astana-view

Бастау Бизнес: микроқаржы алу жеңілдейді

2017 жылғы 13 Шілде
9039 просмотров

Микроқаржы ауыл-аймақтағы бизнесті жандандыруға бағытталады

13 шілдеде Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның екінші бағыты «Бастау Бизнес» жобасын жүзеге асыру аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ өзара іс-қимыл туралы Келісімге қол қойды.

Бес жылға арналған бағдарлама негізінде «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев пен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарма Төрағасы Жандар Омаров қол қойған Келісім жоба қатысушыларының несие алуына қолайлы жағдай жасауды мақсат тұтады.  

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау Бизнес» жобасы аясында жыл сайын 3000 бизнес-жобаны жүзеге асыру міндетін белгілеп, үлкен жауапкершілікті алып отыр. Тәжірибелік оқу қорытындысы бойынша әрбір бесінші қатысушы өз кәсібін ашуы керек немесе бизнесін кеңейтуі қажет. Ауыл тұрғындарының қызығушылығы жоғары, алғаш лектің оқуы басталғанда-ақ қатысушылардың 80 пайызының бизнес-идеясы дайын болды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорымен» орталық және өңірлік деңгейде атқарылатын жұмыс механизмі нақты. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалдарының белсенділігі мен тартуы әртүрлі», – деп түсіндірді «Атамекен» ҰКП Бизнес коммуникацияны мемлекеттік тілде дамыту департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев.

Жоба қатысушылары бизнес бастап, жұмыс орындарын кеңейтуі үшін қаржыланыру қарастырылған. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мен Ұлттық палата арасында ынтымақтастық берік. «Атамекен» оқу курсын аяқтағандар мен қаржыландыру барысы туралы мағлұмат береді.

Бағдарламаның қаржылық операторы – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі. Жобаларды «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ арқылы қаржыландырылады. Кәсіп бастаушылардың бизнес-жобалары ұлттық басқару холдингінің «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ еншілес компаниялары арқылы мақұлданады.

Бизнес жобаларды қаржыландыруға бағытталған 27 млрд теңгенің 16 млрд теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы берілсе, қалған 11 млрд теңгесін Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бөледі.

Жобаның 60%-ын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» қаржыландырады. Қордың филиалдары қатысушылардың шағын несие алуына ыңғайлы. Шағын несиенің ең жоғары сомасы 18 млн теңге. Оны жылына 6% мөлшерлемемен 6 жылға алуға болады.

Қазақстанда тұңғыш рет оқыту әрі қаржыландыруды бір уақытта жүзеге асыра отырып, ауыл кәсіпкерлігіне кешенді қолдау көрсететін бағдарлама дайындалды. Қаржылай қолдау көрсететін кеңселер облыс орталықтары мен ірі қалаларда орналасқан, шалғай ауылдардың тұрғындары үшін несие алу жолы күрделі. Биылдан бастап алғаш рет жеңілдетілген несие дәл ауыл тұрғындарына арнап әзірленді.

«Бастау Бизнес» жобасы аясында «Атамекен» мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арасындағы өзара байланыс бір жүйеге қойылған.

Ынтымақтастық келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

  • Тиімді несиелеу үшін жағдай жасау, «Бастау Бизнес» жобасының қатысушыларына несие беруде орын алатын кедергілерді алу, несиелеуде туындайтын мәселелердің тізімін әзірлеу;
  • Бекітілген тәртіпте бірлескен мониторинг жүргізу және «Бастау Бизнес» жобасына қатысушыларға несие беруді жақсарту үшін ұсыныстар дайындау;
  • Бекітілген тәртіпте екі жақтың да мүддесін білдіретін, Қазақстан Республикасы заңнамасына қайшы болмайтын ақпарат алмасу;
  • «Бастау Бизнес» жобасын жүзеге асырудың барлық кезеңінде барынша ашықтықты қамтамасыз ету үшін бірлесіп күш салу (оқыту, несиелеу мен сүйемелдеу).

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша биыл Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 16 млрд теңге сомасында шағын қаржы бөлу жоспарланып отыр. Ет пен сүт беретін мал шаруашылығын дамытуға басымдық берілген. бүгінде ынтымақтастық аясында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына «Бастау Бизнес» жобасында білім алғандардан 1,2 млрд теңге сомасында қаржы бөлу үшін 374 өтінім түскен. Олардың арасында 500 млн теңгеге 153 өтінім қаржыландырылды», – деді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ несиелеу департаментінің директоры Геррард Бааль.

Екі тарап та ауылда тұратын жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарға жеңілдетілген несие ресурсына қол жеткізуді оңайлатуды арттыруда бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Қор өкілдері несиелеуден бөлек, жобаларға кеңес бере отырып сүйемелдеу және мониторингілеу жұмысын жүргізіп келеді. «Атамекен» ҚР ҰКП жасалған Келісім негізінде ауылддағы бизнес-бастамаларды нақты қолдауға бағытталған ынтымақтастыққа зор үміт артады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер