astana-view

Бүлдіршін балабақшаға бармай қалғанда...

2017 жылғы 17 Қаңтар
8851 просмотров

Таяу арада мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен ата-аналарға қатысты маңызды өзгертулер өз күшіне енбек

«Ол бүлдіршіндердің балабақшаға барған күндеріне де, бармаған күндеріне қатысты болмақ. Егер осыған дейін, балабақша әкімшілігі бүлдіршіннің еш себепсіз балабақшаға бір-екі күннен артық келмеуіне қарсы болса, енді бөбектерге, маңызды себептерсіз, бір ай ішінде 3 рет (3 күн)  балабақшаға бармауына (ата-ана немесе заңды өкіл жазған өтініш негізінде) рұқсат етіледі», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Шағын және орта бизнес департаменті директорының орынбасары Ирина Тюгина.

Оның айтуынша, мұндай жаңашылдықтың енгізілуі – тікелей қаражатқа қатысты болып отыр. Бұл ретте, балабақшаға келетін балалардың оқуы мен тәрбиесі үшін көрсетілетін қызметтер құны, мемлекеттік білім беру тапсырысы арқылы, жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша жүзеге асырылатыны баршаға мәлім. «Яғни, егер осыған дейін, ересектер баланы қандай да бір маңызды себептерсіз балабақшаға апармаған болса, балабақша сол күні келмеген баланың шығынын бюджетке қайтарып беруге міндетті еді. Қаражаттың осылайша қайтарылып берілуінің маңыздылығы мен жалпы оның қажеттілігі туралы ешкім бас қатырмаған болатын. Ал, енді бала маңызды себептерсіз, айына 3 күннен артық балабақшаға келмеген жағдайда ғана, қаражатты қайтару қажеттілігі қаралатын болады», – деп түсіндірді ҰКП өкілі.

Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «2016 жылдың 29 қаңтарындағы №122 «Мектепке дейінгі білім мен тәрбие, жоғарғы оқу орындарының дайындық бөлімдеріне, еңбек нарығын ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға қатысты мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру ережесін бекіту туралы» бұйрығына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрығы жобасы тиісті мемлекеттік органдар қарауында жатыр екен.

«Аталған жобада мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне балалардың келуіне қатысты өзгертулер енгізу қарастырылған. Бұл ретте, мұндай өзгертулер тек, балалардың балабақшаға келуі мемлекеттік тапсырыс есебінен, жан басына шаққан қаржыландыру процесі орын алған жағдайда ғана, балалардың ауыру, ем қабылдау себептерінен және оған медициналық, емдеу-сауықтыру немесе басқа да мекемелерде (анықтама әкелген жағдайда) сауықтыру шараларын жүргізген кезде,  ата-аналардың бірінің (немесе  заңды өкілдің) еңбек демалысы немесе жазғы уақытта баланы 2 айға дейін емдеу ісін қолға алған жағдайда (өтініш жазған уақытта), сондай-ақ, бір айдың ішінде 3 (бір айдың кез келген күні) күн келмеген жағдайларға (ата-аналардың бірінің немесе заңды өкілдің өтініші болуы шарт) ғана қатысты болмақ», – деп атап өтті Ирина Тюгина.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер