astana-view

Жергілікті өнімнің дәмі де өзгеше

2017 жылғы 06 Қаңтар
- Қарағанды облысы
8050 просмотров

Теміртаулық кәсіпкер Қарағанды өңіріндегі саңырауқұлақ тапшылығын жоймақ

Шоқан Ахметовтың жылыжайында күн сайын қарбалас. Себебі, мұнда Германиядан сатып алынған жаңа агрегат жұмыс жасап тұр. 210 мың теңгеге сатып алынған тұман таратқыш қондырғы өндіріс көлемін ұлғайтуға жол ашады дейді кәсіпкер. Мұндай қондырғыға кәсіпкер «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие алу арқылы қол жеткізген.

«Мен көп уақыттан бері ала алмай жүрген суару қондырғысы мен тұман таратқыш құрылғы сатып алдым. Енді тек бір тоқсанда ғана 25 тоннаға дейін өнім ала аламын, бұған дейін мен тек аталған көлемнің жартысын ғана иеленетінмін», – дейді Шоқан Ахметов.

Өндіріс көлемін арттырып, саңырауқұлақ бағасын төмендету керек дейді кәсіпкер. Бүгінде көтерме базарда ақ саңырауқұлақтың бағасы 900 теңге, ал қозықұйрықтар 1800 теңге тұратын көрінеді. Алайда, қарағандылық мейрамханалар мен супермаркеттерде саңырауқұлақ жетіспейді. Ал, Шоқан Ахметов аталған орындарға саңырауқұлақ жеткізетін бірден-бір кәсіпкер екен.

«Мен саңырауқұлақ өсірумен 7 жыл бойы айналысып келемін. Өзім үшін өсірдім, достарыма, таныстарым мен көршілеріме саттым. Нарыққа шығу туралы шешімді былтырғы жылы жазда қабылдадым. Теміртау қаласы Кәсіпкерлер палатасына келдім, онда маған ЖК ашуға қажетті барлық құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсетті, кейін ондағылар «ЖҚЖК-2020» бағдарламасы аясында қаржы алу үшін жобаны ұсынуға кеңес берді. Осылайша маған несие берілді. Өзіме ғана жұмыс тауып қоймай, тағы 2 адамды жұмысқа алдым. Алдағы уақытта тағы төрт адамды жұмысқа алатын ойым бар, себебі, жұмыс жетіп-артылады», – дейді шаруа.

Тәжірибелі шаруа жобаға бөлінген қаражатты үнемдеп, орнымен жұмсай білген. Осылайша ол, несиенің бір миллионын мақта қауызын, тағы бір миллионын қондырғы сатып алуға жұмсаған. Ал, қаражаттың қалған бөлігін жаратуды шаруа ақпан айына қалдырған көрінеді. Кәсіпкердің айтуынша, ақпан айында құрылыс материалдары бағасы барынша төмендейді екен. Дәл сол уақытта шаруа қажетті заттарды сатып алуды жоспарлап отыр. Ал, мамыр айында саңырауқұлақтардың бір бөлігі өз өнімін беріп, Шоқан несие төлеуді бастайды.

«Мейрамханалар мен супермаркеттерде саңырауқұлақтарға деген сұраныс жоғары. Себебі, саңырауқұлақ тапшы. Мен саңырауқұлақтардың бір келісін 650 теңгеге сатамын. Ал, көтерме базарда олар кем дегенде 850 теңге тұрады және олардың бәрі сырттан әкелінген. Мен әкімге осы бағаны қалдырамын деп уәде бердім. Егер осы уәдем болмаса, несие алмай, келісін 900 теңгеден сататын едім. Бірақ мен осы қалада тұрып жатырмын ғой. Таныстарымды, қала тұрғындарын саңырауқұлақпен қамтамасыз етіп отырмын. Сол себепті, өз абыройыма нұқсан келмесін деймін және өнімді тұрақты түрде сату мен үшін әлдеқайда маңызды», – дейді кәсіпкер.

Өз қаражатына Шоқан Ахметов қозықұйрық өсіру үшін, арнайы жеке жылыжай сауды жоспарлап отыр. Жобаға қыруар қаражат пен күш қажет дейді ол.

«Егер өнім көлемі айына 2-3 тонна болса, қозықұйрық бағасы кем дегенде 20-30%-ға түсетін болады».

Кәсіпкер өнімнің барлығы қауіпсіз әрі экологиялық таза деп отыр. Себебі, шаруа саңырауқұлақты өсіру барысында, дәрілік заттарды пайдаланбайтын көрінеді. Бәрі табиғи жолмен, барлық талаптарды сақтай отырып өсіріледі дейді кәсіп иесі.

Шоқан Ахметовтың аталған жобасы – Теміртау қаласында ЖҚЖК-2020 аясында жүзеге асырылған төрт жобаның бірі болып табылады. Кәсіпкерлер палатасы қалалық филиалының директоры Анна Любарскаяның айтуынша, бұл жобалар – табысты жобалардың алғашқылары ғана екен. Жалпы қалаға 24 млн теңге бөліген.

«Бұл қаржымен жалпы 8 жобаны қаржыландыруға болатын еді, алайда олардың тек 4-ін жүзеге асырдық. Жұмсалмаған қаражат агроөнеркәсіптік жобалар жүзеге асырылып жатқан өзге аудандарға жіберілді. Себебі, бағдарламада ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берілген. Біз цех құрылысына қаражат іздеген Шоқан Ахметовке көмектесу үшін, барымызды салдық.  Алайда, Ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау көрсету қоры қаржы бөлуден бас тартты, себебі, құрылысқа кететін шығындарды дәл есептеу қиын.  Сондықтан, қаражаттың мақсатты түрде жұмсалуына баса мән бердік. Осылайша, қаражаттың бір бөлігі шикізатқа, қалғаны құрылыс пен қондырғыға бөлінді. Жобаны бағалау, жер теліміне қажет құжаттарды рәсімдеуде бірқатар проблемалармен бетпе-бет келдік.  Несиені рәсімдеудің өзіне жарты жылдан аса уақыт кетті – бұл өте ұзақ процесс. Бірақ қалған үш жоба тез қолға алынды, оларға бар-жоғы бір жарым-екі ай уақыт кетті. Барлық кәсіпкерлерге Палатада көмек көрсетілді, бүгінде олардың барлығы табысты кәсіпкерлер», – дейді А.Любарская.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер