astana-view

«Баланың бәрі бақытты болуы үшін жаралған...»

2016 жылғы 28 Желтоқсан
- Алматы қаласы
5551 просмотров

Алматылық меценаттар балалар ауылының тәрбиеленушілерін құттықтады

Кәсіпкер, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Құдайберген мен «Жастарға жол» қоғамдық қорының құрылтайшысы Рафаэль Гасанов «SOS – балалар ауылының» тәрбиеленушілерін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады. Сыйлықтар табыс ете отырып, қонақтар балаларға мықты болуға, үлкен мақсаттар қойып, соған жетуге талпынуға шақырды.

«Мен спортпен айналысамын, теннис пен футболды жақсы көремін. Ешқашан темекі шегіп, арақ ішкен емеспін, салауатты өмір салтын ұстанымын, сендерге де соған кеңес беремін. Сонымен қатар мен кәсіпкерікке өз бетімше келдім, өз күш-жігеріммен табысқа жол аштым. Өмірде өзіңнің ішкі тірегің мен үлгі алатын адамың болуы маңызды. Егер қандай да бір арман, мақсат пайда болса, оны іске асыруға көмектесуге дайынмын! Кәсіпкерлер палатасына келіңдер, біздің есігіміз сендер үшін әрдайым ашық», – деді Қайрат Құдайберген балақайлар мен жоғары сынып оқушыларына.

Айта кетерлігі, қоғам қайраткері Рафаэль Гасанов та осы ауылдың тәрбиеленушісі. Бүгін ол Рада мамасы мен тілегі бір бауыр, қарындастарына алғысын білдіруге келіпті. Мерекелік дастархан басында бизнесте алғашқы қадамдарын жасай бастаған жас жігіт жастар туралы, ол негізін қалаған қордың алғашқы жетістіктері туралы айтып, табысқа жету құпиясымен бөлісті. «Жастарға жол» қоғамдық қоры көптен бері жұмысқа, қайырымдылыққа мұқтаж жандарға көмектесіп келеді. Олар балалар үйлерінің, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернаттардың тәрбиеленушілері, тұрмыстық жағдайы нашар және көп балалы отбасылар.

«Бізді ұмытпай жүрген Рафаэльді таныстырып тұрғаныма қуаныштымын. Ол бізге бар болғаны бір жарым жасында келді. Ол әр мерекені бізбен бірге қарсы алады, біз оның табысқа жеткенін көріп қуанып отырамыз. Барлық балаларымыз осындай белсенді әрі талантты жастардан үлгі алса екен деп тілеймін», – деп көзіне жас алды оның тәрбиешісі Рада Хегай.

Кездесу соңында Қайрат Құдайберген балаларға түрлі қызықты ойындар көрсетсе, ал балалар қонақтарға мерекелік концерт қойып берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер