astana-view

Бақытжан Сағынтаев Қырғыз Республикасы Премьер-Министрінің мәлімдемесіне жауап берді

2017 жылғы 03 Қараша
5914 просмотров

Бүгін Ташкентте Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің үкімет басшылары Кеңесінің кеңейтілген құрамында өткен отырысы барысында Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі С. Исаков отырыстың күн тәртібіне кірмеген, Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы жағдайға қатысты мәселені көтерді.

Осыған орай, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Үкіметінің ұстанымын түсіндіріп берді деп хабарлайды primeminister.kz

«Қазақстан Үкіметі қырғыз тарапының мәлімдемесін жөнсіз деп санайды. Аталған мәселеге қатысты біздің мемлекетіміздің ұстанымы жақсы мәлім. Ол Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ортақ экономикалық кеңістігін қалыптастыру идеологиясына толық сәйкес келеді және Одаққа мүше елдердің экономикалық залалдары мен экономикалық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.

Біз Қырғызстан Үкіметін өз міндеттемелерін растап, Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өз міндеттемелерінің орындалуы мен іске асырылуын қамтамасыз етуге шақырамыз. Біз бұл тақырыпта ашық сөйлейміз және қырғыз әріптестеріміздің оған назар бөлгенін қалаймыз».

Қазақстан Үкіметі бес түбегейлі бағыт бойынша қырғыз тарапының сындарлы ұстанымына сенім білдіреді:

Бірінші. Қырғызстанның ұлттық заңнама нормаларын ЕАЭО-ның салықтық әкімшіліктендіру бойынша құқығына сәйкестендіру.

Екінші. Заңсыз экспортқа, соның ішінде контрафактілі өнім экспортына қарсы іс-қимыл.

Үшінші. Қырғыз тарапының ЕАЭО талаптарын сақтау бойынша тауарлардың тұрақты әрі тиімді ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық (карантиндік) бақылауын қамтамасыз ету. 

Төртінші. Қырғызстанның Экономикалық одаққа мүше елдердің көлік заңнамасын бұзуының алдын алу және оған жол бермеу шараларын қабылдауы. 

Бесінші. Қазақстан-Қырғызстан шекарасы арқылы есірткі, қару-жарақтар мен оқ-дәрілердің т.б. контрабандасы мен заңсыз тасымалдануына жол бермеу.

Осылайша, біз тек өзіміздің ұлттық мүдделерімізді ғана қорғамаймыз, ЕАЭО кеңістігіндегі экономикалық мүдделер мен экономикалық қауіпсіздікті қорғаймыз. 

Қазақстан-қырғыз шекарасында ЕАЭО заңнамасының нормалары мен талаптарына толық және дәлме-дәл сәйкес келетін мониторинг пен бақылау тәртібі сақталып отыр.

Біз екіжақты экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөнінде, сонымен қатар шекаралық, көлік, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау, кедендік және салықтық әкімшілендіру салаларында өзара әрекеттестік бойынша сындарлы диалог орнатуға дайынбыз. 

Біз алдағы уақытта да қырғыз әріптестерімізге ЕАЭО нормалары мен құқықтарына бейімделуде ықпалдастық көрсетуге әзірміз.

Анықтама: 

Қазақстанның бастамасымен 2016 жылы айқын кедендік құнын анықтауға қатысты кедендік әкімшілендірудің жеткіліксіздігі туралы мәселе кеден қызметтерінің Бірлескен алқасында, сонымен қатар ЕЭК Кеңесі мен Еуразия үкіметаралық кеңесі отырыстарының аясында бірнеше рет көтерілді.

Сонымен қатар, екі елдің кеден органдары биылғы жылдың маусым айында ҚХР-дан Қырғызстан мен Қазақстанға тасымалдау кезінде тауарларды күмәнді декларациялаудың жолын кесу мақсатындағы бірлескен іс-қимылдар жоспарына қол қойды. Алайда қырғыз тарапының жоспарланған шараларды орындамауы себебінен ол іске асырылмады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер