astana-view

Арзан несие арманға жеткізеді

2017 жылғы 31 Қаңтар
- Маңғыстау облысы
12281 просмотров

Маңғыстау облысының тұрғындары төмен пайыздағы шағын несиелер ала бастады

2016 жылдың 10 маусымында «Атамекен»  шағын қаржы ұйымы» ЖШС құрылған еді.

«Атамекен» ҚР ҰКП мен облыс әкімдігі қол қойған меморандум осындай ұйымның құрылуына себеп болды. Шағын қаржы ұйымының жарғылық капиталы 588,236 миллион теңгені құрады. Оның ішінде 288,236 млн теңге – облыс бюджеті есебінен.

Осыған орай, шілде айынан бастап Маңғыстау облысы тұрғындары өз кәсібін кеңейту немесе бизнес ашу мақсатында, арзан микронесиелер ала бастаған. Шағын қаржы ұйымы арқылы берілетін несие көлемі 15 миллион теңгеге дейінгі соманы қамтиды. Бұл ретте, несие 4%-дық комиссиямен 36 айға беріледі. Микронесиенің басты артықшылығы – кәсібін енді ашып жатқан кәсіпкерлердің несие алу туралы өтініші өте қысқа мерзім ішінде қаралады. Жалпы, іс жүзінде, бизнес-идеяны қаржыландыруға қатысты өтініш 1 ай және одан артық уақыт екшелсе, «Атамекен» ШҚҰ» ЖШС-да микронесие алу туралы өтініш бар-жоғы 4-10 күн қаралады. Сонымен бірге, кәсіпкердің бизнесі мен жобасына қарай, қарызды өтеу мерзімі бойынша, оған 6 айға дейін (егін шаруашылығы саласында 12 айға дейін) жеңілдік жасалады. Айта кетер жайт, микронесиелер бұрынғы қарыздарды жабуға, тұрғын-үй мүлігін және жер телімін сатып алуға, сауда қызметімен айналысуға берілмейді.

Бүгінгі күні, жалпы сомасы 860,6 млн теңге микронесие алу үшін, 119 өтініш келіп түскен. Олардың ішінде 71 жоба қаралып, 67 жобаға 582,2 млн теңге көлеміндегі несие беру туралы шешім қабылданған. Осылайша, қазіргі таңда, берілген несие көлемі – 543,61 млн теңгені құрап отыр. Ал, 67 жоба бойынша 149 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қаржыландыруға бөлінген қаражаттың 21%-ы мал шаруашылығына, 10%-ы қоғамдық тамақтануға, 10%-ы дайын өнімге, 12%-ы жол бойындағы сервиске, 6%-ы автокөлік және арнайы техника қызметтеріне және 40%-ы басқа салаларға тиесілі.

Сондай-ақ, 2017 жылдың басынан бастап қаржыландыру талаптарына өзгерістер енгізілген. Осылайша, енді кәсіпкерлер 5 жылға дейінгі мерзіммен несие ала алады.

Сонымен бірге, «Атамекен» ШҚҰ» ЖШС 2017 жылы мемлекеттік бағдарламаларға қатысатын болады.  Онда 7 жылдық мерзіммен, 6%-дық мөлшерлемемен 8000 АЕК-ке дейін несие алу және кепілдеме беру талаптары қарастырылған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер