astana-view

Бизнеске арналған жаңа платформаның жобасы таныстырылды

2017 жылғы 20 Сәуір
- Астана қаласы
8004 просмотров

«Атамекен» ҰКП мен «Қазақтелеком» АҚ бірге бизнеске арналған бірыңғай цифрлық платформаның тұжырымдамасын дайындады

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Елбасы шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 50% дейін жеткізу тапсырмасы қойылғанын, бизнес ортаны, цифрлық технологияларды дамыту тапсырмасы берілгенін, осы мақсатта жұмыстар атқарылып жатқанын атады.

«Бізде бизнесті қолдауға арналған бағдарламалар, субсидиялардың түрлері мен қаржыландыру тетіктері өте көп. Бір ғана ауыл шаруашылығы саласында көптеген қызметтер бар. Әрқайсысын түсініп, пайдалануға өте көп уақыт керек. Шағын және орта бизнесті қолдауға, азаматтардың шенеуніктермен тікелей байланысын жоюға және уақыт үнемдеп, барлық қызметті бір жерден тең, оңай табу үшін бірыңғай платформа құру маңызды. «Атамекен» палатасы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірге шағын және орта бизнеске арнап бірыңғай цифрлық платформа жобасын дайындады. Егер жоба мақұлданса, алдағы аптада министрліктерде таныстырылады», – деді Нұржан Әлтаев.

 

«Нарықты мониторингілеу және сараптау орталығы» ЖШС атқарушы директоры Әсел Оразбекова шағын және орта бизнеске арналған бірыңғай цифрлық платформа жобасын таныстырып, құрылымына, мақсаты мен міндеттеріне тоқталды.

«Бүгінде 100-ден аса мемлекеттік қолдау шаралары бар. Алайда еліміздегі кәсіпкерлердің 5% ғана мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар. Сондықтан шағын және орта бизнес өкілдері «бір терезе» қағидасы бойынша бір ғана платформа арқылы қажетті қызметтерді ала отырып, өтініш бере алуы керек. Бұл уақытты үнемдеуге, қарау мерзімін қысқартуға, құжат жинауды тоқтатуға мүмкіндік береді», – дейді Әсел Оразбекова.

Шағын және орта бизнеске арналған бірыңғай цифрлық платформаның мақсаты – ақпараттық-коммуникациялық технология құралдарымен сервис көрсету арқылы және «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін қосымшалардың көмегімен отандық шағын және орта бизнестің кәсікелік қабілеті мен өнімділігін арттыру. Бұл шағын және орта бизнесті цифрландыру процесін әлдеқайда жеделдетеді әрі жеңілдетеді.

Платформаның міндеті: ШОБ көрсетілетін қолдау шараларының тиімділігін арттыру, ШОБ өнімдерінің нарыққа шығу уақытын қысқарту, ШОБ өнімдері сату мен өткізу құралдарын беру, ШОБ қызметін жетілдіру үшін құралдар беру, өнім сұранысының маркетингтік талдауын жасау, ШОБ үшін мамандарды таңдау мен дамыту құралдарын беру.

Платформада барлық телекоммуникациялық және есептеу негізі қосылады, сондай-ақ бизнестің әр түріне қажетті эдектронды сервис жиынтығы кіргізіледі. Атап айтқанда, бизнесті автоматтандыру мен қолдаудың сервисі – бұлтты бухгалтерлік есеп, электронды құжат айналымы, виртуалды кеңсе және т.б. Коммуникациялық сервис: почталық сервис, виртуалды колл-орталық, онлайн чат және т.б. болса, тиімділікті арттыру үшін бизнесті жоспарлау мен сараптауға арналған құралдар, онлайн оқыту секілді көптеген қызметтер қарастырылған.

«Atra Software» ЖШС бас директоры Болат Башеев: «Кәсіпкер алдында негізгі 4 мәселе бар: сатуды арттыру, қаржыландыру, маман табу мен қолдау шаралары туралы білу. Кәсіпкер барлық қолдау шараларын бір жерден алуы маңызды. Қаржылай, қаржылай емес, арнайы қолдау шараларының әрқайсының талаптары мен ережесі әртүрлі. Бизнеске арналған платформада өтініш беру, ақпарат алу, қызметті пайдалану бір жерден тез әрі жасалады. Жеке кәсіпкерлер де өз қызметтерін ұсына алады. Бұл қызмет көрсетудің электронды супермаркетіне айналады. Осылайша шағын және орта бизнес арасындағы байланыс арта түседі. «Қазақтелеком» серверлік қуаттылықпен қамтамасыз етуі керек, себебі мұнда мыңдаған қызмет көрсетіледі», – деп түсіндіріп өтті.

Жиын барысында электронды платформаның құрылысы жан-жақты таныстырылып, ұсыныстар беріліп, кеңінен талқыланды. «Қазақтелеком» АҚ Ақпаратты жүйелер дирекциясының Бизнес шешеімдерді дайындау орталығының директоры Жанар Мурзаханова электронды сервистік қызметке арналған жобалар өте көп екенін, сервистік қызмет каталогын дайындау барысында олардың қолданылу деңгейін анықтап, терең талдау жүргізу керектігін алға тартты. Оның айтуынша, сервистік қызметті электронды қолдану оңай болуы керек әрі бизнес нәтижесін сезінуі керек.

«Ауылдық жерлердің жағдайы күрделі. Жалпы бизнеске қатысты ақпараттың таралмауы, инфрақұрылымның жоқтығы, өркениеттің жаңалығын пайдалану да өзекті. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының деңгейін көтеріп, тиісті заңнамаға өзгертулер енгізілсе, инфрақұрылым да болады, басқа да мәселелер шешіледі. Желі жабындылары мәселелерін анықтау керек» , – деді Дарын Тұяқов.

Жиын қорытындысында айтылған ұсыныстар мен өзгертулерді ескере отырып, жоба тұжырымдамасын толықтыру тапсырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер