astana-view

Зияткерлік меншік нарығына бақылау қажет

2016 жылғы 02 Қараша
6862 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында зияткерлік меншік саласындағы заңды жетілдіру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер енгізуді талқылауға арналған қоғамдық тыңдалым өтті

Талқылауға Әділет министрлігінің, Жоғары соттың, Бас прокуратураның, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, депутаттар, құқық қорғаушылар және БАҚ қатысты.

Қоғамдық тыңдалымның мақсаты – азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қорғайтын заң жобасын түсіндіру және талқыға салу.

Заң жобасы Елбасының 2014 жылғы 12 маусымдағы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 27-пленарлық отырысының қорытындысы бойынша берген Зияткерлік меншікті қорғау саласындағы экономикалық әріптестік  ұйымының стандарттарына жүйелі түрде өту туралы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.

Заң жобасының негізгі қосымшалары:

– зияткерлік меншік нысандарын тіркеу жөніндегі құзырлы сарапшы ұйымға («Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК) тапсыру арқылы зияткерлік меншік нысандарын тіркеудің бір деңгейлік жүйесін құру;

– тіркеу бойынша дауларды сотқа дейін қарау мүмкіндіктерін кеңейту;

– тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін құқық иесін өтемақы алу құқығымен қамтамасыз ету;

– сарапшы ұйымға келіп түскен сәттен бастап тауар белгілеріне өтінімдер жариялау.

Қоғамдық тыңдалымда қаралған мәселелер әрбір азамат пен кәсіпкерлік субъектісі үшін маңызды. Осыған байланысты ҰКП осы саладағы түйіткілді мәселелерді шешу туралы өз пікірін білдірді. Негізінен, авторлық құқық негіздерін реттеу мәселелері қозғалды.

«Қазақстанның даму жолы зияткерлік меншікті қорғау және сақтауға тікелей байланысты индустриялды-инновациялық саладағы, жаңа технологиялар мен инновациялар саласындағы жетістіктерге бағытталған. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-қонструкторлық талдамалар, технологиялық шешімдер, ғылыми, әдеби шығармалар және өнер, тауар белгілері, бағдарламалық өнімдер экономиканың барлық саласында ілесіп жүреді. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды жүзеге асырып отырған ұйым ретінде Ұлттық палата зияткерлік меншікті қорғауға және сақтауға тікелей мүдделі. Бизнес-қауымдастық мүдделерін қанағаттандыру бойынша міндеттерді іске асыруда Ұлттық палатада тұрақты түрде қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленіп жатыр», – деп атап өтті ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов.

Сонымен, Құқықтарды ұжымдық басқару ұйымы мен пайдаланушылардың өзара әрекеттесуіне қатысты өткен соңғы жиында (Алматы қаласы, 2016 жылдың 7 қыркүйегі) музыкалық, аудиовизуалды шығармаларға және т.б. авторлық және аралас құқық нысандарын қорғауға қатысты құқық иеленушілер мен авторлардың мәселелері көтерілген еді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шығармаларды бекітілген заңнамалық  ерекшеліктер шегінде пайдаланудан (мәселен, құқық иеленушінің келісімімен азаматық айналымға заңды түрде шығарылған шығармалардың көшірмелерін тарату (сату), дәйексөз алу және т.б.) бөлек жағдайларда зияткерлік меншік нысандарын автордың немесе құқық иеленушінің келісімімен пайдалануға болады. Шығарманы пайдаланудың ерекше құқығын иеленушінің келісімін растайтын құжат – құқық иеленуші мен пайдаланушы  (шығарманы пайдаланушы тұлға) арасында жасалған Шарт.

Алайда тәжірибе жүзінде сыйақы алу құқығы Құқықтарды ұжымдық басқару ұйымының ұлттық және жалпы дүниежүзілік жүйесі арқылы жүзеге асады. Құқық иеленушінің мүдделеріне сай Құқықтарды ұжымдық басқару ұйымы пайдаланушылармен лицензиялық шарттар жасауды, сондай-ақ авторлық құқықтар жөніндегі ұйымдардың халықаралық жүйесі арқылы сыйақыларды жинау, құқық иеленуші-мүшелерге және шетелдік құқық иеленушілерге тарату мен төлеуді қамтамасыз етеді не болмаса сыйақыларды аралас құқық иеленушілер пайдасына жинайды.

Қазақстандық заңнама бойынша, нақты бір рәсімдерден өтуі себепті құқық иеленушілердің шектеусіз тобының құқықтарын қорғайтын ұйымдар аккредиттеледі. Соған қарамастан, 9 ұйым ғана аккредиттелген, соның өзінде үш ұйым ғана өз қызметін нақты атқарып отыр, яғни, алымдарды жинап, авторларға төлеп отыр (орындаушыларға), қалғандары әрекетсіз. Аталған шарттар бойынша мөлшерлемелерді ұйымдар өз беттерінше тағайындайды.

Құқықтарды ұжымдық басқару ұйымына қарағанда, аккредиттелген ұйымдар мүдделі тұлғаларға мұндай көмекті анағұрлым білікті, қолжетімді және толық көрсетуі тиіс. Құқық иеленушіге ақы төлегісі келген пайдаланушы осындай ұйымдар қызметінің арқасында мұны тиімді түрде іске асыруға мүмкіндік алады.

Заң бойынша, мемлекеттік аккредиттеу пайдаланушының да, құқық иеленушінің де заңды құқықтары мен мүдделерінің кепілі ретінде қызмет атқаруы тиіс.

Алайда тәжірибе жүзінде мемлекеттік органдар қажетті бақылауды жүргізбейді: қаржылай қызметте те, заңда жазылған міндеттемелер де бақыланбайды. Оларды сақтамау аккредиттеуді алып қоюға әкеліп соқтырады.

Қазіргі таңда зияткерлік меншікті ұжымдық басқару мәселелері мен шығындар бүкіл әлемнің ерекше назарын аударып отыр. Мәселелерді талдау аталған тетіктің айқын кемшіліктерін көрсетіп берді, шындығында, сыйақы үшін біреудің мүліктік құқығына билік жүргізетін ұйымдарды құқық иеленушлер қаржылық жағынан да, ұйымдастыру жағынан да бақыламайды. Құқық иеленушілердің пайдасына жиналған қаражаттарды бөлудің күңгірт тетігі о бастан-ақ құқықтарды ұжымдық басқару қағидасының негізі ретінде қаланған – жиналған ақшалай қаражаттар құқық иеленушілер арасында нақты шығармаларды нақты пайдалануға пропорционал бөлінуі тиіс. Ал іс жүзінде пайдаланушылар ұсынатын авторлық және аралас құқық нысандарын пайдалану туралы есептердің деректері, статистикалық мәліметтер мен рейтингілер түрліше өзгертіледі. Ескерілмейтін нәрсені басқару да мүмкін емес.

Жоғарыда айтылған жайттарды қорытындылай келе, ҚР «Авторлық және аралас құқық туралы» заңының 4 бөліміне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді және авторлық құқықтарды басқару жөніндегі ұйымдардың қызметін ашық түрде реттеу ұсынылады.

Авторлық құқық негіздерінің құқықтық жағынан айқын реттелуі құқық пайдаланушылар үшін қолайлы жағдай туғызып қана қоймай, жалпы алғанда ел экономикасының серпінді дамуына ықпал етеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер