astana-view

Тауар өндірушілерге тең жағдай жасалады

2016 жылғы 27 Қазан
- Жамбыл облысы
6795 просмотров

Таразда облыстық прокуратура мен Кәсіпкерлер палатасы құрған Отандық тауар өндірушілерді қолдау орталығы алғашқы жұмыс қорытындысын шығарды

Орталық отандық тауар өндірушілерді қолдау, олардың белсенділігін және бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында құрылған.

«Біздің басты мақсатымыз – мемлекеттік сатып алулар өткізу кезінде жергілікті кәсіпкерлердің үлесін арттыру, – деп атап өтті облыстағы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова. – Бұл үшін біз өңірдегі тауарларды тұтыну нарығын, соның ішінде импорт пен экспорт көлемін зерттемекпіз. Қазір біз Өңірлік тауар өндірушілер тізілімін жасаумен айналысып жатырмыз, бұл мәселеде компаниялардың өздері де белсенділік танытулары қажет, яғни Кәсіпкерлер палатасына келіп, Тізілімге қосу үшін компания туралы толық ақпараттарды ұсынулары қажет».

Орталықтың ашылғанына екі айдай ғана болса да, ол бірқатар жетістіктерге жетіп үлгеріпті. Ол туралы облыс прокурорының көмекшісі Абай Алтаев айтып берді: «Кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, облыстың барлық аудандарына барып, жергілікті кәсіпкерлермен өткен кездесулердің барлығына қатысу арқылы біз бірқатар мәселелерді анықтадық. Мәселен, Меркі ауданының кәсіпкерлерімен кездесу барысында «Мерке ірімшік зауыты» ЖШС-ның директоры облыстық Мемлекеттік кірістер басқармасының қосымша салықтар есептегенін айтты. Бұл мәселені біз Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып зерттеп, мемлекеттік органның әрекеті заңсыз деген қорытындыға келдік. Прокурорлардың араласуымен заңсыз ескертпенің жойылуына қол жеткіздік. Кәсіпкерге 120 миллион теңге айыппұл салуға жол бермедік. Осыған ұқсас жеті дерек анықталды, нәтижесінде, бизнесті 400 миллион теңге болатын айыппұлдан босаттық. Бұл кейбір кәсіпорындарды банкротқа ұшыратуы мүмкін еді».

Ол ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге көмектесуде жеткен жетістіктерді де айтып өтті.

«Орталық ауыл шаруашылығы басқармасының мемлекеттік қызмет көрсету кезінде заңнамада қарастырылмаған құжаттарды талап ету деректерін анықтады. Қабылданған шаралар бойынша бұл жайтқа да тоқтау салдық. Нақты 300-ден астам кәсіпкерлік субъектісінің құқығын қорғадық», – деп атап өтті ол.

Одан бөлек, оның айтуынша, Орталық түзету мекемелерінде алты бірдей кәсіпорын құруға көмектесіп, 520 адамды жұмыспен қамтыған.

«Бизнес үшін біздің есігіміз ашық, барлық отандық тауар өндірушілердің мәселелерін, сондай-ақ нақты ұсыныстарын тыңдауға әзірміз. Қажет жағдайда, прокуратурамен бірігіп, мемлекеттік органдарды және басқа да ұйымдарды тарта отырып, түйіткілді мәселелерді шешу жолдарын табамыз»,– деп сөзін қорытындылады Қарлығаш Аралбекова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер