Жанармай мәселесін түбегейлі шешу үшін Ақтауда мұнай өңдеу зауытын салу қажет

Бүгінгі таңда өзекті тақырыптардың біріне айналып отырған жанармай мәселесіне байланысты сауалнама Маңғыстау облысы бойынша да жүргізілген болатын. Жанармай бағасын біржолата реттеу үшін қандай шара қабылдау қажеттігі жайында ойларын білу мақсатындағы сауалнама барысында көлік жүргізушілерді ең әуелі бензин бағасының күнсанап тұрсын, оның қаладағы жанар-жағармай бекеттерінен табудың өзі мұңға айналғандығына реніштерін білдірді. Бар бензиннің өзі талонмен үлестіріліп жатыр. Бағасы да әрқилы: АИ-92 маркасы 155-160 аралығында болса, АИ-95 маркасы 166 теңге және одан да жоғары. Әрі қазіргі таңда бұл жағдай тек Маңғыстауда ғана емес, барлық аймақтарға да тән болып тұр.

Сарапшылар еліміздің мұнай өңдеу зауыттарында жүргізіліп жатырған уақытша жөндеу жұмыстарына байланысты бензиннің біраз көлемі көршілес Ресейден жоғары бағаға алуға мәжбүр екендігімізді айтуда. Дей тұрғанмен, оның өзі де елімізге уақтылы жетіп үлгермей жатқан көрінеді. Маусымдық проблемаға айналған жанар-жағармай төңірегіндегі сауалнамаға орай көлік жүргізушілерден алынған жауаптардың нәтижелері төмендегідей болды. 

• Ақтаудан мұнай өңдеу зауытын салсақ, мәселе түбегейлі шешіледі (73.33%)
• Қандай шара қолдансақ та, бағаның реттелуі Ресей нарығына байланысты (13.33%)
• Шұғыл түрде елдегі 3 мұнай өңдеу зауытына модернизация жасау керек. Ол өнімнің көбейіп, бағаның арзандауына қол жеткізеді (10%)
• Маған бәрібір, көлігім газбен жүреді (3.33%)
• Мемлекет бағаны тікелей реттеу әдісіне қайта оралса, баға шарықтамас еді (0%)
• Жауап бере алмаймын (0%)

Байқалғандай, жанармай мәселесін түбегейлі шешу үшін Ақтауда мұнай өңдеу зауытын салу нұсқасы жүргізушілер арасында басымдыққа ие болып отыр. Әрі бұл жаңалық емес, ұзақ уақыт аралығында көпшілік тарапынан айтылып жүрген ұсыныс. Энергетика министрлігі сұйық отынның бағасын тікелей реттеуден бас тартып, оны нарықтық бәсекелестіктің еркіне бергенін ескерсек, "зауыт салу" ұсынысы енді тікелей инвестиция тарту мәселесіне келіп тіреліп тұрған сияқты.