astana-view

Мың естігеннен бір көрген артық

2016 жылғы 18 Қараша
- Жетісу облысы
5995 просмотров

Мектеп оқушылары университеттің озық жобаларымен танысты

Кәсіптік бағдарлау ісі бойынша облыстық Кәсіпкерлер палатасы Назарбаев зияткерлік мектебінің жоғарғы сынып оқушыларына І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне экскурсия ұйымдастырды. Оқушылармен Ескелді ауданының кәсіпкерлері де кездесті.

Оқушылар университеттің ғылыми-танымдық әлеуетімен танысу үшін, физика-математика факультетінің тәжірибелік зертханасын аралады. Бұл оқу орнының ғылыми-техникалық жұмыстарының жай-жапсары жөнінде оқытушы, техникалық ғылымдардың кандидаты Рахмет Қалымұлы әңгімеледі. Ғалым студенттердің зерттеулері мен жетістіктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Оқушыларға ерекше микроскоп көрсетілді. Бұл микроскоп бірнеше ай бойы құрастырылған. Оқытушының сөзіне сүйенсек, оның басты ерекшелігі – ол кез келген компьютер мен ноутбукке usb-кабель арқылы қосылады. 

«Қосылған соң экранда нысанның үлкейтілген кескінін көруге, көзге көрінбейтін детальдері мен құрылымдарды зерттеуге мүмкіндік береді. Сондықтан зерттеу жүргізуге бұдан басқа құрал сатып алудың қажеті болмай қалады. Қолданысқа өте ыңғайлы, бағасы да қымбат емес. Қазірдің өзінде бұл құралға біршама оқу орындары қызығушылық танытып отыр», – деді ол.    

Бұл құрал әлі патенттелмеген. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары құрылғыны алғашқылардың бірі болып көріп отыр. Авторлық құжаттар рәсімделген соң, микроскоп өңірдің ғылыми және білім беретін ортасына көрсетілетін болады.

Екінші көрсетілген нысан – көп функционалды жылыжай болды. Бұл кешен бір жыл бұрын облыс әкімінің грантына салынған. Жылыжайда зерттеу жұмыстары жүреді, көкөністер егіледі. Мұнда студенттер өсімдіктердің биологиялық ерекшеліктері мен қасиеттерін зерттейді, тыңайтқыштың әсерін бақылайды. Бұл жобаны университет жанындағы ғылыми зерттеулердің нәтижесін коммерциализациялау жөніндегі кеңсе үйлестіреді. Оқушыларға жылыжайдағы өсімдіктердің күтімі, кешендегі ауа-райының қалыбы туралы мәлімет берілді. Содан соң оқушылар сұрақ қойып, жылыжай кешенін салудың қыр-сырымен танысты. 

Кәсіпкерлер палатасының адам капиталын дамыту бөлімінің сарапшысы Ардақ Қашқарованың айтуынша, мұндай экскурсиялар өткізу келешекте мамандық таңдауға көп әсерін етеді.

«Кездесуге келгендер – өзінің келешегін білім және ғылыммен байланыстыратын жоғарғы сынып оқушылары. Оқу экскурсияларын ұйымдастыру еңбекке баулу мен кәсіптік бағдар берудің өте маңызды тәсілі. Бұрын өндірістерді көзбен көріп, нақты ойлар қалыптастыруға жол ашады. Енді оқушылардың ой қорытып, салыстырып, таңдау жасауға мүмкіндігі бар», – дейді сарапшы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер