astana-view

Егін шаруашылығына субсидия бөлу жалғасады ма?

2016 жылғы 22 Қараша
- Ақтөбе облысы
6333 просмотров

Соңғы жылдары ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға баса мән беріліп отыр. Жуырда талқыланған Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасына сәйкес, өсімдік шаруашылығының тиімділігін 48%-ға көтеру көзделген. Алайда, бұл мақсат субсидиялау көлемін ұлғайту тұрғысынан емес, керісінше тиімділігі төмен субсидияларды азайтып, сұранысқа жоғары бағыттарға бұру есебінен жүзеге асырылмақ. Соған орай өсімдік шаруашылығына бағытталған субсидиялау көлемі ендігі уақытта азайтылатын болады.

Жаңа тұжырымдама ауылшаруашылығына оң өзгерістер әкелмек. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар  Мырзахметов еліміздің батыс өңірлеріне АӨК-ті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын түсіндіру жұмыстарын бастап кетті.

Бұл ретте, елімізде бидай ішкі сұранысты толық өтеп, артығымен өндіріліп жатқандықтан,  бидай егістігін 2,3 млн гектарға қысқарту жоспарда бар. Сондықтан дақылдарды әртараптандыру жұмыстары жалғасып, бидай алқаптарының бір бөлігі сұранысқа ие өзге дақылдармен алмастырылады. Ауыл шаруашылығының мәлімдеуіше, бидайдан босаған жерлерге сұранысқа ие арпа, сұлы, өзге де майлы дақылдар егіледі. Ауыл шаруашылығының өнімділігін жоғарылату мақсатында жоғары сапалы тұқымдарды қолдану және тыңайтқыштарды енгізу үшін мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады.

Осыған дейін қолданыста болған майлы дәнді дақылдар мен астыққа берілетін гектарлық субсидиялар инвест субсидиялауға алмастырылады, яғни зауытқа өңдеуге берілген өнім бойынша субсидиялар беріліп,  сондай-ақ, су ауыл шаруашылығы техникасын алу, жаңа технологиялардың дамыту, өңімнің генетикалық сапасын арттыру бағыттарына қолдау көрсетіледі.   

Қараша айының басында Ақтөбе қаласында өткен жергілікті жиналыста ҚР АШМ өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Бахыт Ілиясов мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру шараларына нақтырақ тоқталды.

«Гектарлық субсидиялаудан бас тартудың негізгі себебі оның әлсіз тиімділігі болып табылады. Бүгінгі таңда әртараптандырудың қарқыны жеткіліксіз болып тұр. Егістік құрылымында бидайдың үлесі (57%) көп. Ғылыми ұсынылған мөлшері 45%, бұл оның қайта өндіру, өз кезегінде сату бағасының деңгейіне, осылайша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржылық жағдайына әсер етеді. Соңғы 5 жылда (2011-2015 жылдары) астықтың орташа жылдық өтетін қалдығы 5,5 млн. тонна, оның ішінде бидай 5,0 млн. тоннаны құрады», – деді Бақыт Ілиясов.

 

Әлия Кемелбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер