astana-view

Заңсыз құмар ойын бизнесімен күрес жалғасады

2017 жылғы 17 Тамыз
- Маңғыстау облысы
4534 просмотров

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасында өңірлік мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі мамандарының ұйымдастыруымен «Заңсыз құмар ойын бизнесі және экономикалық заңбұзушылық саласында кәсіпкерлердің құқығын қорғау» тақырыбына арналған семинар болып өтті.

Жиынға шағын және орта бизнес өкілдері және спикерлер ретінде Маңғыстау облысы мемлекеттік кірістер департаменті Профилактикалық жұмыстар және бақылау басқармасының басшысы Нұрхан Қосалиев, Қаржы саласындағы заңбұзушылықтарды тергеу басқармасының басшысы Бауыржан Тілемісов, Көлеңкелі экономикаға қарсы, салық және қаржылық қылмыстарды ашу бөлімінің басшысы Ерсінәли Қайыров, сондай-ақ Ақтау қаласының мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Серік Жасұлан қатысты.

Семинар-жиында алдымен Маңғыстау облысы мемлекеттік кірістер департаменті Профилактикалық жұмыстар және бақылау басқармасының басшысы жоғарыдағы тақырып төңірегінде баяндама жасады. Атап айтсақ, Нұрхан Қосалиев облыс бойынша құмар ойын бизнесі саласында 2 жыл ішінде 100 қылмыстық іс қозғалып, 500 ойын аппараты мен лотерея терминалдары тәркілендігі, 50 заңсыз ойынханалардың қызметі тоқтатылып, 4 казиноның жабылғандығын мәлімдеді.

Десек те елімізде Бурабай мен Қапшағайда ғана қызмет істеуіне рұқсат етілген бұл кәсіп түрімен күрес облыс бойынша әрі қарай да жалғасын таба бермек. Сондай-ақ баяндамада жалға берумен айналысатын кәсіпкерлерге кеңселерін ойынхана қызметі үшін ұсынбауы қатаң ескертіліп, бұндай жағдай орын алатын болса, жалға беруші де ҚР Қылмыстық кодексі бабына сәйкес заңсыз құмар ойын ұйымдастырушысымен бірдей жауапкершілікке тартылатындығы қадап айтылды.

Кәсіпкерлер де қаламызда букмекерлік кеңселердің «жаңбырдан кейін өскен саңырауқұлақтай қаптағаны» алаңдатып отырғанын жасырмады. Осыған байланысты, Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлері кәсіпкерлерді алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға шақырып отыр. Сондай-ақ көлеңкелі бизнеспен күресушілер қала және облыс тұрғындары да осындай заң бұзушылық әрекеттеріне куә болған жағдайда бірден аймақтық прокуратураға немесе Мемлекеттік кірістер департаментіне хабарласуын сұрады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер