astana-view

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы І Азаматтық бастамашылдық конгресі

2017 жылғы 15 Наурыз
4039 просмотров

Қоғамның барлық саласында сыбайлас жемқорлық белең алған

Астанада Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы I Азаматтық бастамшылдық конгрессі өткізілді. Конгресс ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҚР Азаматтық альянс кеңесі және «Атамекен» ҚР ҰКП бастамасымен ұйымдастырлыған болатын.

Алқалы отырысқа мемлекет деңгейіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізіп отырған органдар мен ұйымдар, Дін істері өкілдері, заңгерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев, «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық Қоғамдық Кеңес Төрағасы, парламент Мәжілісінің депутаты Жанат Жарасов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Ә.Ғалимова, «Парламентшілік және азаматтық қоғам» Азаматтық альянсы президенті Айгүл Соловьева, Ішкі істер органдары қызметінің мәселесі жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы М.Қоғамов, Қазақстан блогерлер Альянсы президенті Ғалым Байтұқ сынды тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша баяндамалар жасады.

«Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ-нің Президенті, Сыртқы мониторинг тобының жетекшісі Нұрлан Ерімбетов шараның модераторы болып, қатысушыларды І Азаматтық бастамшылдық конгресінің жұмысымен құттықтады. «Бүгінде жемқорлық қоғамның барлық саласында белең алып келеді. Осы кесапаттан жұмыла күресудің уақыты жетті. Үйде отырып, бұл мәселені елемей жатуды доғарайық, әйтпесе барымыздан айырыламыз. Бүгін пара үшін жер телімін сатқан адам, ертең Отанын сатады. Сондықтан бірлесіп іс-қимыл жасайық», – деді Нұрлан Ерімбетов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы партиялық бақылаудың негізгі бағыттары жайында ҚР Парламент Мәжілісі депутаты Жанат Жарасов сөз қозғады. «Сыбайлас жемқорлық Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Сондықтан онымен күресуді мемлекет қана емес Қазақстан Республикасының әр азаматы күресуі қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру маңызды Жергілікті өзін басқаруды кеңейту, мемлекеттік органдар қызметіндегі ашықтық, әкімшілік кедергілерді азайту сынды іс-қималдар – жемқорлыққа қарсы алғышарттар», – деді Жанат Жарасов.

Жемқорлықтың бизнес саласында орын алуы туралы баяндамасында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов кәсіпкерліктегі пара берудің осал тұстарын атады. «Бүгінгі таңда іс басына кәсіпкерлердің жаңа буыны келді, алайда оларға қойылатын талаптар сол бұрынғы қалпы қалды. Яғни осы ортаға түскен жас маман 28 000 шектеудің кесірінен еріксіз жемқорға айналуы мүмкін. Оларға рұқсат ету жүйесі және қадағалау өкілеттілігін бере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қолайлы жағдайды да біз өзіміз жасап отырмыз», – деді Болат Палымбетов.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің айтуынша, бүгінде кәсіпкерлер өз ісін ашуға рұқсат қағаздарын алу кезінде-ақ сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет кездеседі. Қазақстандық кәсіпкерлер салық салу, сатып алу, жер мәселелері, сәулет, құрылыс тәрізді мәселелерге қатысты өте көп шағым түсіреді. Осы мәселені шешу жолында, экономика саласының барлық бағыттары бойынша жұмысқа атсалысатын «Атамекен» ҰКП үлкен жұмыс атқарып жатыр.

«Кәсіпкерлер не ұсынады? Олар мемлекеттік органдардың тексеру талаптарын азайтуды, бірін-бірі қайталайтын бақылаушы органдарды қысқарту қажеттілігін айтуда. Сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету үшін кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлыққа барғаны үшін жазаны күшейтіп, мемлекеттік қызмет көрсетуді толық автоматтандыруды, бизнес өкілдерін әкімдіктер жанындағы комиссиялар құрамына енгізуді ұсынады. Яғни, транспаренттілік және ашықтық сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселелерді бірден шешеді», – деп түйіндеді Болат Палымбетов.

Өз баяндамасында Айгүл Соловьева сыбайлас жемқорлықпен күресте азамттық сектордың қатысуы маңызын атап өтті:«Күрделі мәселені шешуде мемлкет үлкен іс атқарып келеді. Алайда бұл үдеріске қоғам қатыса бермейді. Халық тек сынап, өзге мемлекеттермен салыстырып, «бәрі жаман» деген баға беріп келеді. Енді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы I Азаматтық бастамшылдық конгрессі мақсаты азаматтық секторды үдерсіке тартып, бірлесіп жұмыс істеуге негізделген. Жұмыла көтерген жүк жеңіл, сондықтан мемлекет болып, ел болып нақты шешімдер қабылдау керек. Пара алған мемлекеттік қызметкерлерді жазалаумен ғана мәселе шешілмейді, ұлтқа қауіп әкелетін қатерді түбімен жою керек. Қоғамдық бейәрекетсіздік мемлекеттігімізге нұқсан».

Қоғамның барлық саласында сыбайлас жемқорлық байқалады. Құжаттарды рәсімдеу, баланы оқуға түсіру, сотта басымдыққа ие болу, жол жүру тәртібін бұзғанда айыппұлды жаздыртпау, аурухана мен емханаларда жақсы қызметті қамтамасыз ету, сол сияқты түрлі әкімшіілк кедергілерді өткеру үшін пара беріледі. Жемқорлық мәселелер ауылда да орын алып отыр. Ұйымдастырушылар азаматтық сектордың бұл мәселелердің соңы мемлекеттілігімізге қауіпті екенін түсінуі қажет екенін жеткізді.

Шара барысында Ғалым Байтұқ әлеуметтік желілердің қоғамдағы маңызды рөлі туралы сөз қозғады. «Әлеуметтік желілердің жетілуімен мемлекет пен халық арасында байланыс қалыптасты. Осы жерде қоғамдық пікір сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өте қуатты құралға айна алады. Өз ойыңды ашық айту, шындықты көксеу бүгінде мүмкін. Фейсбукке күніне кем дегенде бір шағым түседі. Блогерлер мемлекеттік орган емеспіз, ешікімді тұтқынға алып, соттай алмаймыз, алайда азаматтық құқығымызды білдіріп, ойымызды ашық айтып, істі жауапсыз қалдырмайтынымыз анық», – дейді блогерлер Альянсының басшысы.

Жиында сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ынтымақтастық пен өзара әрекеттестіктің негізгі бағыттары, Ішкі істер органдар жүйесіндегі қоғамдық бақылаудың негізгі тетіктері, жолдардағы сыбайлас жемқорлықты алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа төзбеу ахуалын қалыптастыруда этно-мәдени бірлестіктердің қызметі талқыланды.

Баяндамалар жасалған соң «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды жүргізілген жұмыстарға елеулі үлес қосқаны үшін» Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алғыс хатымен бірқатар азаматтар марапатталды. Марапталған азаматтардың ішінде «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсіновтың еңбегі еленді.

Шара барысында агенттік пен азаматтық альянс және ҚР кәсіподақ федерациясы арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өзекті мәселелері талқыланды. Жиынға қатысушылар аталған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы I Азаматтық бастамашылдық конгрестің жыл сайын өткізіліп, дәстүрлі мәнге енуін тілге тиек етті. Қатысушылар Азаматтық бастамшылдықтың үлкен күш екені, сол қуатты дұрыс пайдалуымыз қажет екенін жеткізді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер