astana-view

Бизнес мүддесін қорғауда

2016 жылғы 23 Желтоқсан
- Батыс Қазақстан облысы
5987 просмотров

Кәсіпкерлерден келіп түскен арыздардың 60%-ы бизнестің пайдасына шешілген

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес 2016 жылдың екінші жартысында атқарған жұмысы туралы есеп берді.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің желтоқсан айындағы отырысы Орал өңірінің бизнесмендерін Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай марапттаумен басталды. Кеңес төрағасы Қайдар Қапанов марапаттарды табыстай отырып, бизнес өкілдерінің өңір экономикасын дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті. «Лайықты марапаттардың өз иелерін тапқандығы қуантады, – деді Кеңес төрағасы. – Кәсіпкерлердің экономиканы, әлеуметтік саланы, мәдениетті дамытудағы еңбегі бүгінде елімізде жоғары бағаланып жатыр. Марапатталушылар арасында облысымызға танымал кәсіпкерлердің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің болуы бізді бұрынғыдан да қатты қуантып отыр».

«ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медальдарымен «Квант» ЖШС директоры Михаил Пшеничный, «Талап» АҚ президенті Ольга Дунаева, «Стекло-Сервис» ЖШС директоры Аркадий Рубцов, «Стройкомбинат» ЖШС директоры Акчан Нурбаевтар марапатталды. «Шағын бизнес орталығы» қауымдастығының директоры Шолпан Махмудова мен «Топан» ЖШС директоры Владимир Харчевке экономика мен жеке кәсіпкерлікті дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін «Атамекен» ҚР ҰКП-ның ІІІ дәрежелі «Ісіне адалдығы үшін» медалі табыс етілді. «Атамекен» ҚР ҰКП-ның ІІІ дәрежелі «Ісіне адалдығы үшін» медалімен марапатталғандар қатарында сондай-ақ Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы, «Хисмет Қапанов атындағы Орал халықаралық гимназиясы» ЖШС директоры Қайдар Қапанов та бар. «Атамекен» ҚР ҰКП Басқармасының Құрмет грамоталарымен бірқатар бизнес, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері марапатталды. Олардың қатарында облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің мүшелері Татьяна Трифонова, Әлия Салиевалар, облыстық прокуратура өкілдері және басқалар бар.

Шараның салтанатты бөлігі мен естелік фотодан кейін Кеңес мүшелері мен кәсіпкерлер Кеңес Хатшылығының атқарылған жұмыстары туралы есебін тыңдады.

Кеңес мүшелеріне Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес тапсырмаларының орындалу барысы туралы ақпарат берілді. 2016 жылы Кеңестің 10 отырысы өтті, оның 6-ы екінші жарты жылдықта өтті. Жалпы алғанда, бизнестің құқықтарын қорғау желісі бойынша Палатаға жыл басынан бері 100 арыз келіп түскен, соның 60-тан астамы оң шешім тапқан. Сонымен қатар Кеңеске бизнес субъектілерінің ең өзекті әрі жүйелік мәселелері шығарылатындығы аталып өтті.

Кеңестің екінші жарты жылдықта өткен алты отырысында 15 мәселе қаралып, 31 қарар қабылданған. Олардың негізгілері жергілікті атқарушы органдармен, прокуратура органдарымен, Орал қаласы мен облысының жер қатынастары бөлімдерімен, БҚО Мамандандырылған ауданралық экономикалық сотымен, БҚО Мемлекеттік кірістер департаментімен  жұмыстарды жандандыру мәселелеріне қатысты болған.

Бүгінгі таңда Кәсіпкерлер палатасы әзірлеген Жер телімдерін ұсыну рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың егжей-тегжейлі жоспарын және қалалық жер комиссиясының прокуратура органдарымен бірлесе отырып, жерлерді (игерілмеген, алынып қойылған, пайдаланылмаған) түгендеу кезіндегі заңдылықтың сақталуын тексеруге қатысты жұмыстарын, сондай-ақ ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді субсидиялауды іске асыру мәселелері шешіліп үлгерген жоқ. Кеңес Хатшылығы БҚО прокурорының атына қайтадан өтініш жіберді. Мәселе жіті бақылауда.

Жалпы алғанда, екінші жарты жылдықта Кеңес мемлекеттік сатып алулар, жүктерді тасымалдау кезіндегі артық салмаққа жол бергені үшін бизнес субъектілерін әкімшілік жауапқа тарту, кәсіпкерлік субъектілерінің жер қатынастары саласындағы түйткілді мәселелері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту аясындағы 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасын іске асыру, экономикалық қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапқа тарту кезіндегі кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуы сияқты мәселелерді қарады.

Есепте кәсіпкерлердің «бас ауруына» айналып, Кеңестің араласуынан кейін шешімін тапқан түйткілді мәселелер қамтылды.

Мәселен, Палатаға мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру кезінде тапсырыс берушілер тарапынан жауапсыз қатысушылар тізіліміне ілігіп кеткен кәсіпкерлер көптеп шағымданған. Осыған байланысты Кеңес Хатшылығы Кеңес мүшесі Нұрлыбек Юсубалиевпен бірлесе отырып, бұл мәселені Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің қарауына шығарды. Жиналыс қорытындысы бойынша «Атамекен» ҚР ҰКП-ға «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңға жеткізуші мен тапсырыс беруші арасындағы дау-дамайды жеткізуші наразылық алған күннен бастап, отыз күнтізбелік күн ішінде сотқа дейінгі тәртіпте шешу мүмкіндіктеріне және жауапсыз жеткізушілер тізілімі түсінігін заңнамалық деңгейде кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс жіберу туралы шешім қабылданды.

Бұл ұсыныстар мәселелер тізіліміне қосу үшін ҰКП-ның орталық аппаратына жіберілді. Қолда бар мәліметтер бойынша, ұсыныстар Қазақстанның барлық өңірлерінде жаппай қолдау тапқан және аталған мәселелерді арнайы тізілімге қосу қажеттігі мақұлданған.

Еліміздің барлық өңірлеріндегі бизнестің мәселелер тізілімінде ойып тұрып орын алған тағы бір мәселе – мемлекеттік органдар мен ұйымдардан кәсіпкерлік субъектілерінің пайдасына қарыздарын өндіріп беру жөніндегі сот актілерінің орындалуы. Мәселен, Кеңесте «Экология» ЖШС, «Ақсай диагностика орталығы» ЖШС, «Муканов Х.У.» ЖК және т.б. кәсіпкерлердің (барлығы 21кәсіпкер) ұжымдық арызы қаралды. Онда Бөрілі ауданы әкімдігі жанындағы «Қалалық коммуналдық шаруашылық» ШЖҚ МКК-дан Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі негізінде қарызды өндіру туралы сот шешімін орындауға көмектесу туралы өтініш айтылыпты. Қарыздың жалпы сомасы – 40 004 374 теңге. Сот бұйрығының орындалуын бизнес субъектілері 1-1,5 жылдай күткен.

Сот орындаушылар тарапынан актілерді орындау шаралары қабылданған: қарызданушының мүлкін, есептік шоттарын қамауға алу, тіркеу әрекеттерін жасауға тыйым салу. Алайда сот орындаушылар қамауға алынған мүліктерді өткізу бойынша шаралар қолданбаған. Кеңес Хатшылығының қарары бойынша сот актілерін орындау бойынша «Қалалық коммуналдық шаруашылық» ШЖҚ МКК мүліктерін сату туралы хабарландыру жариялауға дейінгі түбегейлі шаралар қолдану ұсынылды. Осыған байланысты облыстық және Бөрілі ауданының прокуратурасына тиісті хаттар жолданды. Бұл мәселе Палатаның назарында тұрды, 4.08.2016 жылдан бастап кәсіпкерлерге төлемдер түсе бастады.

Бес бірдей кәсіпкерді («Бизнес Адал» ЖШС, «Форум» ОСК, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Fortebank» АҚ, «Сбербанк» АҚ филиалдары) қамтыған тағы бір мәселе Мұхит көшесінің бойымен Сарайшық көшесінен Ж.Молдағалиев көшесіне дейін екі бағытта қозғалыс ашуға қатысты болды. Айта кетерлігі, бұл мәселені уәкілетті орган 6 жылдан астам уақыттан бері шеше алмай келе жатқан еді. Мәселені қарау барысын Кеңес төрағасы Қайдар Қапанов жеке бақылауына алды. ІІМ басшылығымен бірнеше мәрте келіссөз жүргізілді. Нәтижесі – аталған мәселе де оң шешім тапты.

Кеңестің қызметі БАҚ-та кеңінен жарияланады, бұл Кеңестің қоғамдық бақылау қызметіне қосымша күш қосады. Сондықтан мәселесін Кеңес қарап жатқан кез келген кәсіпкер оң шешімге қол жеткізетіндігіне сенімді болуы керек. Бұл істе Кеңес жұмысына «Мой город» ақпарат агенттігі, «Приуралье», «Орал өңірі», «Надежда», «Пульс города» газеттері мен «Қазақстан-Орал» телеарнасы және басқалары атсалысады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер