба «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынды және арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның аясында алдағы уақытта кәсіпкерлерге толыққанды қызмет көрсетуді мойнымызға алып отырмыз», – дейді мобильді топтың басы-қасында жүрген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов.

17 қазаннан бастап жоба негізінде бизнес-ортаны жақсарту және дамыту  бойынша бірқатар іс-шаралар көзделген. Өңірде «Bastau Бизнес» және «Bastau Кәсіп» жобалары іске қосылады. «Bastau Бизнес» арқылы өзін-өзі қамтыған және ісін жаңа бастаған жұмыссыз тұлғаларға кәсіпкерлік белсенділігін арттыру бойынша оқыту жұмыстары жүргізіледі. «Bastau Кәсіп» жобасы аясында жұмысшы кәсіптер бойынша жұмыссыз жандар оқытылады. Бұл жоба тікелей жастарға басымдық береді. Мектепті бітіріп, жоғары оқуға түспей қалған жасөспірімдерді белгілі бір кәсіпке машықтандыру, жұмыс орнын табуға атсалысу мұрат етілген.  

«Бүгіннен бастап «Жаңаөзенге – жаңа серпін» жобасын жүзеге асыру, Кәсіпкерлерге кеңес беру орталығын құру бойынша жұмыстарының нәтижелі болатынына сенеміз. Бұл қадамдарға біздің тарапымыздан барлық қолдаулар көрсетілетін болады. «Атамекен» мамандарымен жергілікті мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және тиісті құзыретті органдардың басшылары бірігіп жұмыс істейді», – дейді Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбілов. 

Жоба аясында жергілікті бизнесін енді бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге барлық шаралар бойынша қаржылық және қаржылық емес қолдау көрсету үшін арнайы консультациялық орталық ұйымдастырылады. Жұмыс тобы кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша сервистік фронт-офис ұйымдастыру арқылы, барлық мемлекеттік органдардың және даму институттарының қызметтерін (жер комитеті, сәулет және қала құрылысы бөлімі, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Даму» қоры, «Қазагро», «Kaznex Invest» және т. б.)  қолжетімді етеді.  Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша тұрғындарға көшпелі таныстырылымдар легі өткізіліп, оның ішінде  ҚР ҰКП Агробіліктілік орталығының бағдарламасы бойынша агроөнеркәсіп кешеніндегі бірқатар мағлұматтар берілмек.

Жедел топ мамандары «Atameken Servises» ұтқыр қосымшасының мүмкіндіктерін Жаңаөзен қаласының кәсіпкерлеріне таныстырып, түсіндіреді. Жалпы бизнес-ортаны жақсарту және дамыту жөніндегі «Жаңаөзенге – жаңа серпін» бағдарламасы бойынша шамамен 30-дан аса іс-шара жоспарланған.

Жоғарыда көрсетілген қызмет түрлері кәсіпкерлік бастамасы бар тұлғалармен қатар, Жаңаөзен қаласының барлық тұрғындарына қолжетімді болмақ. Жаңа нәрсені үйрену, өз кәсібін бастау, пайда табу ынтасы мен тілегі бар адамдар үшін есік ашық. Қаржылық сауаттылық, бизнесті білуге жұмсалған құлшыныстың өзі жетістіктің жартысы. Қызмет көрсету мекенжайы - Жаңаөзен қаласы, Сәтпаев көшесі, № 1 ғимараты, уақыты - жұмыс күндері сағат 09-00-ден 18-30-ға дейін. Толық ақпаратты немесе туындаған сұрақтарға жауапты мына телефондар арқылы білуге болады: 8 (7292) 30-40-40, 8 777 751 68 88, 8 775 469 99 77.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер