astana-view

Қайырбек Сүлейменов: «Кәсіпкерлер мемлекеттік органдардағы қызметкерлердің әрекеті мен әрекетсіздігіне наразы»

2017 жылғы 23 Ақпан
7445 просмотров

«Атамекенге» өткен жылы кәсіпкерлерден 7 225 арыз-шағым келіп түссе, ал мемлекеттік органдарға тек 3 892 шағым түскен

«Атамекен» ҰКП алаңында 16 аймақтың қатысуымен өткен «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінде Жеке және заңды тұлғалардың өтінімдерін қарастыру тәртібі туралы заңнаманы орындауда құқық қолдану практикасы мәселесі, кәсіпкерлерден түскен өтінімдердің күн санап артып келе жатқаны күн тәртібіне қойылды.  

Кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов шағымдардың үнемі үзілмеуінің бірден-бір себебі ретінде кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүдделерін шектеу фактілерін анықтау және осындай тәртіп бұзылуына жол берген қызметкерді жауапқа тарту фактілері арасындағы әділдіктің жоқтығын айтты.

«Шағым түсірген кәсіпкерлер атқарушы органдар мен квазимемлекеттік секторы уәкілетті тұлғалардың әрекеті немесе әрекетсіздігіне наразы. 2016 жылдың өзінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлерден 7 225 шағым түскен, ал құқықтық статистика деректері бойынша осы кезеңде еліміздің барлық мемлекеттік органдарына кәсіпкерлерден бар-жоғы 3 892 шағым түскен (ҰКП-ға түскен шағымдардан 46%-ға аз).Көрсетілген сандар уәкілетті органдардың кәсіпкерлерден түскен шағымдарды дұрыс қарастырмайтынын дәлелдейді» – деді Кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов.

Заң бойынша мемлекеттік органдар барлық өтінімдерді қарастыруға міндеттеледі. Өз алдына Ұлттық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлер құқығын қорғау механизмі ретімен орындалатыны байқалады. Кәсіпкерлер құқығын қорғау Кеңесінің енді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қарулануы да кәсіпкерлерді қуантып отыр. Өйткені Кеңеске түскен әр шағымда сыбайлас жемқорлықтың ізі көрініп тұрады.

Мемлекет саясаты кәсіпкерлікті дамытуды өз бағдарына алған, ал жеке уәкілетті тұлғалар мен органдар аталған бағыт бойынша жұмысты қажет деңгейде жүргізбейді. Қазіргі таңда кейбір басшылар кәсіпкер олардың айтқанына көнбесе, айдауына жүрмесе оларды қысымға алады, тіпті құдалауға дейін барады. Мысалдар өте көп.

«Мәселен, Саран қаласында әкім кәсіпкермен бөлісе алмай, қысым көрсетті, ақырында кәсіпкердің баласы жұмыссыз қалды, бұл бір. Екінші ауданда ауыл шаруашылығы басқармасы бар. Басқарма наубайханасы бар кәсіпкермен келісімшартқа отырады. Келісімге сәйкес басқарма кәсіпкерге жылдың аяғында бидай сатып алуға 12 ай бойы тоннасына 11 200 теңге көлемінде субсидия төлейміз дейді, өз тарапынан наубайшы 1 бөлке нанның бағасын арзандатуы керек. Сөйтіп кәсіпкер 12 ай 1 бөлке нанды тұрақты арзан бағамен сатады. Айлайда, Ауыл шаурашылығы басқармасы екі ай өтпестен келісімшартты бұзып, кәсіпкерге тиесілі субсидияның көлемін 11 200 тг емес, қалған он бір ай бойы 7 200 теңге төлейді. Аяғында кәсіпкер 1 600 000 теңгеге шығынға батты. Бұған кім жауап береді?» – деді Қарағанды облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау Кеңесінің төрағасы Серік Төрегелдин.

Кеңес мүшелері бизнестің үнемі шағымдану легі бойынша жағымсыз беталысты негізге алып, ҚР Әділет министрлігіне Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен бірлесіп, Ведомствоаралық комиссиясында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заңнамасын бұзу үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасын қарастыруды ұсынды. Бұл жұмыс 2017 жыл бойынша ҚР Үкіметі заңжобалық жұмыстары Жоспарына енгізу үшін қажет.

«Мемлекеттік қызметкерді кәсіпкерлердің басты жауы қылудың қажеті жоқ. Бұл әділетсіз болар еді. Органдарда қызметкерлердің басым бөлігі өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын адамдар. Бәріне бірдей топырақ шашпайық. Бірақ жүйеде олқылықтар бар, кәсіпкерлерді қағазбастылыққа тұңшықтырып, мына мекемеден екінші мекемеге шапқылататын қызметкерлер бар, ол рас. Кейбір лауазымдылар кәсіпкерлердің ісіне, мүддесіне бас ауыртқылары келмейді. Олардың мақсаты неде? Олар кәсіпкерлердің айналасында суды лайлап, тұман қаптағанды, белгісіздік орын алғанын қалайды, сол лай суда балық жақсы ұсталады емес пе?» – деді Қайырбек Сүлейменов.

 Кеңес төрағасының айтуынша, кеңседе қатаң тәртіп орын алса, оңай жолмен ақша табу, жемқорлықпен айналысуға мүмкіндік болмай қалады. Сондықтан ондай мемлекеттік қызметкердің нақты істеген әрекетіне қарай әкімшілік жауапкершілікке тарту, әкімшілік құқықбұзышылық заңнамаларға өзгерістер енгізу керектігін ұсынды.

Аталған мәселелерді талқылау қорытындысы бойынша Кеңес Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтінішін қарау туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік органдар мен заңды тұлғалардың кәсіпкерлерден түскен шағымдарын жүз пайыз мемлекеттің қатысуымен тәртіп бойынша қарастыруын қадағалауды ұсынды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер