astana-view

«Атамекен» ҚР ҰКП мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ынтымақтастық Меморандумына қол қойды

2017 жылғы 10 Қараша
4771 просмотров

Кездесу 10 қарашада «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ алаңында өтті. Құжатқа «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов пен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ құқықтық қамтамасыз ету бойынша вице-президент Ардақ Мұқұшов қол қойды

«Бүгінгі кездесудің барлық қатысушыларын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атынан құттықтаймын. Палатаның негізгі мақсаттарының бірі кәсіпкерлік және институциалық климатты жақсарту болып табылады. Биылғы жылдың күзінде «Атамекеннің» жұмыс жасағанына 4 жыл болып, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізген болатын. Кәсіпкерлік қауымдастықты қолдау мен қорғау саласында бірқатар жұмыстар жүргізілді және мұндай бастамалар тек бизнес тарапынан ғана емес, мемлекет тарапынан да қолдау табуда. Рұқсат хат, хабарлама, лицензия сынды құжаттарды тапсыру көлемін 72 пайызға азайтылды»,– деп сөзін бастады «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.

Келер жылға Ұлттық палата қадағалау-бақылау ерекшеліктерін қайта қарап, өзгертулер енгізуді жоспарлап отыр. ҚР Ұлттық экономика минстрлігімен, ҚР Бас прокуратурасымен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бақылау тетіктерінің қазіргі уақыттағы 544 көрсеткіші жыл соңына дейін кәсіпкерлерді қолдау аясында жаңа заң жобасы шыққан уақытта 30 пайызға қысқартылатын болады.

«ҚазМұнайГаз ұлттық экономиканың көшбасшыларының бірі ретінде ынтымақтастық қарым-қатынас орнату бастамасын қолға алып, нәтижесінде бүгінгі күні қол қойылған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Атамекен» ҚР ҰКП арасындағы Меморандум негізінде бірлескен жұмыс жасалады. «ҚазМұнайГаз» ҰК құқықтық саладағы үлкен тәжірибесі Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үшін өте маңызды болмақ», – деді Рустам Жүрсінов.

Меморандум негізінде екі жақ тарапынан тиімді жұмыс жасалып, даулы сұрақтарды балама тәсілмен шешу мәселесін қолға алу жоспарға енгізілді. «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары аталған мәселе негізінде ұйымдастыру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарда екендігін айтты.

«Бизнестің мүддесі мен құқығын қорғауда «Атамекен» ҚР ҰКП алғыс білдіреміз. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы уақытқа дейін жасалған жұмысымен бизнестің даулы мәселелерін шешуде, инвестициялық және іскери климатты жақсартуда, тұрақтылықта және елімізде бизнес жүргізуге тиімді жағдай жасауда жақсы платформа екендігін дәлелдеді», –  деп сөз сөйледі «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ құқықтық қамтамасыз ету бойынша вице-президент Ардақ Мұқұшов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер