astana-view

Өнімді еңбектің өтеуі жемісті

2017 жылғы 18 Мамыр
- Атырау облысы
11933 просмотров

Атырау облысы Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері балалар шығармашылығын дамытуға қосқаны үлесі үшін марапатталды

Атырауда ALMALY.KZ-2017 IV Балалардың халықаралық фестивалі өтті. Аталған шараны ұйымдастырушылардың әрі деумеушілердің қатарында Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының жанындағы Іскер әйелдер кеңесі бар.

Бұрындары Алматы қаласында ұйымдастырылып келген фестиваль биылғы жылы Атырау қаласында өткізілді. Іс-шараға 5 жастан 18 жас аралығындағы өнерлі балалар қатысты. Байқау вокал, хореография, театр өнері, сахна тілі, «ALMALY.KZ» мини-мисс аталымдары бойынша өтті.

Әділ қазылар алқасының құрамында Украина, Россия, Беларусия халықаралық фестивальдарының жетекшілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жетекші мәдениет қайраткерлері болды. Фестиваль аясында шығармашылық ұжымның көркемдік жетекшілері мен қатысушыларына, жеке орындаушыларына арнап шеберлік-сыныптар өтті. Ұйымдастырушылар қазылар алқасы мен қатысушыларға арнап танымдық экскурсия ұйымдастырып, Атырау қаласының мәдени-демалыс орындарымен таныстырды.

Фестиваль 5 күнге созылды. Алғашқы күні Атырау қаласының орталық алаңында салатанатты ашылуы өтті. Ұйымдастырушылар қонақтар мен облыс орталығының тұрғындарына мерекелік концерт сыйлады. Одан кейінгі күндері байқау Құрманғазы атындағы Мәдениет үйінде өткізіліп, қорытынды концерт, яғни марапаттау салтанаты Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрында болды.

Бас жүлде мен ALMALY.KZ-2017» байқауыны лауреаттары Беларусия, Македония, Сербия мен Ресейде өтетін халықаралық фестивальге шақырту алды.

«Бұл фестиваль еліміздің балалары, әрине біздің өңірдің таланаттары үшін үлкен тәжірибе ортасына айналды. Бұл шеберлікті шыңдауға, дарынды балалардың Қазақтан мен шет елге танытуға мүмкіндік беретін өнер ортасы. Бала – біздің болашағымыз, олардың қабілетін жан-жақты дамыту, тұлға болып қалыптасуына әсер етеді. Іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан Атырау облысы Іскер әйелдер кеңесіне және демеушілер тобына зор алғысымды білдіремін», ­ – деді Атыраудағы «Таңсәрі» балалар театры мюзик-шоуының директоры Шәрбат Бисариева.

Алғыс хаттан бөлек, фестиваль ұйымдастырушылары балалар шығармашылығының дамуына қосқан үлесі үшін Іскер әйелдер кеңесінің 4 мүшесіне ­– Атырау облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әлия Беккужиева, «Медицина» АҚ бас директоры Зәбира Дәулетжанова, «Голландия гүлдері» дүкен желісінің директоры Бақыт Ысқақова мен «Күзет» ОБП» ЖШС директоры Гүлмира Жұмағалиева арнайы медаль табыс етті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер