astana-view

Қазақстан-Өзбекстан бизнес форумында 840 млн АҚШ доллар сомасында 92 құжатқа қол қойылды

2017 жылғы 23 Наурыз
10366 просмотров

Машина жасау саласында 20 млн АҚШ доллар сомасында  өндірістік кооперация дамымақ

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавхат Мирзиеевтің Қазақстанға ресми іссапары аясында Астанада Қазақстан-Өзбекстан бизнес форумы өтті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының  және ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ұйымдастыруымен  жасалып отырған маңызды кездесу екі ел кәсіпкерлеріне де зор мүмкіндіктер ашуда. Сондықтан да Қазақстан мен  Өзбекстан арасындағы экономикалық ынтымақтасты әрі қарай дамыту жөніндегі бірлескен ұсыныстар дайындау – бизнес-форумның басты мақсаты.

Бизнес-формуның басты спикерлері болып ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, Қазақстан Сыртқы сауда палатасы Басқарма Төрағасы Аян Еренов, Өзбекстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Алишер Шайхов қатысты. 

Бизнес форумда қазақстандық және өзбекстандық кәсіпкерлердің қатысуымен B2B форматында келіссөздер ұйымдастырылып, Өзбекстанның өнеркәсіптік және тұтыну тауарларының көрмесі өткізілді. Өзбек тауарларының көрмесіне жеңіл өнеркәсіп, машына жасау, азық-түлік тауарларының өндірісі, құрылыс және т.б. салаларындағы 100-ден астам өзбек компанияларының тауарлары ұсынылды. 

Форумға қатысушылар саны 500-ден астам болды, оның ішінде 150-ден астам өзбекстандық кәсіпкер. Қазақстан-Өзбекстан бизнес форумы аясында жалпы сомасы 97 млн АҚШ доллар  шамасында 10 құжатқа (20 млн АҚШ доллары сомасында инвестициялық жоба, экспорттық-сауда саласында тоғыз құжат) қол қою рәсімі өтті. Нәтижесінде екі ел кәсіпкерлері жалпы сомасы 840 млн АҚШ долларды құрайтын 92 құжатқа қол қойылды.  

«Бүгін тарихи іс-шара өткізіліп отыр. Өйткені бұл форум Қазақстанның, Өзбекстанның қарым-қатынасындағы жаңа бір жолдың бас. Өзбекстан Республикасының Президенті Шавхат Мирзиеевтің Қазақстанға ресми іссапары аясында Қазақстанға өз тауарын ұсынуға 200-ден астам өзбек кәсіпорын келіп отыр. Бүгін 92 қол қойылған құжаттан басқа 94 млн долларды құрайтын 10 ірі құжатқа қол қойылды. Бұл келісімдердің көбі біздің бизнесмендерді қызықтыратын салалар. Көлік зауытын салу, фармацевтика саласында мүкіндіктерді арттыру сынды бағыттарда келісімдер жасалды», – деді ҰКП Басқарма Төрағасы Нұржан Әлтаев.

Атап айтқанда «ДжиЭм Узбекистан» АҚ автомобиль өндірісі құрылысын ұйымдастыру (SKD), мұнай тасымалдау және жеткізу,  жеміс-жидек пен көкөніс және  өңделген жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізу,  мұнай саласында өзара тауар экспорты жөнінде консигнация, фармацевтика, қаржы нарығындағы операцияларды жүргізу, KaznexInvest» арқылы  шағын бизнес және жеке кәсіпкерлік субъектілеріне экспорттық қолдау көрсету бойынша келісімдерге қол қойылды. Сонымен қатар қазақстандық тараптан «Қазақстанның сыртқы сауда палатасы» ЖШС  басқарма төрағасы Аян Еренов, өзбекстандық тараптан Өзбекстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы  Алишер Шайхов «Қазақстанның сыртқы сауда палатасы» ЖШС мен Өзбекстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы және Іскерлік кеңес құру туралы келісімге қол қойды.

Бизнес-форумның екінші бөлімінде Қазақстан Ресупбликасының  Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек және Өзбекстан Республикасының сыртқы экономикалық байланыстар, инвестиция және саудаминистрі Эльер Ганиев сөз сөйледі. Екі елдің министрлері Бүгін мемлекет басшылары басқосуы туралы айтып берді.

«Өзбекстан Республикасы мемлекетіміздің жетекші әріптесі бауырлас мемлекет болып табылады. Біздің байланыс ұзақмерзімді стратегиялық әрі берік мәнге ие. Инвестициялық бағытта екі ел арасында 1998 жылдан бастап келісім орнатылған.  Ал Өзбекстанға қазақстан ірі сауда серіктестің бірі болып табылады. Екі ел басшылары 2020 жылға дейін экономикалық бағытта өзара сауда айналымды 1,5 млрдтан 5 млрд долларға дейін жеткізуді тапсырды. Осы бағыттағы алғашқы қадамдар бүгінгі форум аясында  жасалып та үлгерді», – деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Өзбекстан Республикасының сыртқы экономикалық байланыстар, инвестиция және саудаминистрі Эльер Ганиев қазақстандықтардың жылу қошеметіне ризашылығын білдіріп, бизнес-форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. «Бүгін екі ел басшылары экономиканың барлық салалары бойынша келіссөздер жүргізді. Астанада алғаш рет өткізіліп жатқан бизнес-форум жаңа мүмкіндіктерді ашатын болады. 2017 жылдың қыркүйек айында Ташкент қаласында қазақстандық ағайынға арнап жауапты бизнес-форум өткізіледі, оның аясында да көптеген келісімшарттар жасалып, байланыс нығая түседі деген сенім мол», – деді Эльер Ганиев.

Көршілес мемлекеттер арасындағы сауда мүмкіндіктерді экономикалық даму үшін пайдалану, бірігіп, Шығыс, Батыс, Қытай нарықтарына шығуға мүмкіндік алу, Ұлы Жібек жолы кезеңіндегі байланысты жандандыру бизнес-форум ұйымдастыруышларының көздегені болды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер