astana-view

Бизнесмендер мемлекеттік органдарды тексерсе...

2017 жылғы 26 Қаңтар
- Алматы қаласы
9086 просмотров

Бухгалтерлер клубының 12-кездесуінде есеп беру ережелеріне енгізілген өзгерістер мен қосымшалар талқыланды

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған Бухгалтерлер клубына қатысушылар жаңа Мемлекеттік кірістер кодексіне өздерінің ұсыныстарын енгізуге дайын. Ең жиі талқыланатын тақырыптар мен түйіткілді мәселелерді ӨКП «Атамекен» ҰКП-ның  Қоғамдық мониторинг департаментінің қарауына жібереді. Мәселен, айналымдарды көрсетпеген жағдайда салық төлеушіні ҚҚС бойынша тіркеу есебінен шығару нормасына қатысты бухгалтерлердің ескертпелері ескерусіз қалмады. Аталған тармақша 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап алынып тасталды. Бухгалтерлер клубының 12-кездесуінде Салық кодексіндегі басқа да өзгерістер сөз болды.

«Осы жылдан бастап заңды тұлғаның өз мекен-жайында орналасқанын тексеру кезінде Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлеріның қасында міндетті түрде екі куәгер еріп жүреді», – деді кездесуде Мемлекеттік кірістер департаментінің әкімшілендіру бөлімінің басшысы Нұржан Бейсебаев.

Өткен жылы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдерінен Мемлекеттік кірістер департаментіне бірнеше мәрте шағым келіп түскен еді. Тексеру кезінде фирма басшылығы орнында болмаса, бақылаушылар бірден компанияның көрсетілген мекен-жайда орналаспағаны туралы хаттама толтыратын.

Бухгалтерлердің Статистика департаментіне қоятын сұрақтары да көп екен. Есеп берудің мерзімі өтіп кеткен жағдайда ескертуді алып тастаған және мерзімі өтетін күнге дейін әлі үш күн бар болса да, кәсіпкерлерге айыппұл көрсетілген түбіртектер жіберіліп келген: шағын бизнеске 29 мың теңге, орта бизнеске 42 мың теңге, ірі бизнеске 254 мың теңге. Қатысушылардың айтуынша, оның үстіне онлайн-режимде есеп беру кезінде, бағдарламаның күрделілігіне байланысты қиындықтар туындайды екен. Статистикалық ведомстволарды өткізу мерзімдері әртүрлі уақытқа белгіленгендіктен, қолайсыздық тудыратын көрінеді. Есеп өткізетін күндері басқармаларда ұзын-сонар кезектің пайда болатыны тағы бар.

«Біз «құпия сатып алу» сияқты тексеру түрін тәжірибеден өткізіп жатырмыз. Есеп беру кезіндегі қалалық басқармалардың қызмет көрсету сапасын тексеріп көрейікші. Бірақ, бұл шараға Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері ғана емес, бухгалтерлердің өздері де қатыстырылуы керек», – деген ұсыныс айтты Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов.

Кездесуге қатыса алмағандар үшін Клубтың Facebook-тегі парақшасында онлайн-трансляция ұйымдастырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер