astana-view

Сән саласындағы айшықты оқиға

2016 жылғы 23 Қараша
- Алматы қаласы
6386 просмотров

Алматыда «Сosmobeaute Kazakhstan-2016» атты косметология және эстетикалық медицина көрмесі өтіп жатыр

Қарашаның 23-і мен 25-і аралығында бьюти-индустрия саласындағы жүздеген кәсіби мамандар саланың ең соңғы жетістіктерін паш етеді. Тосынсыйлар мен тартымды чемпионаттарға, қызықты шеберлік-сыныптарына толы көрме осы күздің қызықты оқиғасы болмақ.

Қазақстандағы алғашқы «Cosmobeautе Kazakhstan-2016» көрмесі сұлулық және эстетикалық медицина саласындағы басты B2B оқиға болмақ. Ол эстетикалық медицина секторындағы жетекші мамандардың, косметологтардың, пластикалық хирургтардың, көтерме және бөлшек сауда өкілдерінің, сән индустриясындағы кәсіби мамандардың, сондай-ақ Азия мен Еуропа елдеріндегі бизнес иелерінің басын қосады. Көрме бағыттары: кәсіби косметика, косметология мен эстетикалық медицинаға арналған жабдық, шашқа арналған кәсіби косметика, құралдар мен жабдықтар, татуаж, перманентті макияж жасауға, тырнақ күтіміне арналған кәсіби құралдар мен жабдықтар, тері күтіміне арналған емдік-косметикалық құралдар, парфюмерия, косметика, жеке бас гигиенасына арналған құралдар, декоративтік косметика, табиғи косметика, SPA & Wellness.

«Бүгінгі сән индустриясындағы оқиға – қала үшін өте маңызды. Сауда қызметіндегі республикалық көлемнің 31%-ы Алматының үлесінде, бұл жақта республика бойынша ең көп орта және шағын бизнес субъектілері тіркелген. Олардың көп бөлігі косметология және эстетикалық медицина сияқты бизнес түрлерімен айналысады. Қалада медициналық қызмет көрсетуге арналған республикадағы ірі инфрақұрылым бар: жүздеген мамандандырылған диагностикалық, емханалық, амбулаториялық мекемелер, ғылыми-зерттеу және шипажайлы ұйымдар, түрлі емдеу орталықтары құрылған. Атап өтерлігі, Алматыда дәрігерлермен қамтылу республикалық көрсеткішпен салыстырғанда, 2 есе жоғары. Мұның барлығы осы саланың дамуына жақсы жағдайлар жасайды. Біз сіздердің жақсы әсер, пайдалы білім алып, тиімді байланыстар мен келісім орнатып қайтуларыңызға тілектеспіз!», – деді шараның ашылу салтанатында Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Айгүл Шағамбаева.

Көрме аясында Еуропадан келген белді спикерлердің қатысуымен «Эстетикалық медицинаның еуропалық мектебі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, шаштараздық өнер, тырнақ эстетикасы, бет әрлеу  және боди-арт бойынша Қазақстан Республикасының І Чемпионаты,  ARAVIA Professional-дан семинар, украиндық танымал шаштараз әрі Украина шаштараздары одағының президенті Алексей Антонюктен салон бизнесі, кәсіби шеберлік бойынша тренинг және Еуропадан, Украинадан, Ресейден, Азиядан келген жетекші сарапшылармен басқа да коуч-бағдарламалар өтеді.

Көрменің идеялар зертханасы nail-дизайн, шаштараздық өнер, макияж жасау, эстетикалық медицина және косметология саласындағы жаңа шешімдерге арналған 12 шеберлік сабағын ұсынады.

Көрменің артықшылығы – экспоненттердің халықаралық құрамы. Италиядан, Қазақстаннан, Қытайдан, Кореядан, Ресейден, Украинадан, Жапониядан және т.б. елдерден келген компаниялар салалық жаңалықтарын ұсынып, өз стенттерінде таныстырылымдар, шеберлік-сыныптарын өткізеді. Сондай-ақ «Cosmobeaute Kazakhstan-2016» көрмесі «Buyer Zone» іскерлік кеңістігімен өтетін  байерлік бағдарламаға қатысуға мүмкіндік береді. Онда импорттаушылармен, дистрибьюторлармен және сатып алушылармен One2One кездесулер өтеді. Одан бөлек, «Cosmobeaute Kazakhstan-2016» көрмесіне  Өзбекстан мен Қырғызстаннан қазақстандық және халықаралық компниялармен әріптестік орнату мақсатында косметология және эстетикалық медицина саласындағы мамандардың ресми делегациясы келеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер