astana-view

Қарыз қаражатын қайтару механизмі кәсіпкерлерді тығырыққа тіреді

2017 жылғы 09 Қараша
5115 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға арналған «Даму-өндіріс» бағдарламасын қолдану, сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру мен тәрбие, оның ішінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерін қаржыландыру мәселелері күн тәртібіне қойылған.

Кеңес отырысына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма мүшесі –Басқарушы директор  Әсет Шәріпов, «АТФ банк» АҚ Басқарма мүшесі, Басқарма Төрағасының орынбасары Сергей Коваленко, кәсіпкерлік субектілері, Ұлттық палата Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева, басқарушы директор–Кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты. Сондай-ақ, бейне-конференция арқылы 16 өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Астана, Алматы қалалары, облыс әкімдіктерінің өкілдері қатысты.

«2014 жылдың сәуір айында «Даму» қоры мен екінші деңгейлі банктер өңдеу өнеркәсібінде жүмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін кезекті несиелеу үшін қаражат бөлу туралы несиелік келісімге қол қойған. Кәсіпкерлер несие алу үшін оның шарттары ыңғайлы: қаржыландырудың жоғары мерзімі – 10 жыл, қарыз сомасы – 1,85 млрд теңгеге дейін, алған қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылына 6%-дан аспайды. Алайда Бағдарлама аясында қарылай қолдау алған бизнес субъектілеріқарыз қаражатын қайтару механизмінің толық аяқталмағанын білді», – деп хабарлады отырысты ашқан «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов.

Қайырбек Сүлейменов осылайша бұл механизмнің олқылықтарын атап өтті. Мұнымен қоса, осы мәселені Кеңес мүшесі, Басқарушы директор–Кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко да көтерді.

«Бұл бағдарлама аясында берліген несие. Соңғы қарыз алушылар (кәсіпкерлер) бағдарлама аясында Ұлттық қордан ақша алып, несие қаржысын негізсіз қайтару мен бағдарламадан шығудың мәселесіне тап болды, себебі бағдарламада қаражатты қайтару механизмі қарастырылмаған. Атап айтсақ,  «Ақтау машина жасау зауыты» ЖШС заң алдында қаражатты дұрыс игермеді деген айыпталды, компания ұзақ процестен кейін өз адалдығын дәлелдесе де «Даму» қоры қаржыны  қайтарған жоқ, – деп түсіндірді Олег Савеленко.

Бағдарламаны қолдану аралығы мемлекеттік қолдау міндетіне қайшы деп тұжырымдады спикер.

Мәселені толық зауыт директоры Амангелді Тыншимов тарқатты. «Бұл сұрақ әлі шешімін таппай келеді. Бастапқыда біз қордан 10 жылға 1 млрд 800 млн теңге қаржы сұрады. Алайда 2015 жылы «қаражатты заңсыз пайдаланды» деген айыптаумен қылмыстық іс қозғалды. Енді жобаның операторы болған «АТФ»банкі, «Даму» қорына, «Даму» қоры Банкке сілтеп, мәселе шешілмей келеді. Яғни бізден алынған ақша, басқа жаққа жұмсалып кетті. біздің жоспарымыз бар, ол Ақтау зауытын қалпына келтіру, жаңғырту, сәйкес есеп бар. Алайда банк барлық істі тоқтатты. Банк жаңа цехты пайдалануды шектеп отыр. Хаттарымызға тұрақты жауап бермейді», – деді кәсіпкер.

Бұған «АТФ» банкінің өкілі Сергей Коваленко банктің ұстанымын айтты.

«Банк осы нарықтың операторы. Біз клиентке ақша бердік, сосын кәсіпкердің жобада жоқ екенін естіген соң, ақшаны қайтардық,  бізде шығындар орын алды. Ал кәсіпкер хаттарында жауап беріп жүрміз», – деді банк өкілі.

Қазақстанның бизнес-омбудсмені Болат Палымбетов бұл жағдайда нақты механизм керек екенін айтты: «8 мыңнан астам іс қозғалады, оның 20%-ы ғана сотқа барады. Мәселе жазалауда емес, мәселені жоюға бағытталуы тиіс. Бағдарламалар көп, күресудің нақты механизмі керек».

 «Маңғыстаудағы кәсіпкерлерде туындаған мәселені жедел шешу керек», – деп түйіндеді Кеңес Төрағасы Қайырбек Сүлейменов.

Жиынға қатысушылар ҚР Үкіметінің қаулысында Ұлттық қордан бөлінген қарыз қаражатын қайтару механизмін жетілдіру бойынша өзгеріс енгізуге, сондай-ақ бұл мәселені тиісті шаралар қабылдау үшін Үкіметке хабарлауға бастамашылық ету ұсынысын берді.

Кеңес отырысы күн тәртібінде екінші қаралған мәселе мектепке дейінгі тәрбиелеу ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлыққа бастайтын сызбалар мәселесі талқыланды.

Әлеуметтік зерттеу мәліметі бойынша сыбайлас жемқорлық заң бұзушылығының 50%-дан астамы мектепке дейінгі мекемелерге қаржы бөлу кезінде жасалады. Есеп комитеті республикалық бюджетті орындауға қатысты жүргізген бақылауында ҚР Білім және ғылыми министрлігіндегі аудиттен бюджеттің 43,2 млрд теңге сомасын тиімсіз қолданылғаны анықталған, 16,9 млрд теңгеге қаржылық заң бұзушылық орын алған.

«Қарастырылып отырған мәселе бюджеттік тәртіппен тікелей байланысты. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қаржыландыруға мүдделі ғана емес, сондай-ақ құқық қорғау органдары да ерекше назар аударуы тиіс», ­– деп есептейді қайырбек Сүлейменов.

Кеңес төрағасының ойынша, бұл салада аудит пен мониторингтік жүргізілмеуі дәлелсіз, тіпті қылмыстық зардапқа ұшыратады және мектепке дейінгі білім беру жүйесіне жеке инвестиция тартуға шектеу қояды.

Мұнымен қоса, мектепке дейінгі білім беру саласында сыбайлас жемқорлық қаупінің тағы бір себебі балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне кезекке қою тәртібі толық жетілдірілмеген. Осы саладағы құқықтық қайшылықтар лауазымды тұлғалардың азаматтар үшін кедергіні қолдап жасап, кезек тізімін бұза отырып, балабақшаға  жолдаманы қағаз түрінде беруге мүмкіндік береді.

«Атамекеннің» талдауы бойынша көптеген өзекті мәселе орын алған: қаржыландыруға қатысты шешім қабылдағанда кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуы; жергілікті атқарушы органдар мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудегі мемлекеттік тапсырысты уақытында бекітпеуі; жан басына қаржы бөлу мөлшерін есептеу механизмі ашық емес әрі түсініксіз; білім бөлімдері мемлекеттік аудиторларды қатыстыра отырып бастайтын негізсіз тексерулер.

«Аймақ» өңірлік дамуға және жергілікті өзін-өзі басқаруға жәрдемдесу қорының» президенті Айгүл Соловьева аталған мәселеге қатысты айтқан сөзінде Алматы облысына қатысты мысал келтірді.

Алматы облысы кәсіпкерлер палатасына және Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің атына «НДОУ Родничок» ЖК өкілі Д.Әбітақыннан Алматы облысы Іле ауданы Білім бөлімінің басшысы Каткеева Ләззат Жақыпқызының тарапынан бизнес жүргізуге кедергі келтіргені жайында өтініш түскен.

Деректерге сүйенсек, 2017 жылдың 4 қаңтарында Ілеу ауданының білім бөлімі мен «НДОУ Родничок» ЖК арасында мектепке дейінгі тәрбие және білім беруді ұйымдастыру бойынша келісімшарт жасалған. Келісімшарт шеңберінде кәсіпкер жалпы сомасы 64 666 788 теңге болатын жұмысты атқарған, білім бөлімі нақты 42 181 937 теңге төлем жасаған.

Мемлекеттік аудитордың қорытындысына сәйкес, сома 5 249 100 теңгеге негізсіз қысқартылып, шот-фактура жоқ болғандықтан қалған 17 125 400 теңге төленбеген. Мемлекеттік органдар жүргізген тексеру барысында Ләззат Каткееваның әрекетінде заңнама нормалары бұзылғаны анықталған, заң бұзушыға тек сөгіс берілген.

Алматы облысы Іле ауданындағы үлкен балабақшаның мәселесі Алматы облыстық білім басқарамасы шешетінін мәлімдеді. Келісімшарт бойынша балабақшаға төленбеген дотациялық қаражат толық төленетін болады. Ал Іле ауданы Білім беру бөлімінің директоры Ләззат Каткееваға қатаң сөгіс жарияланды. Кәсіпкер бұл шешіммен қанағаттанды.

Тұра осындай жағдай Қызылорда облысында да орын алған. Қызылорда қаласындағы «Сыркожегі» балабақшасын да тексерулер жасалған.

«2016 жылы қарашада балабақша аштым, 75 бала 3 топ болды. Кешегі шілде айына дейін жұмыс істеп тұрды. Алайда маған коғамдық комиссия келіп ескертпе жасады. Ал балабақша ғимараты стандартқа сай, КСРО кезеңінен келе жатқан 130 балаға арналған үлкен балабақша.  Аула сырланбаған, асхана сәйкес емес деген айып тағылды. Мен бәрін реттеп, сырлап құжаттарды қайта тапсырдым. Бірақ өңбеді. Балабақшаны жубға мәжбүр болдым», – деді кәсіпкер. Облыстық басқарма балабақшаның жағдайы нашар екенін алға тартты.

Екінші мәселе бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тізімін, оның шешімі мен жауапкершілігіне шағымдану процедурасын бекітетін Комиссияның құрамы мен құзыреттілігін қалыптастырудың нақты тәртібін анықтап, оны түгелдей аяқтасын деген ұсыныс берілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер