astana-view

Қазақстанға Қытай туристерінің қызығушылығы артуда

2016 жылғы 22 Қараша
8307 просмотров

Қазақстан мен Қытай 2017 жылы Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы туризм жылын және Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы турзим жылын өткізу аясында қос елдің туристері үшін қолайлы жағдайлар жасауды жалғастырмақ

Бұл туралы тараптар Қытайда өткен International Travel Mart 2016 (CITM 2016) халықаралық туристік көрмесі барысында келісті.

Көрмеде Қазақстанның өңірлері мен ірі туроператорлық компаниялары бірлесе ұлттық стендті ұсынды, соның аясында еліміздің туристік қызметтерін, сондай-ақ «Astana EXPO 2017» халықаралық көрмесіне қатысу әлеуеті мен аталған көрме шеңберіндегі ынтымақтастық көкжиегіне қанықтырды.

Көрмеде «KazAllianceGroup», «Explore Central Asia LTD», «Sky Way Travel», «TuranAsia LLP», «Меруерт Саяхаты», «ABDI travel», «Touroperator Kompas», «Travel and MICE», «Uni tour», «Complete service»,  «Керуен», «Туроператор «Asia Discovery», «Арнай тур» сияқты отандық компаниялар өздерінің туристік өнімдерін көрсетті.

CITM көрмесінің шеңберінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Иғалиев ҚХР Туризм ісі жөніндегі мемлекеттік басқармасы өкілдерімен кездесу өткізді. Тараптар әріптестікті тереңдету, туристерге жасалатын жағдайды жақсарту және 2017 жылы Қытай Халық Республикасында Қазақстанның туризм жылын және Қазақстанда Қытай Халық Республикасының туризм жылын өткізу аясындағы әріптестік ауқымын кеңейту туралы келісімге келді.

«Бүгінде әлемде қытай туристері үшін күрес жүріп жатыр, өйткені әлемдегі әрбір оныншы турист – қытай. 2015 жылы шетелге шыққан қытайлардың саны 120 млн адамнан асып кеткен, ал қытай туристерінің шетелдегі тұтынымының жиынтық көлемі 200 млрд доллардан асып жығылды. Сондықтан Қытайдың 25 млн тұрғыны бар ең бай қаласына туристік бизнестің барлық ірі қатысушылары келді. Қазақстанға да қызығушылық өте жоғары. Оңтүстік Қытай өңіріндегі бай туристер біздің еліміз туралы аз біледі. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Туризм индустриясы департаменті «Атамекен» ҰКП бастаған туристік операторлармен және кәсіпкерлермен бірлесе отырып, көрмеде еліміздің туристік әлеуетін таныстырды. 2017 жылы Қазақстанның Қытайдағы туризм жылын өткізу аясында басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Қазақстанды Қытай еліне таныстыру үшін бірқатар шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз», – деп хабарлады Марат Иғалиев.

CITM барысында Қытайдың туристік компаниялары мен туристері Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне үлкен қызығушылық танытты. Олар билеттердің бағасы мен билет операторлары, бекітілген туристік бағыттар туралы сұрастырып жатты.

Айта кетерлігі, CITM – жыл сайын Қытайдың Шанхай және Куньмин қалаларында кезекпен өткізіліп тұратын Азиядағы ірі кәсіби туристік көрме. Биыл ол «Shanghai New International Expo Centre» кешенінде 65 мың шаршы метр аумақта өткізілді. Оған 400 халықаралық қатысушы қатысты, олар: мемлекеттік органдар, туризм қауымдасықтары, туристік агенттіктер, әуе компаниялары, қонақ үйлер, шипажай кешендері, көрме орталықтары, барлығы 600 делегация және 100 мыңнан астам қонақ.       

Анықтама үшін

Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы елшілігі таратқан мәліметтер бойынша, 2015 жылы жалпы алғанда ҚХР азаматтарына 118 321 виза берілген. Оның 85 358-і, яғни 70%-ы Қытайда тұратын этникалық қазақтарға тиесілі. 19 мыңы іскерлік, 10 мыңы жұмыс істеу, 4600 туристік мақсаттарға тағайындалса, білім алу үшін 173 виза әзірленген екен.

2016 жылдың 9 айы ішінде 86 203 виза табысталса, соның 58 474-і, яғни 68%-дайы ҚХР-да тұратын этникалық қазақтарға беріліпті. 15 мыңнан астам іскерлік, 5 мыңдай туристік және білім алу үшін 299 виза ұсынылса, 322 қызметтік, 23 инвесторлық, 56 транзиттік виза таратылған.

Қазақстандық делегацияның шараға қатысуын Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және ҚР Инвестициялар және даму жөніндегі министрлігінің Туризм индустриясы департаментімен бірлесе отырып ұйымдастырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер