astana-view

ҚР Бас прокуратурасы жұмыссыздық мәселесіне алаңдаулы

2017 жылғы 02 Қыркүйек
4396 просмотров

Қылмыстың 84%-ын жұмыссыз азаматтар жасаған

Қазақстан мен Ресей Федерациясы бизнес-омбудсмендерінің І форумында ҚР Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Қазақстандағы қылмыстық процесте кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.

«Біз үшін бірлесіп жұмыс істеу маңызды. Ресеймен тығыз экономикалық және саяси байланыстамыз. Бұл екі елдің бизнесін дамытудағы жаңа белес. Прокуратураның міндеті – осы жолдағы кедергіні жою. Бұл ретте  прокуратураның не қатысы бар деген сауал  көпшілік көкейінде туындауы мүмкін. Себебі қылмыстың 84%-ын жұмыссыздар жасайды. Қылмыстың алдын алудағы дұрыс шешім – жұмыс орындарының ашылуы. Ал оның кім жасайды? Әрине, бизнес. Біз қылмыспен күрес жағдайын жақсартуда табыстың артып, жұмыс орындарының ашылғанына мүдделіміз», – деді Марат Ахметжанов.

Бас прокурордың орынбасары хабарлағандай, былтыр «Атамекен» ҰКП-мен бірге бизнесті қорғаудың алғашқы форумы өткізілді. Экономикалық істердің жартысы тексерулерден кейін өз жұмысын тоқтатады. Сондықтан осы жағдайды оңалту үшін прокурорлар істің заңды тірелгенін бір тәулік ішінде тексеруге міндетті. Егер заңды негіз анықталмаса, іс тоқтатылады. Қарағандыда экономикалық тергеу қызметінің 24 тергеушісі жазаланған, оның ішінде 9 қызметкер жұмыстан босатылған. Мұндай тексеру шаралары өзге аймақтарда да жүргізіледі.

«Азаматтық дау орын алған немесе салық тексеруі мен ревизияның актісі жоқ жерде тергеу жұмыстарын бастауға тыйым салынды. Нәтижесінде қылмыстық істің саны 4 есеге азайды. Егер 2016 жылдың 6 айында 9 893 қылмыстық іс тіркелсе, биылғы осындай мерзім ішінде 989 іс тіркелді. Бұрын бір ай ішінде 800-ден астам экономикалық қылмыс тіркелсе, ендігі көрсеткіш  небары 200 іс. Бұл жақсы көрсеткіш», – деп хабарлады Марат Ахметжанов.

Прокуратура өкілінің айтуынша, қылмыстық істің барысын тергеу өндірістік қызметке кедергі келтірмеуі тиіс. Айғақтарды жинауда адвокаттардың мүмкіндігі барынша кеңейтіледі. Бұл кәсіпкерлердің мүддесін қорғау сапасын арттыруға ықпал етеді.

«Бізге түбегейлі өзгеріс керек екенін түсінеміз – жүйелі шаралар қажет. Бүгінде барлығы цифрлық жүйеге көшті. Технология өзгеріс алып келуде. Жыл сайын 500 мыңнан астам іс тергеледі. Оларды жоғалтып алу, өзгерту қаупі жоғары. Қағазбастылық тым көп, кәсіпкерлер шешімді айлар бойы күтеді. Сондықтан «Электронды қылмыстық іс» жобасы іске қосылды», – деп, хабарлады спикер.

Бұл жоба қылмыстық процесті жеделдетуге, артық қағаз жүргізуді азайтуға мүкіндік береді. Электронды санкция алу мүмкіндігі пайда болады. Жәбірленуші, айыптаушы, адвокаттар тергеу барысын онлайн-режимде бақылай алады.

«Электронды жоба пилоттық режимде 3 облыста іске қосылды. Алғашқы нәтижелер де бар. Бүгінде 67 тергеу электронды форматта жүргізіліп жатыр. Онлайн сот арқылы 20 санкция шықты. 7 электронды қылмыстық іс сотқа жолданды. 2018 жылдың шілде айынан бастап қылмыстық процесті толықтай электронды форматқа ауыстыру жоспарланған», – деді Бас прокурордың орынбасары.

Бүгінде бизнесті тәуекелді бағалау жүйесін қолдану арқылы тексереді. Сондықтан ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» ҰКП оған талдау жүргізуде. Егер ол тиімсіз болса немесе кәсіпкерге зияны тиетін болса, алынып тасталады. Бизнесті тексеру үшін критерилерді іріктеу нәтижесінде 82 пайызға қысқартылды, яғни 14 мың-нан 2,5 мыңға дейін азайтылды.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен жемісті жұмыс атқардық, – деді Марат Ахметжанов, – Жекелеген шағымдарға назар аудардық. Бизнесмендердің жұмыс істеуін жеңілдететін шешімдерді қабылдау мен мәселелерді шешуде бірлесіп атқарылатын жұмыс жалғасатын болады».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер