astana-view

«Жалған кәсіпкерлік» адал кәсіпкерлер қызметіне бөгет болған

2017 жылғы 03 Шілде
4921 просмотров

4 шілде күні Елбасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңына қол қойды.

ҚР Қылмыстық кодексінен ақыры «Жалғанкәсіпкерлік туралы»  215-бап алынып тасталды.

 Елбасы 2017 жылғы 31 қаңтардағы өзінің жолдауында кәсіпкерлік саласындағы құқық бұзушылыққа қарсы қолданатын санкцияларды төмендету үшін әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру керектігін айтып өткен болатын.

Бұл туралы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов толығырақ әңгімелеп берді.

Бизнес-омбудсменнің жұмысы мемлекеттік органдарда кәсіпкерлердің құқығы мен олардың заңды мүдделерін қорғау болып табылады.

 «Қазақстанның барлық өңірлері бойынша кәсіпкерлермен кездесу өткізілді. Проблемаларды олардың өз аузынан естіген дұрыс. Мен үшін кез-келген проблеманы кәсіпкердің өзі айтқаны маңызды. Бұл кездесулер өте пайдалы болды. Еліміз үлкен, өңірлер де әртүрлі, әр өңірдің ерекшеліктері де әртүрлі, кейбір жерлерде аграрлық бағыт болса, кейбір өңірлерде мұнай өндірумен және айналысады», - деді Болат Палымбетов.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл көбіне дәл осы қылмыстық заңнамаға қатысты шағымның көп түсетіндігін айтып өтті.

«Шын мәнінде, өңірлердің әртүрлілігіне қарамастан, кәсіпкерлер көбіне қылмыстық  заңнамаға шағымданатын. Біздегі жүйенің ескертуден гөрі, жазалауы басым екендігін айтып шағымданатын, экономикалық өрістегі заңдар жазалаушы сипатта екендігі жиі қозғалатын. Негізінен, жалғанкәсіпкерлік туралы бапқа шағымданатын. Мен кездескен бизнесмендердің түгелі дерлік осы проблеманы көтеретін еді. Сондықтан да біз аталған проблемаға аса байыппен қарадық. Бұл істе бізге Бас прокуратура мен Президент Әкімшілігі көмектесті», - деп, нақтылап өтті бизнес-омбудсмен.

Егер статистикаға үңілер болсақ, 2015 жылы экономикалық қылмыстар бойынша 5 861 қылмыстық іс қозғалған, ал 2016 жылы олардың саны 5 есеге азайды.

«Әрине, жалғанкәсіпкерлік туралы баптың алынып тасталуы жақсы жаңалық. Бұл кәсіпкерлер үшін үлкен қуаныш, өйткені миллиондаған қосымша салықтар төлеуге мәжбүр болатын адал контрагенттердің мәселелері шешілді. Жалпы, егер заңның қандай да бір бабы бойынша адал кәсіпкер зардап шегетін болса, онда ол бапты міндетті түрде ауыстыру керек немесе мүлде алып тастау керек. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына осындай заң қабылдағандары үшін алғыс білдіргім келеді, және де, әрине, ҚР Бас прокуратурасына, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлік қызметті жақсарту үшін атқарған жемісті еңбектері үшін алғысымды білдіремін», - деді Болат Палымбетов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер