astana-view

Тимур Кұлыбаев: «ЭКСПО» көрмесі кәсіпкерлерге мол мүмкіндік ашып отыр»

2017 жылғы 20 Қаңтар
12020 просмотров

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Құжаттың басты мақсаты – «ЭКСПО-2017» көрмесінің дайындық жұмыстарына және оны өткізуге қазақстандық кәсіпкерлерді тарту болып табылады. Бірлескен өзара жұмыстар көрмеге қызмет көрсету ісіне қазақстандық кәсіпкерлердің қатысу үлесін арттыруға және өңірлердегі шағын және орта бизнес өкілдерін тартуға бағытталады.

Кездесу барысында сөз алған «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов, көрменің жасыл экономика саласындағы оңтайлы шешімдерді іздеуде және талқылауда әлемдік алаңға айналатынын тілге тиек етті. Бұдан бөлек, ұлттық жоба елдің инновациялық дамуына серпін береді деді компания басшысы.

«Көрме расымен отандық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған ұлттық жобаға айналды. Жоба 50 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Ал, жұмыс қарқынды жүріп жатқан уақытта алаңда 14 мыңнан астам құрылысшы мен  500 дана техника жұмыс істеді. Жалпы, нысан құрылысына 366 отандық тауар өндіруші тартылып, 52,5 млрд теңгені құрайтын келісімшарттар жасалды», – деп атап өтті Ахметжан Есімов.

Ұлттық компания басшысының айтуынша, аталған көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда екі есеге артық екен. «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге дайындық жұмыстары өңірлерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болып, кәсіпорындарды тапсырыстармен қамтамасыз ете алды. Ал, нысан құрылысына бюджет есебінен жұмсалған қаражат көлемі 302 млрд теңгеге қысқарған.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев, өз кезегінде, көрме нысандары мен олардың дайындық жұмыстарына жоғары баға берді. Сондай-ақ, ол көрме отандық бизнес үшін, мол мүмкіндіктер ашады деген пікір білдірді.

ҰКП басшысы, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы мен Ұлттық палата ортақ келісімге қол қоймастан бұрын, туризмді дамытуға және көрме жұмысына қазақстандық тауар өндірушілерді тартуға қатысты бірлескен жұмыстарды бастап кеткенін жеткізді. Тимур Құлыбаев, бүгінгі таңда, отандық тауар өндірушілермен 50 млрд теңгеден астам сомаға келісімшарт жасалғанын айтып, бұл жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын алға тартты.

«ЭКСПО уақытында Астанаға көптеген қонақтар келеді, ол әрине, елорда бизнесіне мол мүмкіндіктер ашады. Олар – мейрамханалар, қонақүйлер, түрлі ойын-сауықтыру орындары, қызмет көрсету саласы. Көптеген елдерден ағылатын туристер легі көп болмақ, – деді Тимур Құлыбаев. – Сол себепті отандық бизнес алдында «ЭКСПО-2017» көрмесін абыроймен өткізу сияқты жауапкершілігі мол міндеттер тұр».

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ 73 туристік бағдар әзірлеген. ҰКП басшысы Қазақстан меймандарға көрсететін табиғат саябақтарға, тарихи орындарға бай екенін атап өтті.

«ҰКП үшін туризм Қазақстан бизнесін дамытудың басты бағыттарының бірі болып саналады. Себебі, аталған сала көптеген жұмыс орындарын ашып, аралас салалалардағы жұмыспен қамту көрсеткішіне тың серпін беріп отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдері, кәдесыйлар, киім, сауда, осының бәрі туризмнің арқасында дамиды. Біз ЭКСПО-ның туризмді дамытуға зор ықпал ететініне сенімдіміз», – деді Тимур Құлыбаев.  

Ал, «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Астанада өтетін көрме – қызмет саласын дамытуда отандық кәсіпкерлер үшін таптырмас мүмкіндік деді.

«ЭКСПО жаһандық нарыққа шығуға, отандық брендтерді танымал етуге, коммерциялық байланыстардың орнауына жол ашады. Бізде туристік индустрияны дамытуға, оның ішінде, тек сырттан келетін меймандар үшін ғана емес, сондай-ақ, ішкі туризмді де дамытуға тамаша мүмкіндік туып отыр. Сонымен бірге, біз, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындалумен және оны өткізумен ғана шектелмейміз. Көрмеден кейін де қолға алған жұмыстарды одан әрі жалғастыратын боламыз. Біз бұл мақсатта, көрмеден кейін аумақтың әр алаңын дамытуға қатысты жұмыстарды қолға алып жатырмыз», – деп мәлімдеді Ахметжан Есімов.

Кездесу барысында «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевқа «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында кәсіпкерлердің бизнесті дамытудағы мүмкіндіктері мен көрме бағдарламасының мазмұны таныстырылды.

«ЭКСПО-2017» көрмесі мен «Атамекен» ҰКП басшылары келісім тек ресми, қағаз жүзінде қалып қоймауы тиіс деген пікір білдірді. Олардың айтуынша, құжатты іске асыру арқылы, отандық бизнеске жан-жақты қолдау көрсетілмек. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер