astana-view

Сурет салудан бөлек, мәселенің сан қыры бар

2016 жылғы 30 Қараша
7138 просмотров

Қазақстанның фэшн-индустриясында білікті мамандар тапшы

Бұл туралы бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен дөңгелек үстелде отандық сән үйлерінің өкілдері мәлімдеді. Олар киім тігу және дизайн саласында мамандар даярлайтын отандық оқу орындары түлектерінің білім деңгейі жоғары, алайда жас мамандардың кәсіби өресі өндіріске сай келмейді деп отыр. Түлектер, тіпті қарапайым дүниелерді жасай алмайды дейді олар.  

«Маған бір айдың ішінде 100 дизайнер келеді. Алайда олардың үйлестіруден мүлде хабары жоқ болып шығады. Ал, дизайнер өзінің не салып отырғанын нақты білмесе, оны қалай үйлестіріп, тіге алады? Оның еш мәнісі болмайды ғой. Бізге қазір дизайнерлерден бөлек, құрастырушыларға да назар аудару қажет. Бұл мамандық математикалық мамандықты талап етеді. Алайда, ешкімнің ойлағысы жоқ! Бәрі тек сурет салумен шектеледі!», – деді Павлодардан келген қатысушы, әйелдер киімін шығаратын Аида Әбдірахманова.

Павлодарлық сән үйі өкілдерінің бірі Раиса Райымбекова да қазақстандық түлектердің бішкектік оқу орындарын бітірген дизайнерлермен салыстырғанда бәсекеге мүлде қабілетсіз екендігін атап өтті.  

«Онда олардың саны сегіз! Оларды даярлау сапасы да жоғары. Студенттерді үшінші курстан бастап Италия мен Қытай сән үйлері алып кетеді екен. Бүгінгі қазақстандықтар киіп жүрген киімдердің көбін Қытайда жұмыс істейтін қырғызстандық дизайнерлер жасайды», – деді ол.

Кездесуга қатысушылар, қазақстандық дизайнерлер, республикадағы шикізат базасына қатысты мәселелер шешілмейінше, баға тұрғысынан бәсекеге қабілетті киімдер шығара алмайды деген пікірді алға тартты. 

Олардың айтуынша, барлық сәнгерлер бүгінде сырттан әкелінетін шикізатты пайдаланады. Нәтижесінде, made in Kazakhstan киімі түркиялық немес қытайлық бағаға төтеп бере алмайды екен.

Сонымен қатар, жиында дизайнерлер елде тоқыма өнеркәсібін, оның ішінде тігін және тері өнеркәсібін жолға қою қажеттігі туралы пікірлер айтты.

Қолдан жасалған эксклюзивті бұйымдар шығарумен айналысатын алматылық компания өкілінің сөзінше, олардың басты мәселесі қалалардағы ірі сауда орындарындағы жалға алу бағасының шамадан тыс қымбаттығы. Оларды жалдауға шағын кәсіпкерлердің қалтасы көтермейді.  

«Әрине, оның барлығы бұйымның бағасына әсер етпей қоймайды. Ал Қырғызстанда жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамығандықтан, олар бізді нарықтан ығыстырып отыр. Сондықтан біз Ұлттық палата мен Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығынан аталған мәселені шешуге көмек берулерін сұраймыз. Тым болмаса, алғашқы кезеңге жеңіл мөлшерлеме бекіткен жөн болар»,– деді ол. 

Аталған сауалға жауап берген ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Батырбек Әубәкіров, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін, жалға алу шығындарын өтеу бойынша бірқатар ұсыныстар әзірлеп қойғанын жеткізді.

«Біз оларды ҰКП-ның бизнеске қатысты өзге де талаптарды жақсартуға бағытталған ұсыныстарымен бірге әзірледік. Қазір ол Үкімет қарауында жатыр. Аталған мәселе бойынша мемлекеттік органдар қолдау көрсетеді деген ойдамыз», – деп атап өтті  Батырбек Әубәкіров.

Проблемалар мен оларды шешу жолдарына кеңінен тоқталған қатысушылар, отандық дизайнерлердің мүмкіндіктерін бір қауымдастықтың немесе жаңа құрылған бірлестіктің аясына шоғырландыру қажет деген қорытындыға келді.  

Белгілі дизайнерлердің бірі Белла Сәт-Мырза, отандық сәнгерлер өзара тәжірибе алмасу үшін, оларды Қазақстандық сән апталығына қатыстыру керек деді.

Оның айтуынша, бүгінде елдің сән әлеміндегі басты оқиғаға қатысу мүмкіндігіне тек бірлі-екілі сәнгерлер ғана ие болады екен. Себебі, шараға қатысу үшін, қыруар қаражат қажет екен. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер