astana-view

«Ұлы дала елі» бренді – сапа кепілі

2017 жылғы 20 Маусым
10027 просмотров

Отандық тауар өндірушілер «Ұлы дала елі» форумында бас қосады

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық өнімді экспорттаушыларға «Ұлы дала елі» ортақ брендін пайдалану құқығын беруге арналған байқауға өтінім қабылдаудың басталғаны жайлы хабарлады.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингіне «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, «Атамекен» ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту департаменті директорының орынбасары Салтанат Әбдікәрімова, «Alageum Electric» АҚ директорының орынбасары Ернар Жақашев, «Свет» ғылыми-өндірістік компаниясы» ЖШС директоры Михеев Виталий қатысты.

Брифингте «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев отандық тауар өндірушілердің форумын ұйымдастырудағы мақсат жайында түсіндіріп өтті.

«Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Шексіз далада, мәңгілік көк аспанда біздің ата-бабамыз өмір сүрген. Тәңір – аспан. Жасыл дала мен көк аспан біздің Туымызда да бейнеленген. Біз ұлы даланың балаларымыз. Дәл осы ұранмен және жаңа брендпен біз Қазақстанды әлемге танытуымыз керек» деп тапсырма берді. Біз «Ұлы дала елі» деген брендпен біздің елімізде де сапалы, бәсекеге қабілетті тауарлар шығарылатынын таныстыратын боламыз», – деді Нұржан Әлтаев.

Биыл «Ұлы дала елі» отандық тауар өндірушілердің ІІІ форумында сатып алу, өткізу, сауда және экспорт мәселесі талқыланады. Форумда отандық өнімді қолдау мен тарату мәселесін талқылау үшін мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік секторлар, жер қойнауын пайдаланушылар шақырылады. «Атамекен» ҰКП аталған форумды өткізуде отандық тауар өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы байланысты жақсартып, ынтымақтастыққа қатысты маңызды мәселелер бойынша бизнестің ұстанымын айқындап, өзара іс-қимылды нығайтуды мақсат тұтады. Осы іс-шара аясында көршілес елдерден 30 ретейл мен көтерме-сатып алу компания шақырылды, сонымен қатар отандық өнімнің ірі сатып алушылары – ұлттық компаниялар қатысады.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы орынбасарының айтуынша, форум – еліміздегі ірі сатып алушылардың тауар және қызмет өндірушілермен кездесуін қамтамасыз ететін жалғыз алаң. Жыл сайын көрмеге қызығушылық танытып отырғандардың қатары артып келеді, себебі бұл – тауар өндірушілердің өз тауарларын таныстырып, өткізу нарығын кеңейтуге берілген мүмкіндік. 2015, 2016 жылдары форум алаңында 25 млрд теңгеден астам сомада келісімшартар мен меморандумдарға қол қойылған.

Сонымен қатар, Атамекен» ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту департаменті директорының орынбасары Салтанат Әбдікәрімова «Ұлы дала елі» отандық тауар өндірушілердің ІІІ форумы аясында ұйымдастырылатын «Ұлы дала елі» ортақ брендін қолдану құқығын беретін байқау шарттарымен таныстырды.

«Байқауға қатысуға ниет білдірген кәсіпкерлер 2017 жылдың 1 тамызына дейін «Ұлы дала елі» ортақ брендін қолдану құқығын беретін байқауды өткізудің Ережесіне сай рәсімделген өтінім мен материалдарды (есептерді) бере алады. 2016 жылы өткізілген байқаудың қорытындысы бойынша «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына байқаудың кейбір шарттардың шектік талаптарын азайтуға қатысты ұсыныстар түсті. Осыған орай, биыл Байқау туралы ережеге өзгерістер енгізілді», ­– деп хабарлады Салтанат Әбдікәрімова.

Байқауға қатысатын компаниялар өнімнің бір түрі бойынша өндірістің жалпы көлемінен экспорттағы үлесі кемінде 10%; тауар өндірісінде, қызмет көрсеткенде жергілікті қамту үлесі (кемінде 30%) болуы міндетті. Ал басқа шарттар болған жағдайда ғана көрсетілуі керек.

«Ұлы дала елі» ортақ брендінің 2016 жылғы жеңімпазы атанған «Alageum Electric» АҚ директорының орынбасары Ернар Жақашев аталған байқау сапалы өнімді анықтап, отандық тауар өндірушілерді экспортқа шығуға ынталандыратындығын ерекше атап өтті.

«Alageum Electric» компаниясының 12 зауыты бар. Шығарылатын өнімнің 95% Ресейге экспортталады. Сонымен қатар, Шымкент қаласында 13-зауыттың құрылысын бастағалы отырмыз. «Ұлы дала елі» бренді арқылы Қазақстанның сапалы тауарын танитын болады», ­– дейді Ернар Жаңашев.

Ал «Свет» ғылыми-өндірістік компаниясы» ЖШС директоры Виталий Михеев «Ұлы дала елі» форумы отандық тауар өндірушілер мен тұтынушылардың басын қосатын, келіссөздер жүргізіп, ауқымды келісімшартқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін алаң екенін ерекше атады.

2016 жылы «Ұлы дала елі» байқауына қатысуға 23 өтінім түскен. Іріктелген 6 компанияның арасынан үздігін анықтау үшін 2 613 кәсіпкер мен азаматтар интернет-дауыс беруге қатысқан. Нәтижесінде «Alageum Electric» Кентау трансформатор зауыты, «Рахат» кондитерлік фабрикасы мен «Қайнар-АКБ» ЖШС жеңімпаз атанған.

«Ұлы дала елі» байқауының өткізілу тәртібі:
  • Байқауға қатысушылар өтінімді толтырып, сканерлеп, info@ulydalaeli.kz электронды адресіне жолдайды, сонымен қатар шарттарды растауға қажетті деп санаған материалдарды да жібере алады.
  • Комиссия Байқауға қатысушылардың өтінімдерін қарайды және өтінімдердің жалпы санынан 12 үміткерді іріктеп алады.
  • Комиссия мүшелері бірнеше топқа бөлініп, өтінімде көрсетілген ақпаратты растау үшін кәсіпорындарға (кәсіпорын есебінен) барады.
  • Комиссия тексеру нәтижесі бойынша іріктеудің келесі кезеңіне өткен 6 үміткерді анықтайды.
  • 6 үміткердің тізімі онлайн дауыс беру үшін Ұлттық палатаның интернет-ресурсына жарияланады.
  • Ең көп дауыс жинаған компания (3-тен көп емес) «Ұлы дала елі» ортақ брендің қолдану құқығына ие болады.
  • Байқау лауреаттарына «Ұлы дала елі» ортақ брендінің белгісі жыл соңында салтанатты түрде табыс етіледі.
  • «Ұлы дала елі» ортақ брендін жарнамалық мақсатта қолдану құқығы 5 жыл мерзіміне беріледі.

Аталған көрменің басты мақсаты – тауарларды экспортқа шығарған отандық компанияларды және/немесе «Ұлы дала елі» ортақ брендінің өнімдерін таныту және ынталандыру.

«Ұлы дала елі» байқауы туралы ереже бойынша нақты әрі ауқымды ақпаратты www.ulydalaeli.kz сайтынан ала аласыздар.

Байқауға қатысу бойынша 8 (7172) 91-93-88 нөмірлеріне хабарласуға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер